13 Қаңтар, 2010

ҚАРСАҢДА

2491 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ертең Венада Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына кірісуіне арналған мәжіліс өткізіледі Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Сау­дабаев Австрияның бірнеше бұ­қа­ралық ақпарат құралдарына сұхбат беруде. “ORF” радиосының тілшісі Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы ке­зін­дегі жоспарлары жөнінде, еліміздің Орталық Азия өңіріндегі жаңа рөлі туралы, Қа­зақстанның Ресеймен, Қытаймен саяси және экономика­лық қарым-қа­ты­нас­тары жайында сұрады. Сейсенбі күнгі нөмірде шық­қан мақаламызда Вена қала­сын­да Қа­зақстан Республи­ка­сы­ның Мемле­кеттік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаевтың Австрия Республикасына сапары бас­талғанын айтқанбыз. Авс­трия­ның біздің тәуелсіздік тарихында өзіндік орны бар. Егемендіктің елең-алаңында, тәуелсіздік қолға енді тиеді деп отырған шақта – 1991 жылдың қазанында ол кездегі одақтас республика Президенті Н.Ә.На­зар­баев Австрияның Феде­рал­дық канцлері Ф.Враницкийді Бай­қо­ңыр ғарыш айлағынан авс­трия­лық ғарышкердің ұшуына бай­ланысты келген сапарында қа­былдаған болатын. Елбасымыз бен канцлердің адамдық тұр­ғы­дағы қарым-қатынастары жылдар бойы жалғасқанынан да хабар­дармыз. Пре­зидентіміз Австрияға 1993, 1999, 2000 және 2004 жыл­дары бар­ғанын да білеміз. Екі ел арасын­да­ғы қарым-қатынастар қай деңгейде болса да жемісті дей аламыз. Өткен жылдың ақ­па­нында Сенат Төра­ға­сы Қасым-Жомарт Тоқаев бас­қарған пар­ламенттік делегацияның ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея­сының қысқы мәжілісіне қатысуы, Елбасымыздың тапсырмасымен дай­ындалған “Еуропаға жол” бағ­дарламасының таныстыры­лы­мы жө­нінде газеттің бірнеше нөміріне репортаждарымыз да шыққан. Ке­ден органдарының мәліметтеріне қарағанда, екі елдің 2009 жылғы қаңтар-қазан аралығындағы сауда айналымы 1,072 млрд. АҚШ дол­ла­рын құ­рап­ты. Қазаннан бергі мә­лі­меттер әлі жинақталмаған сияқ­ты. 2008 жылғы көрсеткіш 1,3 млрд. еуро екен. Тегі, өткен жыл­ғы көрсеткіш 2008-ден кемдеу соғатын сияқты. Қанша дегенмен, дағдарыс қай іске де әсер етпей қоймайды ғой. Негі­зінде бұл істегі үрдіс өте оң екен­дігі анық. Соңғы 15 жыл­дың ішінде сауда айналымының кө­лемі 12 есе өскен, соның ішінде Қа­зақстан импорты 17 есе артып­ты. Біз бұларға мұнай мен мұнай өнімдерін, минералдар мен мине­ралдық шикізат, метал­дар, мақта, радиоактивті шикізат, тоқыма өн­ім­­дерін жеткізіп бе­реміз, бұл жақ­тан бізге тамақ өнер­кәсібінің өнім­дері, ішімдік­тер, темекі, мәшине жабдықтары мен тетіктері, электр техникасы жаб­дықтары апарылады. Авс­трия­ның бар тұтынатын мұ­найы­ның 25 пайызы Қазақстаннан екенін айтсақ та біздің эконо­ми­камыздың тұрақтылығы бұл ел үшін қан­дайлық маңызды екенін көреміз. Кеше түстен кейін Қанат Сау­­дабаев Австрия Респуб­ли­ка­сының Еуропалық және халық­ара­лық істер жөніндегі федерал­дық министрі Михаэль Шпин­де­лег­гермен кездес­ті. Оның алдын­да Инвестиция­лар­ды қолдау және бірлесе қорғау жө­ніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды. Әңгіме барысында екі ел арасындағы сан-салалы бай­ланыс­тар­ды одан әрі ұлғайтудың жол­дары қарастырылды. Қазақ­стан-Австрия қарым-қатынас­тары сын­дарлы үнқатысу мен өзара сенім қағидаттарына не­гізделгені, екі жақ та көкейкесті халықаралық мәсе­ле­лер жөнінде ұқсас ұстанымда бо­лып келе жатқаны разылықпен атап ай­тыл­ды. Бұған дейін Австрия Пар­ламентінде Орталық Азия ел­дері парламенттерінің депутат­та­ры­­мен ынтымақтастық жөніндегі бастамашылық топ бар екен. Біздің еліміздің осы өңірдегі саяси және экономикалық сал­ма­ғын ескере келіп, Парламент­тің Ұлттық ке­­­­­ңе­сінің (бұл осын­дағы жоғары палата саналады) депутаты, Жасылдар партия­сының парламенттік фрак­ция­сы төрағасының орынбасары Карл Оллингер Қазақстан Парла­ментімен ынтымақтастық жөнін­де жеке топ құруды көздеп отыр­ғаны айтылды. Әңгімеде біздің еліміздегі ұлтаралық келісім жай­ына да назар аударылды. Мұнан бір айдай бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы делегациясының Австрияға жұмыс сапары бол­ғанын, онда ұлтаралық келісім мен ел бірлігінің қазақ­стан­дық моделінің таныстырылғанын осы жерде тағы бір есімізге түсіріп қойдық. Еуропада да бір ұлттан тұратын мемлекеттер қалмай ба­рады. Жаһандану желі жаһанды жай­лап тұр. Сондықтан осындағы ел­дердің өзі тілі басқа болса да ті­легі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір жандардың бәрінің басын қо­сып, сүттей ұйытып отырған біздің мемлекетіміздің тәжірибесіне қы­зыға қарауда. Үйренбек ойда. Еу­ропа елдері. Бізден. Қазақтардан. Келгелі Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Сау­дабаев Австрияның бірнеше бұ­қа­ралық ақпарат құралдарына сұхбат беруде. “ORF” радиосының тілшісі Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы ке­зін­дегі жоспарлары жөнінде, еліміздің Орталық Азия өңіріндегі жаңа рөлі туралы, Қа­зақстанның Ресеймен, Қытаймен саяси және экономика­лық қарым-қа­ты­нас­тары жайында сұрады. “Dіe Presse” газетінің тілшісі Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ға төрағалық неге осынша маңызды дегенді айтады, Қазақстан осы арқылы өзінің Батыстағы имиджін жақсартқалы жүрген жоқ па дейді, Қазақстанның төраға ре­тінде ұсынатын тың идеялары бар ма дегенде, біздің еліміздің Ресей ұсынған Еуропадағы қауіпсіздіктің жаңа құрылымына көзқарасын білгісі келеді. “Profіl” журналының тілшісінің сұ­рақ­тары да әріп­тес­терінің сұрақ­та­рының маңайында болып шықты. Оған қоса ол “Еу­роодақ – Ресей” тұрба құбырлары жобасына Қазақ­стан­ның қалай қарайтынын сұрай­ды. Қанат Сауда­баев бұл сұрақтар­дың бәріне де тыңғылықты жауап­тар қайтар­ды. Сыртқы істер ми­нистрлігінің халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Васи­лен­коның ай­туына қарағанда, мұн­дай сұх­баттар тағы да берілетін сы­ңайлы. Бүгін Қанат Сауда­баев­тан Қазақ­стан Республикасының ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілдігінде БАҚ журналистері сұхбат алатынының үстіне атақты “Рейтер” агенттігінің тілшісі эксклюзивті сұхбат беруді сұрап отыр. Бұл күндердегі іс-шаралардың бәрін “қарсаңда” деген сөзбен си­паттауға болар. “Абай жолындағы” бір тарау осылай аталушы еді ғой. Негізгі оқиғалар бүгін, ертең бо­лады. Хофбург сарайында Нұрсұл­тан Назарбаевтың “Қазақстан жолы” кітабының австриялық нұс­қасының тұсаукесері өткізілмек. Сондағы Фест залында Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті ұйымдастырылмақ. Министріміз Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған ұзын саны 200 адамдық шығар­­машылық ұжымдардың, Әлібек Дінішев, Алан Бөрібаев, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы сияқты өнер жұлдыздарының кон­церті тұрмақ, сол концертке дайын­дығын көрудің өзі бір ғажап. Құр­ман­ғазы оркестрі, Астанадағы К.Бай­сейітова атындағы опера және балет теарының симфония­лық оркестрі мен хоры мүшеле­рінің, көптеген жас әншілер мен орындаушылардың осы орасан оқиғаның арқасында Моцарт пен Штраус отанына келгендеріне, му­зыка меккесі атанған ұлы қаланы көргендеріне толқып тебіреніп, сөйлегендерін, осындай елім бар дегенді мақтана айтқан­дарын тыңдаудын өзі бір ғажап. Әйтсе де, мен “Қазақ әуендері” акционерлік қоғамының шақы­руымен сол кон­цертті газет бе­тінде көрсету үшін Венаға арнайы келген әріптесім Әлисұлтан Құланбайдың “бақша­сына” түс­пей-ақ қояйын. Қалай бол­ғанда да дәл қазіргі таңда ерек­ше өрлеу үстінде тұрған қазақ мә­дениетінің майталмандары талғам­паз Вена жұртшылығын, диплома­тиялық корпустың небір ығайлары мен сығайларын өрелі өнерімен қайран қалдырарына күмәндан­бай­мыз. Сауытбек АБДРАХМАНОВ – Венадан.