07 Ақпан, 2017

Әлемдік сахнаны қалай бағындыра аламыз?

313 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Күнделікті әдетімізше, интернетті аударып-төңкеріп отырып, бір сайтқа кіріп кетіппіз. Сегіз тілде ақпарат беретін әлгі сайт құр тұрған жоқ. Әлемдік деңгейдегі үлкен сахналарда өтетін кон­церттердің билетін сатумен айналысады екен. Түрлі-түр­лі түймені басу арқылы сіз қаланы, кештің өтетін орнын, музыканың жанрын, композиторды, әншіні таңдай аласыз. Сайттың бетінде де ақпараттар тұр. Алдағы наурыз айындағы концерттердің жарнамасы. Атақ­тары жер жарған әншілер мен музыканттардың қай қалада, қай күні, қай сағатта концерт беретіні жөніндегі мәліметтер санаңды сиқырлап, сол мезетте-ақ бір билетті сатып алып тартып кетуге шақ қалдырады. Нью-Йорктегі Карнеги-Холл концерттік залы 1891 жы­лы Нью-Йорк симфониялық оркестрінің ІІІ Александрдың тәж кигізу құрметіне арнап жазылған маршты орындауымен ашылған екен. Оған атақты Чайковскийіңіздің өзі дири­жерлық жасапты. Міне, содан бері концерттік зал бір уақыт тыным көрмеген шығар. Мемлекеттік деңгейдегі шаралардан бөлек, жеке әншілердің, бишілердің, музыканттардың, барлық өнер адамдарының концерттері алдын ала алты ай бұрын жоспарланып, қатталып-шотталып, билеттері сатылып, әлгі өнерпазға белгіленген уа­қы­­тында өнерін көрсету ғана қалады ғой соңында. Ал енді осы сахнаға кім шықпады дейсіз ғой. «Менмін» деген өнерпаздың көбі шыққан шығар. Біздің еліміздің де талантты өнер иелері бұл залда өнер көрсетіп жүр. Бірақ, көпшілігі мемлекеттік түрлі шаралардың аясында ғана. Жеке концерт емес. Былтырлары бір газеттен «Карнеги-Холлда жеке концерт берген еліміздегі жалғыз әнші» деп опера әншісі Нұржамал Үсен­баева туралы жазылған мақаланы көзіміз шалған. Сол Карнеги-Холл сияқты әлемдік деңгейдегі концерт залдары да, театрлар да көп қой Жер шарында. Бірақ, жеке концерттерін өткізіп жүрген отандық өнер­паздарымыз саусақпен санарлық қана. Олардың өзі көбінде скрипка, рояльмен өнер көрсететіндер немесе опера орындайтындар. АҚШ-та тұратын атақты пианист жерлесіміз Теміржан Ержановтың былтыр дәстүрлі әнші әрі дәстүрлі өнерді зерт­теуші Еркін Шүкіманға жолыққанда айтқан бір әңгімесі отандық өнер иелеріне ой салуы тиіс деген ниеттеміз. Т.Ержановтың айтуынша, АҚШ-тағы әлгі атақты концерттік залдар айына не аптасына бір-екі концерт өткізіп тастап, қалған уақытта бос тұратын жерлер емес. Ол залдарда күн сайын концерт өтіп жатады. Біреу емес бірнешеу болуы мүмкін. Барлық концерттер алты ай бұрын жоспарланады. Пианист Жер шарындағы барлық әншілер мен музыканттар өнер көрсетіп жатқан әлгі залдарда қазақстандық өнер иелерінің жеке концерт өткізбейтініне қынжылады екен. КСРО бұрын жабық империя болды десек, сол КСРО-ның құрамында болған елдердің де әншілері сахна төрінде жарқырап жүр. Тек опера айтпайды. Өздерінің дәстүрлі ән, дәстүрлі музыкасымен де көрінеді. Тек Қазақстан жоқ. Мұны Еркін Шүкіман ағамыз дәстүрлі өнер иелерінің ағылшын тілін білмеуімен байланыстырады. – Осы әңгіменің алдында өзім сабақ беретін консерваторияның проректоры Раушан Жұма­ния­­зо­ваның қабылдауына кір­­­генмін. Проректор менен «ағыл­шын тілін білесіз бе?» деп сұрады. «Жоқ», деп жауап бердім. Ол кісі ағылшын тілін білмейтініме өкініш білдірді. Елімізде ұйымдастырылатын шетелдік музыка фестивальдері, концерттері, сол сияқты сим­позиумдері барысында Халық музыкасы факультетінен қатыс­тыру үшін ағылшын тілін білетін адамдардың жоққа тән екенін әңгімеледі. Ағылшын тілін білмеуіміз дәстүрлі музы­камыздың дүние жүзіне танылуына кедергі келтіруде. Біздің дәстүрлі әніміз тек өз ішімізде ғана орындалады, – дейді дәстүрлі әнші. Айтайын дегенім, дәстүрлі ән өнеріміз классикалық ба­ғытта дамып, әрбір жақсы ән­шінің орындауында әндердің кемел, келісті, көркем дүниеге айналған тұсында оны шет елдерге әлі де таныта алмай жатқанымыз қынжылтады. Айналып келгенде әңгіме әлгі сайттан басталды ғой. Сайт дегеніңіз – жарнама. Біз­де шет ел классикасының да, өзіміздің классикалық туындылардың да жарнамасы әлсіздеу екені, менеджмент қалыптаспағаны шындық қой. Оған ағылшын тілін білмеу мәселесі қосылғанда бұл жағдай өнердің басы-қасында жүрген жандарды ойлантуы тиіс шығар. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»