13 Қаңтар, 2010

ҚАУІПСІЗДІК ҚАДАМДАРЫ ӨЗАРА СЕНІМГЕ ҚҰРЫЛҒАНДА ТИІМДІ

2521 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 8 тамызындағы ЕҚЫҰ-да төрағалық етуге дайындық барысына арналған отырыста бірқатар мәселелерге назар аударды. Онда Елбасы Қазақстанның Ұйымда төрағалық етуі әлемдік экономикалық дағдарыстың жалғасу, энергетикалық және азық-түлік тапшылығының қауіпті кезеңге жету, жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау режімінің, жалпы адамзат қоғамы болашақ қарым-қатынасы архитектурасының көптеген мәселелер бойынша тұйыққа тіреліп тұрған жағдайына сәйкес келгендігін атап өтті. Олай болса, Ұйымда төрағалық ету барысында қауіпсіздік мәселесі басты басымдықтардың біріне айналатыны анық. ЕҚЫҰ соңғы жылдары қақ­ты­ғыс­тардың алдын алуға және шие­леністі аймақтардағы тұрақтылық­ты сақтауға ден қойып, қауіпсіз­дікті қамтамасыз етуде өзіндік сая­сат ұстанып келеді. Кеңестер Одағы кезінде Ұйым негізінен еуропалық қауіпсіздікті арттыруға күш салды. Екі әскери-саяси блок (НАТО мен Варшава шарты ұйы­мы) бір-біріне қарсы тұрды. Одақ ыдырағаннан кейін соңғысы өз-өзінен тарап, әлемдік сахнада Сол­түстік альянстың рөлі арта түсті. НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюі Ресейге ұнамайды. Әйтсе де сол­түстік көршіміз НАТО-ны қауіп­сіздік саласындағы маңызды әріп­тесі санайды. Өйткені, соңғы кез­дері аймақтық қауіпсіздік мәселе­ле­рінде жеке елдердің реңкі басым бола түсуде. Осы бір әскери-саяси блоктағы АҚШ-тың маңызды рөл атқаратынын ескерсек, Ресейдің қауіпсіздік саласындағы негізгі әріптесі де Құрама Штаттар бола­тыны анық. Мұндай маңызды рөлге ЕҚЫҰ да ие болуға ниетті. Алайда, Ресей тарапының Чешен­стан мәселесінде Ұйым ұстанымы­мен алшақ кетуі оның ықпал ету аясын тарылтып отыр. Ыстамбұл саммитінде Ресейдің чешен же­ріндегі іс-әрекеттері қатты сынға алынса, солтүстік көршіміз Еуро­па­дағы НАТО қауіпсіздікті сақтау­да маңызды рөл атқарады деп танитынын байқатты. Осылайша, қауіпсіздік саласында кейбір қа­рама-қайшылықтар орын алып отырғаны белгілі. Ал еліміз ЕҚЫҰ-да төрағалық етуі бары­сын­да бұл проблеманы үйлестіруде өзіндік рөл атқара алар еді. Прага қаласында өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер ми­нистрлерінің кеңесінде (1992 жыл­ғы қаңтар) Бітімгершілік мис­сия­сын жоспарлау жөніндегі орталық рөлін арттыру шешімі шығарыл­ған-ды. Ондағы мақсат Ұйымға мүше мемлекеттер аумағындағы қақты­ғыстардың алдын алу және дағ­дарыс­тық жағдай туралы ақпа­ратпен қамтамасыз етіп тұру бола­тын. Өкінішке қарай, Ұйымның қақтығыстардың алдын алудағы белсенділігі әлі өз дәрежесінде емес. Біз мұны ЕҚЫҰ-ның Бос­ния мен Герцеговинадағы мис­сия­сынан анық байқай аламыз. Ұйым­ның қызметі тек мұндағы қақтығыстан кейінгі жағдайды реттеумен ғана шектелді. Мұндай ұлттар араздығы мәселесінде әлі көптеген шикілік­тердің барлығы көрінді. Осы орайда еліміз Ұйымда төраға ретінде Қа­зақстан халқы Ассамблеясы сияқты ұлтаралық қарым-қатынасты үй­лестіріп оты­ратын институт тәжірибесін ұсынбақ. ЕҚЫҰ 1998 жылы Косоводағы миссиясын жауып, сербтер мен албандар арасындағы бітімгершілік миссиясын жүргізуді НАТО-ның қа­рамағына табыстауы осы бағыт­тағы жұмыстың әлі де жеткілікті жүргізілмей келе жатқандығын бай­қатса керек. Қазақстан этнос­аралық қақтығыстардың алдын алуда өзіндік тетіктерді ұсына алатын ел ретінде танымал. Егер Қазақстан албандар мен сербтерді, армяндар мен әзірбайжандарды биылғы төрағалығы барысында татуласу қадамына жетелей алып жатса, онда бұл еліміз абыройын асыра­тын үдеріс болатыны ақиқат. Жо­ғарыда айтып өткеніміздей, осы мәселелерде біздің стратегиялық әріптесіміз – Ресейдің ықпалы басым екенін ескерген де артық­тық етпейді. Сондай-ақ, соңғы жылдары Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы ықпалдастық артып келеді. Бұл аймақ кәрі құр­лықты қажетті отын-энерге­ти­калық қорымен ғана емес, жерінің географиялық орналасуымен де қызықтырады. АҚШ, Ресей, Қытай сияқты алпауыт елдер ай­мақ­қа ықпал етуді күшейту үшін барын салуда. Ал Қазақстан ай­мақтағы қауіпсіздік пен тұрақты­лықты қамтамасыз етуде айтар­лық­тай рөл атқарушы ел ретінде танылып үлгерді. Олай болса, еліміз көршілердің проблемаларын халықаралық беделді Ұйым төрінен көтеруге мүмкіндік алып отыр. Бірақ, бұл өте қиын проблемалар болып табылады. Өйткені, эко­ло­гиялық қауіпсіздік, терроризммен күрес және есірткі саудасы аймақ­тағы елдердің барлығына тән күрделіліктер. Бірақ, қалай дегенде де, Ұйымда төрағалық ету бары­сын­да аталған проблемалар назар­дан тыс қалмайтындығына сенім мол. Себебі, аталған проблемалар тек Орталық Азия елдеріне ғана емес, сонымен қатар, Еуропа құр­лығына, тіпті жаһандық деңгейде де қауіпті. Ауғанстан жеріндегі тұ­рақтылықты сақтауда әлі де жағ­дай бір ретке келе қойған жоқ. Әлем жабылып оның “те­р­рорис­терді дайындау ошағына” айналып кетпеуі үшін күресуде. Сонымен қатар, “ауғандық есірткі” деген атауға ие болған есірткі тасыма­лы­на тосқауыл қойылмаса, онда бұл “ақ өлім” Еуропа рыногына бүгінгіден де емін-еркін еніп кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде қаншама тосқауыл қойылғанымен, есірткі саудасы әлі де бәсеңдер емес. Елі­міз Ұйымда төрағалығы барысын­да осы мәселеде де жүйелілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік алады. Қазіргі таңда көптеген елдердің ядролық бағдарламаны жүзеге асыруға деген талпынысы байқа­лып отыр. Бұған Солтүстік Корея мен Иран ядролық бағдарлама­ларын жүзеге асыра бастауын жат­қызуға болады. Ядролық бағдар­ла­маны бейбіт мақсатта дамытамыз дегендеріне қарамай, ядролық қаруы бар елдер мұндай қауіпті қару террористердің қолына тиюі мүмкін деп қауіптенеді. Осы ретте Қазақстан жаппай қырып-жоятын қарудан өз еркімен бас тартқан ел ретінде әлемдік қауымдастық тарапынан тиісті деңгейде бағасын алып келе жатқанын да айта кету ләзім. Со­нымен қатар, Қазақстан жаппай қаруланудың алдын алуға құрыл­ған көптеген халықаралық шара­лардың өтуіне мұрындық болуда. Енді әлемдегі төртінші ядролық арсеналынан бас тартқан, бейбіт саясат ұстанған ел ретінде Қазақ­стан әлемдік беделді Ұйым мін­бе­рінен өз ойын ашық айтып қана қоймай, осы бағытта нақты талап қою құқын да иеленіп отыр. 2010 жылы Ұйымдағы төраға­лық­қа сайлануының астарында осын­дай қадамдарды мойындау­ы жатқан­дығын аңғару да қиын болмаса керек. Түптеп келгенде, Қазақстан Ұйымда төрағалығы барысында оның қауіпсіздік проблемаларын алдыңғы кезекке шығаратыны анық. Еуропа құрлығында Ресей­дің маңызды рөл ойнайтынын ескерсек, онда еліміз солтүстік көр­ші қолдауына сүйене алады. Оның үстіне еліміз көптеген ұйым­дарда белсенді әрекет етіп, жекелеген елдердің сеніміне де ие болып үлгерді. Бұлардың барлығы шешуші факторға айналуы тиіс. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.