«Құлан» бағдарламасы – қыл құйрықтыны көбейтуге қолайлы
«Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын «Құлан» бағдарламасы бойынша Қарағанды облысы көлемінде 2015 жылы 3369 бас, 2016 жылы 3114 бас асыл тұқымды жылқы сатып алынған. Тек қана төрт мыңнан аса шаруашылықтың ішіндегі 10-ы асыл тұқымды жылқыларды сұрыптап, ата кәсібімізді абыройлы жалғастырып отыр. Шет ауданын ен жайлаған ең ірі «Шолақ еспе» шаруашылығынан бастап, Қарқаралы, Жаңаарқа, Бұқар жырау, Нұра аудандарындағы асыл тұқымды құндыз жал, қыл құйрық, текті жануар біршама өсіп қалыпты. Бұдан да биік көрсеткішке жетуге бола ма? Болады. Оған адам факторының аздығы қолбайлау болып отыр-мыс. Бұрынғыдай қоста қона жатып жылқы бағатын адам аз. Бақса, автомобиль, мотоциклмен бағады. Шаруалардың айтыстарына қарағанда, тарпаңдарды ортақ таңбалау, чип тағу, сырғалау қиямет. Оның бер жағында жерге ие қожайындар қоқаңдамай тұра ма? Әр шаршы метр алқаптың қазір қожайыны бар. Біреудің шабындығына, біреудің егініне түсіп кеткен жылқының жағдайы ауыл адамдарына белгілі. Одан қалды, ысқырса – желдікі, айдаса – жаудыкі. Түз тағысы қасқырдың өз «несібесі» және бар. Осыдан келіп, ата кәсібіміз тамырынан ажырап, кешегі көлікке қос артып, жерұйық жуас айғырға жайдақ қос жегіп жылқы баққан қазақты кездестіре алмайсыз...Қара қоста қасиет бар...
Бұл ретте Арқадағы жылқы жайына қанық Шет ауданы, Тағылы ауылдық округі, Жұмыскер ауылының тұрғыны, сегіз қырлы, бір сырлы жан – Балтабай Иген ағамыздың әңгімесі тұздық. Асыл тұқымды деп қалдық қой. Айтылмақ мәселенің Арқаға қатысы айрықша тұстарын атап кетейік. Балтекеңнің айтқанына сүйенсек, Қызылтау, Ортауда мыңғырған Мұқалжар тұқымы – қаншама жылдар бойына сұрыпталып келген асыл тұқымды жылқының ерекше түрі. Қазіргі Қостанай жылқы зауытының директоры Нәбидолла Кикебаев, ол уақытта зооветті бітірген жас маман, Кәрім Мыңбаев ауылынан басталған озық тәжірибені одан әрі жандандырып, жанында бас жылқышы Балтекең бар, бірнеше институттар жұмыс істеп, табынды екіге бөлдіріп бақтырыпты. Ондағы себеп, кілең баран, яғни торы, қара, құла, күрең түсті жылқы – тірідей 570 келі, сойғанда таза 400 келі ет береді екен. Сәйкесінше, ала, қара көк түсті жылқылар ондай салмақ бермейтін болып тұр ғой. Небәрі үш жылдың ішінде діттеген мақсатқа жетіп, «Сарыарқа жылқысының тұқымы» деп атаған асыл тұқымды жылқылар жемісін бере бастапты. Өкінішке қарай, 1994 жылы ұжым тарап, талан-таражға түскен шаруашылықтың жұрнағы зорға қалған.... Ең негізгі мәселе – жылқының қоста бағылмай отырғандығында. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазір мотоциклмен бағылған жылқы қуғын көріп жатыр. Қазақтың «атыңның майын мінейін» дейтіні – ішкен-жегені термен кетіп, қанжілік болған жануарлардың жүдеуі. Тіпті, қазақ жылқыны қуып айдағанды жаман ырымға балап отырар еді ғой? Жау шапқандай айдап не көрінді дейтін-ді қарттар... Қыр қазағы, жылқышы әрі жұлдызшы, саятшы һәм қорықшы Балтабай Иген ағамыз «Қылқұйрықтың қадірін бір білсек, біз білерміз. Жылқы бағу әкем Игеннің ата кәсібі еді. Өзім де жасымнан жылқы ұстадым. Аң қағып, бәйгеге тұлпар қостым. Сонда түйген әңгіме көп. Бірі – жылқышының қара қосы. Қосты он тоғыз уықпен, әр уықтың қаламын кішкене шаңыраққа қадап, сыртын жалғыз ғана киізбен орайды. Ішінде шай, ет қайнататын мосысы болады. Қос көбіне тобылғысы мол жерге тігіледі. Тобылғы – отын. Түңгілікте қосты жылы сақтау үшін тобылғы шоғының етегін қайырып, көміп қояды. Сол қоламта қос ішіндегі жылылықты сақтап тұрады. Кейде, жаққан отты тазалап алып тастап, оттың орнына киіз төсеп, төсек салады. Жылқының іңір жусауы мен таңғы жусауын қостың басында өткереді. Ондай шақтарда қостың ішін кәдуілгі монша дерсіз. Күн боранда жылқышылар бойлары жылы жату үшін аяқтарын бір-біріне айқастырып, үстіне күпілерін жамылып, арқар жатыс ұйықтайды. Кейде мұндай қосты шананың үстіне де тігеді. Оны жайдақ қос деп атайды. Жылқыны қыста қорықты шөбі қалың, қар қалың түссе де тебінге жұмсақ жерге жаяды. Күзде қара қатқаққа ұрындырмай, суарып отырады. Жылқы малын қазақ көделі, көкпекке құлындатқан. Құлын қара құлақтанған соң бие байлаған. Яғни, көкке жайылып, қара тілденгеннен кейін, желі басына қысқы сүрді апарып, қымызмұрындық жасайды. Жылқының желісін ауылға көрінбейтін шымдауыт жерге байлайды. Бір жағы желідегі құлын салқын самалда жайланып жату үшін, екіншіден биеге шапқан айғырды әйел адам, қыз бала көрмесін деген тәрбие. Жылқы аса қасиетті мал. Алда қыс қатты болатын болса, жүресінен тұмсығын жерге тіреп жатады. Ал, қыс жайлы болса, төрт аяғын созып қабырғалап жатар еді-ау...», дейді.Қымызды кім ішпейді?
Қыдырып қымыз ішетін заман өткен. Қазір бәрі бизнеске ыңғайланды. Облыс орталығының өзінде қысырақ сауып, қызара бөртіп отырған шаруалар аз емес. Бір литрі – 700 теңгеден. Тек сол қымызға Үкімет тарапынан қолдау болса... Субсидия беріліп жатса, нұр үстіне нұр ғой. Әйтпесе, Жаңарқаның Жеңіс ауылында қымызды қызу бизнес көзіне айналдырып отырғандар жоқ емес. Ол дұрыс. Ел игілігі үшін бие байлап, халықты қымызға қарық қылып, өңір экономикасына пайда әкелгеннің несі айып? Қаншама жұмыс орны ашылып, ата кәсібіміз жаңғырып, қымыз дайындаудың баяғы үлгісі бабадан балаға мұра болар еді. Біз қымыз дайындаудың қатаң сақталатын технологиясын бұзбауды үйренуіміз керек. Бұрынғы қазақтар қымызды жылқының терісінен тігілген арнайы торсықта ашытып, күзде сол торсықтың қаспағын жинап, келесі жылға ашытқы қылып пайдаланатын. Қымыздықпен ашытқан қымыздың жөні тағы бір басқа. Ол өзге әңгіменің басы.Тобылғымен ыстап, бабына келтіріп пісетін, күбіні күн ара жуып, балқаймақ жағатын бап қайда? Қазір іріген сүтпен күбіге ашытып, қымыздың дәмін бұзып жүргеніміз өтірік емес. Бірде қоры көп болып, қатты ашиды. Бірде қоры кем, өлі қорланады. Қымыздың құны кетіп, ашымаған қымыз өліқор болатынын үлкендер жақсы білер.Түйін
Осы жазбамыздың соңында түйгеніміз: жылқы өсімтал түлік екен. Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметте көрсетілгендей, 2000 жылы 106 мың жылқы болса, 2010 жылы 149 мың, биыл 256 мың бас, яғни, 72 пайызға өскен. Мемлекет қолдап отыр. Кейінгі екі жылдың есебіне сүйенсек, Қарағанды шегінде 90-ға тарта шыңырау құдық қазылып, су мәселесі бір жақты шешіліп жатқан сыңайлы. Мәселе – жайылымда. Қадам басқан сайын біреудің жері, бос жатқан шабындық, жайылым жоқ. Жастар шаруасын дөңгелетейін десе, осы жайылым жайы тапшылық жасап, кедергі болып қалатын секілді. Өзекті ме? Мәселе өте өзекті... Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы