Солтүстік Қазақстан жағдайында экономикалық басымдықтағы туризм қысқы туризмге қатысты инфрақұрылымды тиімді дамыту арқылы қанат жаятыны мәлім. Бұл бағытта Ақмола облысында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда және оның әлеуетін арттыруда игерілуін күткен мәселелер де жоқ емес.
Осы орайда Щучье-Бурабай курортты аймағында жыл бойы қызмет көрсететін «Оқжетпес», «Алмаз», «Зеленый бор», «Щучинск», С.Сейфуллин атындағы шипажай, «Rixos Borovoe», «Парк Хаус Көкшетау», «Террасса Парк», «Самал» отельдері және басқа да демалыс орындары тартымдылығымен танылғанын атап өткен жөн. Қысқы маусымда мұнда көрсетілетін қызметтің ауқымы кеңейе түсетіні құптарлық. Әсіресе, медициналық туризмнің сабақтастығы тартымдылыққа ие. Біз облыстық туризм басқармасы ұйымдастырған пресс-турлар барысында емдеу-сауықтыру орындарының барлығында дерлік тыныс алу және жүрек-қан тамырлары, буын ауруларын емдеу тиімділігі артқандығын байқадық. Тәжірибелі мамандар физиотерапия, минералды сулар мен балшық, ине және герудотерапияның тиімділігін арттырған. Кеселді дәл анықтау, ем-дом белгілеуде заманауи медициналық құрал-жабдықтар пайдаланылады.
Туристік нысандарда белсенді демалыс айрықша назарда ұсталады. Мәселен, «Ақ желкен» пансионатында тау және жүгіру шаңғылары жалға беріліп, 300 метрлік аспалы жол жұмыс істеп тұр. Ал «Нұртаудағы» аспалы жолдың ұзындығы 640 метрге жетеді. Тынығушыларға қонақ үйлер, дәмхана, монша қызмет етеді. Кәсіби спортпен айналысушыларға ЦСКА шаңғы базасы қолайлы мүмкіндіктер жасап отыр. Осы ретте, қысқы туризмнің барлық түрлері қамтылатын республикалық шаңғы базасы салынып жатқандығын да айта кеткіміз келеді. Кешен халықаралық стандартқа сай ұшпа шаңғы жолын, биатлон алаңдарын біріктірсе, 184 орындық қонақ үй, 100 орындық дәмхана, хауыз, медициналық оңалту орталығы, төрешілер павильоны, командалар бөлмелері, көрермендер трибунасы пайдалануға толық дайындалған.
«Бурабай» арнайы экономикалық аймағында қысқы туризмді дамытудың озық үлгілері бой көтеруде. Ел Президентінің бастамасымен «Қазақстан Лапландиясы» ойын-сауық кешені, республикамыздағы тұңғыш Вейк-парк табысты жұмыс істеп тұр. Бізге берілген мәлімет бойынша, «Қазақстан Лапландиясы» жыл сайын 50 мың туристке қызмет көрсетеді екен.
Аймақтық туризмді дамыту және Бурабайдың жүктемесін азайту шаралары да жоспарлы жүргізілуде. Зеренді демалыс аймағында «ҚазМұнайГаз-сервис» серіктестігінің «Сұңқар» сауықтыру кешені тынығушылардың думанды ордасына айналды. Осы аудандағы «Елікті Park» тау шаңғысы базасы жаз айларында кең көлемді қайта құру жұмыстарын жүргізді. Қазір бес қабатты 100 орындық қонақ үйдің пайдалануға берілуі қонақтар легін көбейтіп отыр. Мұнда ересектерге арналған аспалы жол мен балалардың «Беби лифті» де орнатылған. Сондай-ақ, Зерендідегі республикалық «Әуесқой шаңғы спорты одағы» демалыс аймағының мүмкіндіктері де кеңейтілді. Мұндағы 500 метрлік шаңғы жолы түнгі жарықпен қамтамасыз етілген. Спортшылар мен туристерге жайлы жатын орындар мен ұлттық сипаттағы моншалардың, ұсынымы мол жалға беру орнының қызметі көңілден шығатыны айтылуда. Шаңғы стадионында дәстүрлі халықаралық Зеренді шаңғы марафоны өткізіліп тұрады.
Өлкенің табиғаты тамылжыған Ақкөл қаласында жеке кәсіпкер К.Батпенов «SharZhum» туристік қызмет орталығын ашып отыр. Мұнда шаңғы базасы, 40 орындық қонақ үй, 100 орындық мейрамхана, фитнес-зал жұмыс істейді. Жыл бойы қызмет көрсететін орталықтың уақыт талабына сай жабдықталғанын атап өтуге болады.
Сандықтау ауданындағы шаңғы-роллерлік базасы тынығушылардың сүйікті орнына айналған. Мұнда түрлі спорттық, туристік шаралармен қатар әлем чемпионы Иван Гараниннің қатысуымен ардагер шаңғышылардың дәстүрлі республикалық марафоны өткізіліп тұрады. Сонымен бірге, Қорғалжын көлдерінде жыл сайын әуесқой балықшылар фестивалінің туы көтерілетіні де ғанибет.
«Біз қысқы туризмнің тартымдылығын арттыру, инвестиция тарту мақсатында жыл сайын туристік форумдар, көрмелер ұйымдастырамыз», дейді бізбен әңгімесінде облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов.
Бұл шараларға түрлі деңгейдегі туристік операторлар, менеджерлер, ұлттық парк, шипажайлар, балалардың сауықтыру орталықтарының, оқу орындарының өкілдері қатысады. Үстіміздегі жылдың өзінде «Қысқы демалыстың үздік нысаны», «Қысқы демалыстың үздік туры», «Қысқы туризмнің үздік ұйымдастырушысы», «Үздік ақпараттық-жарнама агенттігі» аталымдары бойынша елуден астам меморандумға қол қойылды. Бүгінгі жұмыстың жүйелі жүргізіліп жатқанын осы бағыттағы қызметпен байланыстыруға да болады. Соған қарамастан, пайдаланылмай жатқан резервтер баршылық. Қысқы туризм нысандарының саны әлі де аз, қызмет түрлерін кеңейтіп, сапасын жақсарту қажет.
Шынарбек Бүркітбайұлы мұның себебін туризм нысандарының қысқы маусымда жабық тұратынымен немесе қонақ үй түрінде ғана қызмет ететінімен байланыстырады. Өйткені, жылу, жарық, сумен қамтамасыз ету, тағы басқа шығындар өзін ақтамайды. Аталған жүйенің толық жүктемемен жұмыс істеуі үшін жылу-электр қуатының жеңілдік тарифтерін қарастыру, несиелеу бағытындағы ықпалдастық, туристік нысандардың кірме жолдарын тәртіпке келтіру қажеттігі өзекті болып тұр.
Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы