«...Мемлекет театры бізде Кеңес өкіметінің арқасында дүниеге жаңадан ғана келіп, қазақ елінің ортасында ашылғанына бүгін бір жыл толып отыр. Қазақ театры – жарық дүниеге жаңа келген буыны қатып, бұғанағы өспеген жас бала. Қазақ театрының қолға алған жұмысы үлкен, жүгі ауыр, жолы алыс. Алыс жолға талықпай-жалықпай жету үшін қажымайтын текежаумыт ат керек. Жел өтіп, күнге күймейтін тон керек. Еңбекті егізім деп таныған, ақылын жігерімен жаныған азамат керек! Қазақ театры – ұядан қанат қағып, қалықтап ұшқан балапан. Қанаты талмай қонатұғын күй керек.»
Бұл – қазақ топырағында театр дәнін сепкен, тұңғыш қазақ театрының іргетасын қалаушылардың бірегейі, ұлтымыздан шыққан алғаш кәсіби театр режиссері Жұмат Шаниннің, қазақ театрының 1 жылға толған күнінде айтқан сөздері.
Театр өнерін қазақ сахарасында қалыптастыру оңайға соққан жоқ. Жүрегі «жарқын болашақ» деп соққан қазақ зиялыларының Қазан төңкерісі мен Маркс ілімдеріне табына сенген қоғамда, желкілдей жетілген айдындарымыздың «желкесі үзілгені» бүгінгі күнге дейін орны толмас қасірет. Білім, ғылым, өнер және спорт саласына жан аянбастан білек сыбана кіріскен алдыңғы буын зиялыларды жетелеген – қазақ баласының өркениетті болашағына деген үміт пен сенім болатын.
Қазақ үшін беймәлім өнерді өрге сүйреген Жұмат Шанин кім еді?!
Жұмат Тұрғынбайұлы – қазіргі Павлодар облысындағы Баянауыл ауданындағы Желтау маңында 1892 жылы дүниеге келеді. «Ердің жігіт болуы – нағашыдан» демекші, нағашысы Алтыбай ән салып, домбыра тартқан. Бала күнінен ән шырқалып, күй ойналған жерден қалмастан, талмай тамашалайтын Жұматтың ең сүйікті орны – Қоянды жәрмеңкесі болады. Қоянды жәрмеңкесі – қазақ сахарасының «дала театры» екені, тарихтан белгілі.
1913 жылы Омбы қаласына келіп, заводта қара жұмысшы болып істеп жүріп, өзгеріске талпынысы басым Жұматтың қазақтың алдыңғы қатарлы прогрессшіл азаматтары С.Сейфуллин, Н.Нұрмақовпен танысуы – жаңа өмірге деген құлшынысын оятады. Тылсым әлемге тартылыс жас жігіттің мазасын алады. Омбыда жүріп, тұңғыш қалалық театр сахнасынан спектакль көргенде, іздеген әлемін тапқандай, алғаш театр өнеріне деген сезім ұшқыны болашақ театр қайраткерінің кеудесінде оянады.
Театрға деген тартылыс күші Жұматты 20-шы жылдары Семей қаласында «Ес-аймақ» труппасына жетелеп келеді. Алғаш режиссерлік жолы осы «Ес-аймақ» труппасынан бастау алған Жұмат Шанин, бүгінде «қазақ драматургиясының қарлығаштары» қатарына енген «Арқалық батыр» тарихи драмасын 1922 жылы халық жыры негізінде жазып, шығармашылыққа қалам тартты.
«1926-27 жылғы театр маусымы ашылды. Тап осы кезде Жұмат Шанин театрға әрі директор, әрі көркемдік жағын басқарушы болып келді. Әйелі Жанбике жеңгей, баласы Раупбек және кішкентай немересі Қасымхан еді. Өзі режиссер, драматург, домбыра тартады. Скрипкада ойнайды, нота таниды, білімді және мерген, сері мінезді сал жігіт. Бір адамға өнер бітсе, осындай-ақ бітер. Жұматтың жібектей мінезі, адам танығыштығы, бауырына тартып баулуы, көркемөнерді сүюі, өнерпазды құрметтеуі, барлығы өз басынан табылады. Жұмекеңде К.С.Станиславскийдің реформаторлығы барлығы сезіледі. Жас көркемөнерімізге осындай адамның келуі үлкен абырой болды. Жұмекең келісімен бірнеше пьеса қойып жіберді. Солардың ішінде өзінің «Арқалық батыр» атты он перделі, екі сериялы пьесасы бар. Бұл пьеса екі күн ойналады. Адамдары өте көп. Артистер жетпейді. Ең аз ойнағаны екі роль, болмаса 4-5 рольден ойнайтын. Мысалы мен Жұбай, Юн-сун деген екі басты рольде, Сәрсек деген бір шал болып және Жақсылық деген Арқалықтың досын ойнадым...» деп жазды – қазақтың театр туын тігушілердің бірі, әйгілі сахнагер Құрманбек Жандарбеков.
Театрдың «ұлттық дәстүрден алшақтамауының маңыздылығына» Ж.Шанин дер кезінде мән беріп, қырағылық таныта білді. Сол жолда күресті.
«Кезеңдік» әдебиетке ұрынбай, дәстүрлік шынайы дүниелерге талпынып, ұлт намысына қайралған туындыларды сахналауға ұмтылды.
«...Жаныма бататыны – қайда барсақ та, жергілікті театрлардың басшысы да, қосшысы да уәделескендей, бір ауыздан шама келмейтін жалақы сұрайды. Жолдан шаршап барғанымызды жинап қойып, сахнаны түзетіп кешкі ойынның жасауына кірісіп кетеміз. Енді ойнайтын кезде «жарық жанбайды», не «машина бұзылып қалды» деген хабар жетеді. Немесе, «бәлен ақша берсең, жарық болады» деген хабар жетеді. «Қанша алсаң да жарық берші?!» деп жалынсаң, лып еткізіп жаға қояды. Жолшыбай шойын жолдан көрген бейнет жүрекке тигендігі сонша, губаткомнан жол-арба сұрайтын болдық. Бұл қалай болғаны?! Азаттыққа қол жеткізген тап өкілдерінің өзі, жаңадан аяққа тұрғалы жатқан театрға бұндай көзқараста болса, ертеңгі күніміз не болмақ?» деген жан мен рух күйзелісін ұрпақ ұмытпақ емес. Қасындағы сенімді өнер жолындағы серіктері Қ.Жандарбеков, Қ.Бадыров, С.Қожамқұлов, И.Байзақов, Ә.Қашаубаев сынды ұлт айдындары Ж.Шаниннің «ұшса – қанаты, қонса – құйрығы» болып, қиналғанда демеу бола білді.
Қазақ даласында театр дәні егілу үшін Жұматтай «санқырлы өнерлі жанның» болғанын уақыт қалаған болар?! Бүгінде 56 кәсіби мемлекеттік театры бар еліміздің сахнасында биік деңгейдегі дүниелер көрерменіне ұсынылып жатқанда, аға буынның «соқтықпалы-соқпақсыз» жолдардан қажымай өткеніне дән разы болып, еске аламыз.
Биыл біртуар өнер қайраткері, халық әртісі, режиссер, драматург, Ақмешіт қаласында ашылған кәсіби театрдың тұңғыш іргетасын қалаушылардың бірі –Жұмат Шаниннің 125 жасқа толған тойын Түрксой ұйымы Түркі дүниесі деңгейінде атап өткелі отыр.
Зұлмат саясаттың құрбаны болған Ж.Шаниннің есімі қазақ ұлттық театр әлемінде мәңгілікке мәртебеленді. Есімі ел есінен ешқашан ұмытылмайтыны болашаққа аманат болып, жалғасын таба бермек.
Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі