Универсиада жарыстары спорттың 12 түрі бойынша өтеді. Олардың арасында тау шаңғысы, биатлон, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шайбалы хоккей (ерлер және әйелдер арасында) және кёрлинг ойындары бар.
Универсиаданы өткізуге 127 халықаралық төреші мен 600-ге жуық ұлттық техникалық мамандар қатысады. Жарыстарды өткізуге қатысатын барлық төрешілік алқасын әрбір спорт түрі бойынша ұлттық және халықаралық федерациялар бекітеді.
Жарыстар «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты, «Медеу» мұз айдыны, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон кешені, «Табаған» спорттық ойын-сауық кешені, «Алматы Арена», «Халық Арена» спорт кешендері секілді 8 нысанда өтеді.
Универсиадаға дейін «Сұңқар» ХШТК, «Алатау» ШБК, «Шымбұлақ» ТШК гомологацияның халықаралық сертификаттарын алды. Қалған нысандар сәйкестік сертификатын трассаларды әзірлегеннен кейін және мұзды нысандарда мұз дайындалғаннан кейін алуға тиіс.
Дайындық үдерісін іске асыру үшін үлгілік операциялық жоспарлар әзірленді, онда нысанның барлық операциялары, басқару жүйесі мен барлық қызметтердің жалпылама жұмыс істеуі сипатталған.
Өткен жылдың соңына дейін Универсиада нысандарында 5 тестілік іс-шара өткізілді. Оларды Балуан Шолақ атындағы спорт сарайындағы Қазақстанның шорт-трек чемпионатының II кезеңі, «Халық Аренадағы» ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің шайбалы хоккейден республикалық чемпионаты, «Алматы Аренадағы» Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудан ашық чемпионаты, «Алатау» шаңғы және биатлон стадионында Қазақстан кубогы аясындағы FIS Race пен биатлоннан республика чемпионатын құрайды.
Ұйымдастырушы комитет Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) ережелеріне сәйкес, 2016 жылдың 29 қаңтарында, Универсиаданың басталуына бір жыл қалғанда, ұлттық студенттік спорт федерацияларына жарыстарға қатысуға шақыру қағаздарын жолдады. Қазіргі таңда 56 мемлекет аккредитациядан өтті.
Жарыс күндері «Almaty Towers» бизнес кешенінде Ойындарды басқару орталығы жұмыс істейтін болады. Осы жерде Универсиаданы өткізу барысының тәуліктік онлайн-мониторингі жүзеге асырылады.
Аталған жүйе Халықаралық студенттік спорт федерациясының ұсыныстарына сәйкес әзірленген. Орталық «С4 тұжырымдамасы» (төрт ағылшын сөзінің аббревиатурасы: команда, бақылау, коммуникация және үйлестіру) деп аталатын Универсиаданың заманауи тұжырымдамалық идеясын қолданумен ұйымдастырылады.
«Егемен-ақпарат»