08 Ақпан, 2017

Алманы енді өзгелерден алмаймыз

238 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елімізде әрбір өңірдің өзіндік қалыптасқан табиғаты мен тіршілігі бар. Сол сияқты Жамбыл өңірі де ауыл шаруашылығына, оның ішінде егін және мал шаруашылықтарына қолайлы аймақ. Жаз жайлауда, қыс қыстауда жүріп шаруаларын шалқытып отырған еңбек адамдары да жетерлік. Асыраушы саланың аймақта қаншалықты дамып, өркен жайып келе жатқанын «Агробизнес-2020» кешенді бағдарламасы аясындағы жұмыстардан көруге болады. Облыста өткен жылы «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламалары шеңберінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 3 миллиард 518 миллион теңге қаражат игерілген. Нәтижесі салаға серпін бергені сөзсіз. Сонымен қатар, былтыр 123 гек­тар жерге алғаш рет үдемелі алма бақтары отырғызылған бо­латын. Атап айтсақ, Жамбыл ауданындағы «Сады востока», «Әулиеата Алма», «Агро KZ», «Altyn alma» ЖШС-лер ал­ма шаруашылығын қолға алса, Меркі ауданында «Совет», ал Бай­зақ ауданында «Ниет» шаруа қожалықтары интенсивті бақ өсі­ру­ге бет бұрған. Аталған жоба биыл да облыста жалғасын табатын болады. Облыс әкімі Кәрім Көкірек­ба­ев бүгінде облысқа 14700 тон­на алма қа­­жет екенін айтса, бұл межеге де об­лыс көр­сеткіші жақындап келеді. Облыс әкімдігі ауыл шаруа­шы­лы­ғы бас­­қар­ма­сының бас­шысы Нұржан Нұр­жі­гі­тов осы жы­лы үш жобаның қолға алын­­­­ға­нын жеткізді. Биыл барлығы 125 гек­тар жерге интенсивті бақ өсіріледі. Т.Рысқұлов ауда­нында – 70, Байзақ ауда­нында 50 және Қордай ауданында 5 үдемелі алма бағы орналасады. Ендігі жер­де алма жемісіне тәуелділіктен ары­лып, төл топырағымыздан көктеп шық­қан алма өнімдерін жаппай тұтынуға мүм­кіндік туатын күн алыс емес. Интенсивті бақтарда тамшы­латып суару технологиялары қол­данылады. Басқарманың мә­­­­лім­етінше, шаруалар бақ өсі­­­­ру­де Түркия, Сербия, По­ль­­­­ша мем­ле­кеттерінің де тех­­нологияларын пайд­а­­­ла­нады. Тағы бір айта ке­тер­­лі­­гі, үдемелі бақ өсіруді қол­ға ал­­­­­­ған шаруаларға мемле­кет тара­пы­­­­­нан қаралатын же­ңіл­дік­тер де аз емес. Атап айтсақ, интенсивті жо­­­­­баларды субсидиялау бағ­дар­­ла­­­ма­сы бо­йынша алғашқы жы­­лы әр­бір гектарына кеткен шы­ғын­ның 40 пайызы қожалыққа қай­та­­рылып берілсе, 12 пайыздық үс­те­мемен алынған несиенің 7 пайы­зы «Қазагроқаржы» АҚ ар­қылы өте­леді екен. Бұл да ша­руа үшін оң­тайлы әрі пайдалы тәсіл. Меркі ауданында орналасқан «Совет» шаруа қожалығының төрағасы Совет Қалманбетов мемлекет арқылы 11 мил­лион теңгеге Түркиядан тамшылатып суару те­х­нологиясын сатып алғанын айтады. Болашақта бұл шаруа қожалығының алға қойып отыр­ған мақсаты да үлкен. – Біз алма шаруашылығын өткен жылы бастаған болатынбыз. 20 гектарға Түркия технологиясымен егілген алма­мыз­дың бүгінде 3 гектары түй­ін салып үл­герді. Мұн­дай құ­былысқа бәріміз таң­да­нып отырмыз. Өйткені, бұл үдемелі ал­ма­­лар үш жылда алғашқы өні­мін беру ке­рек болатын. Осы құ­бы­­лысқа қарап-ақ қазірден бұл ал­­ма­лардан мол өнім түседі деп жос­­п­арлай берсе болатындай. Ал бір науқанда 1000 тоннаға дейін өнім ала алсақ, онда алма­мыз­ды Жамбыл облысында ғана таратып қоймай, Астана мен Алматы қалалары сияқты ірі мегаполистерге де шығара аламыз, – дейді С.Қалманбетов. Бүгінгі таңда еліміз тек Қы­тай елінен 18,6 мың тонна ал­ма, 24,7 мың тонна шие жә­не өрік сынды жемістерді тұ­ты­­нып отыр екен. Сондай-ақ, на­рығымызда Қыр­ғыз, Польша, Иран елдерінің де өні­мдері аз емес. Сондықтан, ин­тен­сивті бақ өсірудегі негізгі мақ­сат өзге мемлекеттердің тауарына тәу­­ел­ді болмай, өз өнімімізді жап­пай тұ­тынуға дейін қол жет­кізу болып отыр. Жалпы, өңір­де үдемелі алма бақ өсірудің болашағының баянды бо­ларына сенім мол. Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы