01 Ақпан, 2017

2016 жылы соттарға 51 мың қылмыстық іс түскен

150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
2016 жылы соттарға 51 234 қылмыстық іс келіп түскен, деп xабарлайды ҚазАқпарат. Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулиннің айтуынша, өткен жылы соттарға түскен 16 529 қылмыстық іс тоқтатылып, 18 854 адам жазадан құтылды. «Олардың барлығы зардап шеккен жақпен ымырыға келіп, шығынды толығымен өтеді. Сөйтіп, ақтау үкімдерінің саны 19,2 пайызға артып отыр. Осының өзі сот төрелігін жүзеге асыру барысында адамды қамауға алу шараларының азайып келе жатқанын көрсетсе керек. Жалпы, өткен жылы бас бостандығынан айыру жазасынан гөрі бас бостандығын шектеу шаралары басым болды. Мәселен, 8 500 адам шартты түрде сотталса, 4 636 адамның жазасы жеңілдетілді. Осылайша, түрмеде түскен адамдардың саны жағынан Қазақстан әлемдік рейтингте 62-ші орынға көтерілді», - дейді Раxметулин. Жалпы, былтыр Алқа басшысының айтуынша, өткен жылы соттардың жұмысына қатысты сауалнама жүргізілген болатын. Соның нәтижесі бойынша 16 мың адамның 74 пайызы сот төрелігіне қанағаттанды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының зерттеуі де соған жақын нәтижені (71,3 пайыз) көрсетті.