Еліміздің ауылшаруашылық өндірісі қазіргі кезде шикізат шылауынан өнімді өңдеу және әзір азық-түлік өнімдерін шығару белесіне бет бұрды. Солардың бірі, тіпті бірі емес-ау, бірегейі «Белес» компаниялар тобы десек, қателеспейміз. Осынау үлкен өндіріс ошағы өткен жылды табысты қорытындылап, жаңа жылға жаңа міндеттер белгілеп отыр.
Айталық, аталған уақыт аралығында мұндағы өндірілген ұн және ұн өнімдері жоғары сапалы қасиеттерімен және бәсекеге қабілеттілігімен ерекшеленді. Соның нәтижесінде, бұл өнімдер тек өз отандастарымыздың ғана емес, сонымен бірге таяу және алыс шет елдердегі тұтынушылар арасында да биік бағаға ие болды.
Осындай оң пікірді «Белес» компаниялар тобына қарасты «Теректі май комбинаты» ЖШС-на қатысты да айтуға әбден болады. Аталған кәсіпорынды оның бұрынғы иелері әбден тұралатып, титықтатып тынғаны ешкімге де құпия емес. Осындай сыни кезеңде мұнда жүргізілген қайта жарақтандыру мен жаңғырту жұмыстары, өсімдік майы өндірісін өркендету жөнінде белгіленген тактикалық және стратегиялық шешімдер комбинаттың екінші тынысы ашылуына мүмкіндік туғызды. Ең бастысы, отандық өнім өзінің сапалық қасиеті мен бәсекеге төтеп бере білетіндігі бойынша өзге елдерден жеткізілген өзі тектес өнімдерді ығыстыра бастады. Бұл табыстардың бір сырын жаңаша ойлай білетін, отандық кәсіпорын жетекшісі, «Белес» компаниялар тобының басшысы, мерейлі менеджер Мұрат Жәкібаевтың есімімен байланыстырып жүргендер де бар.
Мысалы, осыдан жыл бұрын қазіргі «Белес» компаниялар тобында небәрі 40 адам жұмыс жасап келіпті, ал қазіргі күні отандық кәсіпорында еңбек ететін жұмысшылардың саны 700-ден асып отыр. Олардың алатын орташа айлық жалақыларының мөлшері де қомақты. Бұл өсу ме, өсу, өрлеу ме, өрлеу әрине. Оның неше есе екенін көзі қарақты оқырман өзі түйсініп отырған шығар.
Бүгінгі әңгімеміздің басты қазығы «Белестің» өткен жылы қол жеткізген жетістіктері екенін ескерсек, осы орайда оқырмандар назарына тағы бірер деректі бере кеткеннің артықшылығы жоқ секілді. Айталық, өткен 2016 жылы белестіктер 32 000 тонна азық-түлік өнімдерін өндірген болса, оның табаны күректей 20 мың тоннасы экспортқа шығарылыпты. Бұл аз табыс па? Аз емес, әрине. Сонымен бірге, «Белестің» салық төлеуші озық отандық кәсіпорын ретінде де бәсі биік тұр. Сөзіміз жалаң болмас үшін бұған да бір дерек келтіре кеткен жөн. Яғни, өткен жылы «Белес» компаниялар тобының бюджет қоржынына, яғни мемлекеттің ортақ қазынасына түсірген салығының мөлшері бір миллиард бес жүз миллион теңгеге жуықтады.
Міне, «Белес» бағындырған белестердің кейбір мысалдары осындай.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы