07 Ақпан, 2017

Баян Есентаева KeshYOU тобының жаңа құрамын таныстырды

822 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Белгілі продюсер Баян Есентаева КешYOU тобының жаңа құрамын таныстырды. Бұл туралы tengrinews.kz хабарлады. Оның айтуынша, топтың бұрынғы құрамынан тек Балжан Бидаш қана қалған. Оған «Лашын» тобының бұрынғы мүшелері Сара Амангелді мен Элизат Берікова қосылды, сондай-ақ, қазақ эстрадасына жаңадан келген Назым Әбілдина да бар. «Біз топтың концепциясын толығымен өзгерттік. Менің ойымша 10 жыл ішінде КешYOU тобында вокалы мен хореографиясы жоғары деңгейдегі ұзын бойлы үш қыздың өнер көрсетуі жұртты жалықтырып жіберген сияқты. Енді трио емес квартет құру туралы шешім қабылдадық. Осыған сай бағытымызды да өзгертуіміз мүмкін. Ал бұрынғы КешYOU тобының музыкалық репертуары жағынан ешнәрсе қалмайды. Дегенмен, бұрынғы хит әндерді қайтадан орындайтын боламыз, ал жаңа шығармашылығымыз мүлдем басқа бағытта болады», – деді Есентаева. Ол сондай-ақ, алдағы уақытта топтың дайындап жатқан екі әнінің біріне клип түсірілетінін атап өтті. «Қатарымызға кастинг арқылы Назым Әбілдина қосылды. Негізі одан да жақсы әншілер қатысқан. Алайда, Назымның жан-дүниесі мүлдем бөлек. Жымиып күлгенінің өзі-ақ кез келген жанды еріксіз баурап алады. Таңдау кезінде оның осы бір қасиетіне ерекше тоқталдым. Оның үстіне бала күнінен сахнада ән айтып келген екен», – деді продюсер. Ал топтың бұрынғы әншісі Жұлдыз Өмірғали продюсерінің үмітін ақтамаған көрінеді. «Қыздарымның өзім күткен нәтижеден асып түскенін қалаймын. Бірақ бірге жүрген екі жыл ішінде Жұлдыз оны орындай алмады. Дегенмен, продюсерлік орталықта жұмысын жалғастыра береді. Адами тұрғыдан алып қарайтын болсақ, өте сыпайы жан», – деді Баян Есентаева.