Петропавл қалалық мәслихатының ұйымдастыруымен өткен қоғамдық тыңдаудан қарадай түңіліп шықтым. Жердің үстімен барып, астымен қайтқандай күй кештім. Күн тәртібінде көшелерге халқымызға ардақты тұлғалардың есімдерін беру мәселесі қаралып, дауылпаз жырау – Қожаберген жырауға үш-төрт қана үйі бар бір көшесымақ ұсынылғанда не күлерімді, не жыларымды білмедім. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» секілді қазақ басына ауыр нәубет туған зар заманның әнұранына айналған атақты «Елім-ай» әнінің авторы дәл осылай пұшайман халге түседі деу өңім түгіл түсіме де енбеген еді. Жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық жорықта бас сардар дәрежесіне дейін көтерілген тұлғаға орталық көшелердің бірінің бұйырмағаны өкінішті-ақ. Жергілікті атқамінерлердің, билік орындарының осындай самарқау, немкетті көзқарасымен даңқты қолбасының, жаужүрек батырдың келер ұрпақ үшін мақтанышқа айналуы неғайбыл. Сонда олар Отаныңның патриоты болу – Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату деген қарапайым пайымды қаперлеріне алмағаны ма?
Кемеңгер тұлғаның қазақ халқының төрт құбыласын теңестіруге ұмтылған ерен еңбегі ұмытылмақ емес. Егемен ел болып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған тұста Қожаберген жыраудың есімі де ұлықталды. Туған жеріне ескерткіш мүсін қойылды. Мектепке аты берілді. Ел басына ауыр күн туған сәтте қолына найза алып, жауға аттандап шапқан ержүрек оғландарға қандай құрмет көрсетілсе де, артықтық етпейді. Біз қатысқан сол жиында отарлық езгіні көз алдымызға елестететін көшелерді өзгертуге ашық қарсылық танытқандар болмай қалған жоқ. Мұның өзі ұлттық тарихымызды білмейтіндердің, оны зерделеуде тар ұғымнан шыға алмай келе жатқандардың әлі де барын байқатса керек.
Мәселен, мәслихаттың бұрынғы депутаты «шаһар тарихына нұқсан келтіріп жатырсыңдар» деп шала бүлінді. Петропавл қаласының құрметті азаматы осылай десе, өзгелерге не кінә қоярсың? Тіпті, бесіктен белі шыға қоймаған мектеп жасындағы балаларды ертіп келіп, ауыздарына шындықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сөздерді салу еш ақылға сыймайды. Мені жас құрақтай жайқала өсіп келе жатқан, әлі оңы мен солын танып үлгермеген балдырғандардың аңғалдығын өзге мақсатқа пайдалану, айдың-күннің аманында адастыру секілді сайтан ой қатты алаңдатты. Осындайда тарих пәнінің мұғалімдері не оқытып, не тоқытып жүр деген заңды сауал туады. Көпэтносты еліміздің достығы мен ауызбірлігін насихаттап, үлгі-өнеге етудің орнына ауыз өзімдікі деп әркім бұра тарта берсе, шаңырағымыз шайқалмай ма? Елбасымыз «патриотизмді, әсіресе жастардың арасында, біздің балалардың бойында барша қоғамның ортақ күш-қуатымен қалыптастыру керек» деген міндетті текке қоймаса керек. Отаның мен жеріңе деген сүйіспеншілік, оның тарихы мен мәдениетіне деген зор құрмет ұшқан ұядан, ортадан, білім алған шаңырақтан бастау алса керек.
Сонымен, көшесымаққа дауылпаз бабамыздың есімі берілетін болып шешім қабылданды. Сонда қалай, арада 300 жыл өтсе де, халық жадында даңқты қолбасы, дауылпаз жырау ретінде ұмытылмай келе жатқан тұлға құрметке лайықсыз болғаны ма?
Болат САҒЫНДЫҚОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы
ПЕТРОПАВЛ