08 Ақпан, 2017

БҚО-да сумен қамту жобаларына 3,4 млрд теңге бөлінген

281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Батыс Қазақстан облысында 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасының «Ақ бұлақ» бағытына сәйкес биыл 3,4 млрд. теңгеге 31 сумен қамту жобасы жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат. БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Антазиевтің сөзіне қарағанда, соның ішінде республикалық бюджет есебінен 2,8 млрд. теңге (25 нысан), жергілікті қазынадан 0,6 млрд. теңге (6 нысан) бөлінді. Мысалы, республикалық бюджет қаржысына Ақжайық ауданы Ақсуат ауылына жалпы ұзындығы 19,062 км су құбыры тартылмақ. Жоба құны - 297,994 млн. теңге болса, биылға 60 млн. теңге қаралмақшы. Қазіргі кезде конкурстық рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында 47,84 км су құбыры қайта құрылмақ. Мұның жалпы құны 369,695 млн. теңге болса, өткен жылы 37 млн. теңге игерілді. Биыл республикалық қазынадан 110 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 37,476 мың теңге берілмек. Бас мердігері - «Альфасервисстрой» ЖШС. Жаңақала ауданы Пятимар ауылында жалпы құны 346,817 млн. теңге тұратын, ұзындығы 14,581 км су құбыры тартылуда. Бас мердігері - «ТасқалаТрансГаз» ЖШС. Жәнібек ауданы орталығы Жәнібек ауылында «Қазқұрылыссервис» ЖШС 498,634 млн. астам теңгенің жұмысын атқармақшы. Мұның жалпы ұзындығы - 55,606 км. Әсіресе, Қазталов ауданында сумен қамту нысандары көбірек салынбақшы. Атап айтқанда, Жалпақтал ауылында «ПМК 117» ЖШС 384,690 млн. теңгеге 48,164 км су құбырын қайта құрмақ. Ал Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Қособа ауылдарын сумен қамтуға (103,249 км) барлығы 820,6 млн. астам теңге кетпекші. Облыстың басқа да аудандарында осындай сумен қамту нысандарын негізінен 2018 жылы аяқтау көзделуде. Ал 7 нысанды (Бөкей ордасы ауданы Көктерек және Бөрлі, Қазталов ауданы Қазталов, Тасқала ауданы 2-Шежін, Зеленов ауданы Ақжол, Павлов, Теректі ауданы Сарыөмір ауылдары) биылғы жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда. Соның нәтижесінде 2584 тұрғын орталықтандырылған су көзіне қосылуға мүмкіндік алады. 4940 адам үшін сумен қамтудың сапасы жақсарады. Жыл соңында орталықтандырылған су көзіне қосылған ауылдық елді мекендер саны 169-ға жетіп, 38,1 пайызды құрамақ. Бұларда 242 095 адам немесе ауыл халқының 75,7 пайызы тұрады. Айта кетейік, 2016 жылы жергілікті бюджет есебінен ауылдық елді мекендерде 6 сумен қамту нысанын салу үшін 378,9 млн. теңге жұмсалып, соның біреуінде (Қазталов ауданы Нұрсай ауылы) жұмыс мәреге жетіп, бесеуінде басталған болатын.