Баласының жақсы тәрбие алғанын, өнегелі, үлгілі адам болғанын кім қаламайды дейсіз?! Ата-ананың болашақ ұрпақ тәрбиесі үшін жауапкершілігі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек. Баланың ыстық-суығына сүйінбейтін, күйінбейтін ата-ана жоқ.
Баланың тәрбиелі, ізетті, ибалы болып өсуіне ата-ана өзі себепші болады. Кейбір ата-аналардың арасында «менің қызметім жоғары, жағдайым жақсы, өзгелерден артықпын, олай болса, менің балам да басқа балалардан дараланып тұруы керек» деген түсінік жиі кездесіп жатады. Осылайша, балаға қымбат киімдер кигізіп, қалтасына молынан ақша салып, алшаңдатып қояды. Ал замандастарымыздың біразы қазір уақыт өзгерді, әркім мүмкіндігіне қарай киініп-ішінеді, оны мінеудің уақыты өткен дейді. Әйтсе де, артық киініп, астам жүрген баланың өзімен бір партада отырған жұпынылау баламен салыстырғанда ойы таяз, санасы жұтаңдау соғып жататыны да бар. Күнделікті тіршілігі баланың мінез-құлқын қалыптастырады. Ол өзін маңғаз, тәкаппар ұстағанымен, кеудесі қаңғырлаған қуыс болса, оның киімі мен тамағына ғана көңіл бөлген ата-ана, ой-өрісінің, мінез-құлқының байлығына назар аудармағанына опынары хақ. Қымбат сыйлықтар алып, ата-ананың ақшасына оқып жатқан балалар еңбек қадірін қайдан біледі?! «Отынды алып келгенге жақтыр, малды тауып келгенге бақтыр» деп атам қазақ біліп айтқан.
Бала – ертеңгі үмітіміз. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке. Ұл әкеге қарап өседі, бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Ол шешесіне қарап бой түзейді. Осы ерекшеліктерін сезіндіріп, соған қарай тәлім-тәрбие беру – әке мен шешенің парызы. Ал ата мен ана өнеге көрсете алмаса тәрбиелі бала өсіруі екіталай. Өйткені, бала ересектерге өте еліктегіш келеді, жақсыны да, жаманды да тез үйренеді. «Атадан жақсы ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген сөзі бар. Қазақ халқының тарихына көз жіберсек, әрбір отбасы дүниеге келген жас нәрестені зор қуанышпен қарсы алып, жақсы дәстүрге, адамшылыққа, имандылыққа, ізгілікке тәрбиелегенін аңғарамыз. Аталарымыз баланың қай іске, қай өнерге икемі барын алдын ала байқап, сегіз қырлы, бір сырлы болып өсуіне қамқорлық танытуға ұмтылған. Сондықтан болар, бүгінде жиі кездесіп қалатын басбұзар ұл, бетімен кеткен қыз бұрын болмаған.
Баланың өмірі отбасымен ғана шектеліп қалмай, өсе келе балабақшаға, мектепке барып, бос уақытын өзінің құрбы-құрдастарының арасында өткізеді, өзара қарым-қатынас негізінде әртүрлі мінезді һәм көзқарасты адам қалыптасады.
Лұқпан Әкім баласына жазған хатында «Балам, ұстамды бол, өз еркіңе ерік берме, аз асқа қанағат қыл, елмен дөрекі қатынас жасама, әр ісіңді ойлап істе, мақтағанға мастанба, көп білім алуға тырыс, жақсы жолдастарыңмен байланысты үзбе...» деген екен. Міне, осындай даналарымыз өздерінің терең мағыналы сөздері арқылы жас ұрпақты ерінбей еңбек етуге, Отанды сүюге шақырған. Осындайларды балаларымыздың зердесіне құю, ұлағатты өнерге баулу – баршамыздың міндетіміз.
Балжанай НҰРМАХАНОВА,
Естай Есжанов атындағы
№9 орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі
Қостанай облысы,
Жітіқара қаласы