Қарағандылықтар Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауын облыс әкімінің активінде талқылады.
Өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков бірінші кезекте Жолдау міндеттерін орындауда Қарағанды облысының рөлі мен әлеуетіне тоқталды. Сондай-ақ, ол Қазақстанның Үшінші жаңғыруына көмірлі аймақ бірқатар жетістіктерімен келгенін атап өтті.
Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, жыл қорытындысы бойынша аймақтық жалпы өнімнің артуы 1,3% деңгейінде. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім шығару көлемі жыл қорытындысы бойынша 108,6% деңгейінде қамтамасыз етілген. Шағын және орта бизнес шаруашылық субъектілерінің саны 7%-ға артып отыр. Негізгі капиталға 315,4 млрд теңге инвестиция салынып, 2 809 пәтер пайдалануға берілген. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% құраған. 2016 жылы Индустрияландыру картасының жалпы құны 100 млрд теңгені құрайтын 10 жобасы іске асырылған. Мыңға жуық жұмыс орны ашылған.
ҚарМТУ ректоры, техника ғылымдарының докторы Марат Ибатов ғалымдар қауымдастығы Мемлекет басшысы ұсынған Қазақстан экономикасын жаңғыртудың үдемелі технологиясын толық қолдайтынын және индустрияны дамытуға ғылымның инновациялық үлесін арттыруға, қажетті мамандарды дайындау бойынша міндеттемені сапалы орындауға ерекше жауапкершілік сезініп отырғанын айтты.
Жиналыста Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, білім беру саласының меценаты, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Жезқазған қаласындағы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Нұрқазған кен байыту фабрикасының директоры Мұрат Бөрібаев, «Гиппократ» ЖШС директоры Надежда Хохлова, «Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту қоры» корпоративті қорының директоры міндетін атқарушы Сайран Сыздықов және Шет ауданы «Ақатан» ШҚ басшысы Біржан Иманов сөз алды. Мәселен, Біржан Иманов өз кезегінде бұл Жолдау ауыл еңбеккерлеріне үлкен рух бергенін, мемлекет қолдауының арқасында өз шаруашылығына Ресейден 200 бас ірі қара сатып алынғанын, ауданда 28 үй шаруашылығы бірігіп, «Алға» кооперативін құрғанын, ауыл шаруашылығындағы субсидияларды бөлу жағдайларын қайта қарау, несиелік жеңілдіктер, өзге де маңызды шаралар шын мәнінде өз тиімділігін көрсетіп отырғанын жеткізді.
Кездесуді қорытындылаған Н.Әбдібеков облыстың әрбір тұрғынына осы құжаттың мәнін түсіндіру керектігін, мұнда еліміздің алдағы уақыттағы әрі қарайғы іс-әрекетінің барлық бағдарламасы көрсетілгенін, осы орайда қарағандылықтар да Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттерді сәтті орындау үшін бар күшін салатынына сенім білдіретінін айтты.
Сондай-ақ, облыс басшысы жаңа нарыққа шығу, сапасы жоғары өнімдер өндіру, оның ішінде, көмірді терең өңдеу бойынша технологиялар мен көмір химиясы өндірістерін құру қажеттігіне назар аударды. Жиын соңында Н.Әбдібеков басқармаларға, қалалар мен аудандар әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ