06 Ақпан, 2017

Қайсарлық қағидасы

704 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Алаш арыстарының бірі Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэма­сын­дағы Баян бейнесі көпшілікке әдеби нұсқада жақсы таныс. 1993 жылы Сламбек Тәуекелдің режиссерлігімен «Батыр Баян» фильмі түсіріліп, Баян бейнесі көрерменге жол тартты. Күні бүгінге дейін ерлікті дәріптейтін, халықтың өткен кезеңін шежірелейтін кинотуынды ұлттың рухани мінберінен түскен жоқ. Ал Баян рөлін сомдаған Жұмахан Әбдіқадыровтың актерлік шеберлігі фильмнің өне бойында айқын көрінді. Дегенмен, халық жүрегінен орын алған өнер адамы, қазақтың «Батыр Баяны» бұл күнде қайда деген сұрақтың әркімнің көкейінде жүргені мәлім. Тау тұлғалы, толағай бейнелі актердің жана­рындағы жасын, беймәлім мұң көптің көзінен, жұрттың назарынан алыстап кеткендей. Атақты Асқар Тоқпановтың шәкірті Жұмахан Әбдіқадыров «Батыр Баян» фильмі арқылы өзінің актерлік мектебін қалып­­тастырды. Алдында Дәмір Ма­набайдың «Сұрапыл Сұр­же­кей» фильмінде Әзбергеннің рөлін ойнап, атақты актер Нұр­мұхан Жантөринмен қатар өнер көрсеткеніне халық куә. Одан кейін «Батыр Баян» филь­м­і арқылы жұлдызы жанып, та­ланты жарқырады. Жұмахан Әбдіқадыров бұл күнде Тараз шаһарында тұрады. Тағдыры тар жол, тайғақ кешуге толы өнер иесі осыдан жиырма екі жыл бұрын жол апатына ұшыраған болатын. Содан бірте-бірте қозғалысы қиындай бастаған соң актердің өзі еңбек етіп жүрген облыстық театрмен 2009 жылы қош айтысуына тура келген. Алайда жаны мен жүрегі өнер деп соққан батыр Баян әрдайым өнердегі адалдықты қалайтынын, өнерге қиянат жасауға қорқатынын айтады. Кезінде Тараздағы «Қайқармет» базарындағы автотұрақтың қа­рауылы болып та жұмыс істе­ген қазақтың «батыр Баяны» қазір елеусіздеу күн кешіп жатыр. Бірақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы ізде­тіп, кездескені өміріндегі үлкен маңызды кезең болғаны анық. – Дерт жаныма батып жүрген шақ еді. Енді үшінші отаны жасатайын десем, біраз қаражат керек болды. Содан 2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы облысымызға арнайы іссапармен келген кезінде менің жағдайымды естіп, іздетіпті. Кездескен кезімізде де ол кісі мені «Қазақтың Батыр Баяны» деп мәртебемді көтерді. Содан кейін «Ештеңеден қорықпа, сенің артыңда халқың тұр» деп жігерлендірді. Кейін Елбасының қолдауымен Германия мем­лекетінің Киль қаласына барып, үшінші отаны жасатып қайттық. Сондықтан, Елбасына айтар алғы­сым шексіз, – дейді бізбен әңгімесінде. Қазақтың қайсар мінезді ұлы өзінің дара болмысын өмірде де, өнерде де көрсетіп жүрген жан. Фильмдегі туған інісі Ноян мен қалмақ қызы Лағданы өлімге қиып жіберетін тұсындағы Баян болмысы көптің көңілінде ерекше сақталып қалды. – Әлі күнге дейін белгілі ре­жиссерлер киноға түсуге, спек­­­такльде ойнауға шақырып тұ­рады, – дейді Жұмахан Әбді­қадыров бізбен әңгімесінде. – Әрине, бұл оңай шаруа емес. Денсаулығым оған мүм­кіндік бере ме, жоқ па, ол жағы да белгісіз. Дегенмен де жаным сүйетін өнерге деген құлшыныс басым. Қазақ киносында тағдыр мен өнерді адами таразысында тең ұстап, денсаулық жағ­дайы мүмкіндік бермесе де сүйік­ті ісін тастамаған қайсар актер­лер болған. Белгілі қазақ актері Кененбай Қожабековтің «Қасқырдың апаны» фильмінде қоларбада отырған күйі басты рөлдердің бірін керемет ойнап шыққанын киносүйер қауым өте жақсы біледі. Ендеше, Жұмахан Әбдіқадыровтың да кино алаңы мен киелі сахна төріне оралуына мүмкіндігі бар. 2014 жылы облыс әкімдігі батыр Баянның туғанына 300 және фильмнің шыққанына 20 жыл толуына орай, Жұмахан Әбдіқадыровтың «Батыр Баян – байрағым» атты шығармашылық кешін өткізіп берген болатын. Жары Гүлшат Қыпшақова да бұл күнде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актриса. Өнерді өмірім деп ұққан Жұмахан Әбдіқадыровтың есімі әрдайым елге елеулі. Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы