06 Қаңтар, 2017

Ақмола 17 спортшысын аттандырады

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
snimokӘлемдік деңгейдегі дүбірлі дода жақындаған сайын ақмолалық спорт­шылардың да жүрек дүрсілі жиілей бастағандай. Әйткенмен, облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары Әсет Бүкібаевты жолықтырғанымызда, жүзінен жанға жайлы жылылық бай­қадық. Сөзінің нықтылығынан болса керек, аса алаңдарлық жағдайды көріп тұрғанымыз жоқ. – Өздеріңіз білесіздер, аламан бәй­геге ең мықтылар жолдама алды, – дейді ол. – Жолдаманың салмағы өте ауыр. Облыстық, республикалық, халықаралық дәрежедегі көптеген жарыстарға қа­тыстық. Универсиада алдындағы тестік додалар айрықша тартысты өтті. Бұл – өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын толайым табыстармен атап өткен Қазақстанның ТМД аумағында тұңғыш рет өткізілгелі отырған Универсиадасы. Намыс пен жігерді қайрар байрақты бәсекеге облысымыздың 17 спортшысы қатысатыны үлкен қуаныш. Біз оларға тек қана табыс тілейміз. Ақмола жұртшылығы Универсиада құрметіндегі спорттық, мәдени-көпшілік шараларды жыл бойы жалғастырды. Қазір ең үлкен оқиға – Универсиада алауын өңірлерде алғаш тұтатуға арналған салтанатқа дайындық қызу жүріп жатыр. Ұйымдастыру алқасы бекіткен кестеге сай Ақмола облысында Универсиада алауын жағу эстафетасы 26 қаңтарда өткізіледі. Ал Алматыдағы Дүниежүзілік Универсиаданың ашылу салтанатында облыс атынан кіші олимпиада ала-уын алып шығу құрметі Көкшетаудағы А.Мырзахметов атындағы университеттің студенті, бокстан әлем чемпионы Дина Жоламанға беріліп отыр. Жалпы, ақмолалық спортшылардан Универсиада бағдарламасындағы шаңғы жарысына Ольга Мандрик, Олжас Климин, Константин Борцов, Валентина Эбель және Валерия Тюленова қатысады деп күтілуде. Биатлоннан еліміздің намысын Анна Кистанова, Алина Райкова, Тимур Хамитгатин, Анастасия Кондратьева және Роман Еремин қорғайды. Осы орайда, Алена Райкованың 2015 жылғы Универсиада кезінде 15 шақырымдық қашықтықта жеке бәсекеде алдына жан салмағанын атап өткіміз келеді. Әлем кубогының кезеңдік жарыстарында да тәуір көр­сеткіштерге жетіп жүр. Сондай-ақ, аталған Универсиадада Қазақстанның аралас эстафеташылар құрамында болып, жүлделі екінші орыннан көрінген Анна Кистанованың да алғы шептен көрінетінінен үміттіміз. Шайбалы хоккейден ақмолалық алты спортшы сынға түспек. Атап айтсақ, Константин Савенков, Антон Петров, Павел Акользин, Антон Бурделев, Виктор Ивашин, Александр Казначеев құрамадағы белді ойыншылар қатарында. Сондай-ақ, Анастасия Сургай керлинг спорты бойынша бақ таластырады. Ақмолалық бапкерлердің болжа­мына қарағанда, жерлестеріміздің Универсиадада топ жарып, жүлдегер атануына толық мүмкіндіктері бар. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан»