«Бұлар кімдер? Легионерлер ме?..»
Бақытжан Зиябеков, Шымкенттегі Қысқы спорт түрлері мектебінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы: – Спортшыларымыз Универсиадаға үлкен дайындықпен келді. Финляндияда, Белоруссияда, Ресейде оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Қытай мен Финляндияда өткен Әлем кубогының кезеңдеріне қатысты. Универсиадаға бір апта қалғанда елге оралып, соңғы дайындықтарын пысықтады. Шынымды айтайын, біздің спортшыларымыз аға жаттықтырушы Мұрат Әбутәліпов екеуміздің айтқан болжамымыздан асып түсті. Жолда жатқан батпан құйрық жоқ, бір алтын, бір қола медальдан үмітіміз болған. Алтынды Жанбота аларына сендік, Бағлан кем дегенде қолаға ілінеді деген ой болды. Жібек жарыс қарсаңында аяғының сіңірін созып алғандықтан, қатыса алар ма екен деп қауіптендік. Бірақ, Жібек сенсация жасады. Күміс медаль алды. Жанбота мен Бағлан іріктеу сыны мен финал, суперфиналда қарсыластарынан құрық бойы озып кетті. Елден бір мал әкеліп сойып, құран оқытқанмын. Жарыс кезінде Аллаға мінәжат етіп, тілек тілеп отырдым. Бағлан алғашқы жарысында құлап қалып, қатты қобалжыған еді. Бәрін жинап, толқыныстарын басатындай сөз таптық, жігерлендірдік. Бірақ, сіздің кей ағайындарға өкпеміз бар екенін жасырмаймын. Баспасөз мәслихатында бір журналист: «Біз білген Шымкентте қар жоқ, бұл легионерлерді қайдан әкелдіңіздер?», деп сұрап күйдірді. Журналистің спортты жазып жүріп, спортты білмейтіні таңғалдырды. Соңғы қысқы Олимпиадаға Шымкенттен үш спортшы қатысты. Жанбота Алдабергенова қазақ спортшыларының ішінен алғашқы алтылыққа кірді. Жібек Арапбаева Азия ойындарында күміс медаль алған. Осыны өзіміздің журналистер біліп, осындай сұрақ қоймауы керек еді. Елбасы Оңтүстікте қысқы спорт түрлерін өрістету керек деген. Көреген басшы ұлыстың ұйытқысы оңтүстікте қазақ спортшыларының өсеріне сенді. Енді міне, соның тәтті жемісін жеп жатырмыз. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа рахмет. Бізді қолдауға аудан, қаладан бір топ жанкүйерді жіберді. Облыстың спорт және дене тәрбиесі басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай жарыстың соңына дейін болып, спортшыларымызға қолдау көрсетті. Оңтүстік жампоздарының ерлігі қазақ спорт тарихының жарқын белестері. Біз үшін жарыс бүгінгімен бітпейді. Енді Олимпиада ойындарына дайындықты бастап кетеміз.Жанбота мен Бағлан: «Біз елдің үмітін ақтадық»
Жанботаның анасын ұшыратқанбыз. «Мен көңіл-күйімді айтып жеткізе алмаймын. Жүрегім кеудеме сыймай тұр, ағатай». Түсіндік. Біраз әңгімелестік. Алты перзентінің үшіншісі, тойған қозыдай томпиған Жанботасы Олимпиада ойындарында да, Универсиада да қазақ қыздары ішінен өшпестей із қалдырды. Жанбота жекелей сында да алтынға сынық сүйем жерден сүрінген. Бәрі әдемі еді. Өкшелеп келе жатқан Қытай спортшысынан ондаған ұпай алда болғанымен, соңғы секундта ғана әттеген-ай дегізіп, бір отырып барып түзелді. Жанбота айтады: – Бізді марапаттау үшін мінбеге шақырғанда көзімнің қиығымен Қытай спортшысының мойнындағы алтынға қызығып қарай бердім. Шіркін-ай, менің мойнымда да алтын медаль болса ғой деп армандадым. Құдай ниетімізді қош көріпті. Әу баста маған алтын медаль есептелгенін білемін. Жауапкершілік үлкен. Қатты толқыдым. Бағланға рахмет. Екеуміз Қазақстан қоржынына алтын медаль салғанымызға, елдің үмітін ақтағанымызға қуанамын. Біз, Жібек әпкеміз екеуміз – М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің студенттеріміз. Бағлан Шымкенттегі Академиялық инновациялық университеттің студенті. Біздің жеңісімізге құрбыларымыз қатты қуанды. Елдің және Елбасының сенімін ақтағанымызға біз де қуандық. Бағлан айтады: – Жанбота екеуміздің иығымызға үлкен жүк артылды. Көңілде екіұдай күй болды. Біріншіден, өз елің, өз жеріңде өтіп жатқан Универсиадада жеңіске жетпесең, жанкүйерлеріңнің үмітін ұрлағандай, көңілін жетімсіреткендей боласың. Екіншіден, өз еліңде өтіп жатқан соң толқу басым болады екен. Бірақ біз, Жанбота екеуміз барлық мүмкіндікті қалт жібермей, бәрін таза орындадық. Іштегі қобалжуымызды жеңуге бапкерлеріміз және ағаларымыз көп көмектесті. Бізге үміт артқан еліміздің сенімі көңілімізге демеу болды.Көк тудың желбірегені...
Біздің спортшыларымыз керемет қой. Жібекке әуелі дәрігерлер аяғың сынды деп жарысқа қатысуға рұқсат бермепті. Қайсар қыз қасарысып тұрып алған. Жарысқа бір күн қалғанда қатысуға рұқсат алған. Үлгі алатын даңқты апалары бар біздің қыз осылай ерлік көрсетті. Жанбота мен Бағлан. Марапаттау. Көз алдымызда үш мемлекеттік туды әкеле жатыр. Бір жарым миллиардқа жуық халқы бар Қытайдың алқызыл туы қазақ байрағын ортаға алып келеді. Соны көргенде көзге жас тығылды. Мықты екенсің, Алаш. Бар бол, Қазақ елі!.. Іштей осылай деп сүйсіндік. Бақтияр Тайжан, «Егемен Қазақстан»