Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекстің қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Таяуда Астанада құжат жобасын талқылау жөніндегі қоғамдық тыңдау өтті. Шараға құзырлы министрліктердің, қоғамдық ұйымдардың, жер қойнауын пайдаланушылардың өкілдері қатысты.
Қоғамдық тыңдау барысында Инвестициялар және даму министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Руслан Баймишев құжат жобасының қатты пайдалы қазбалар бөліміне қатысты, оның орынбасары Сәкен Шәкіров көмірсутекті шикізат бөліміне қатысты негізгі ережелер туралы айтып берді.
«Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 74-75 қадамында көрсетілгендей, біз халықаралық кең таралған стандарттарға көшуіміз керек. Ол – барлық қорлар, қатты пайдалы қазбалар, көмірсутегі сынды байлықтың барлығын жаңа халықаралық стандартпен есептеу. Жаңа кодекс қолданысқа енсе, салаға бағытталатын инвестиция қатары артады деп ойлаймыз», дейді Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев. Мамандар пікірінше, инвесторлар бұрын лицензия алу үшін екі-үш жылын сарп ететін. Ал, кодекске өзгерістер енсе, бұл құжат 2-3 күнде дайын болмақ. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дүние жүзінде жыл сайын барлау жұмысына 11 млрд доллар бөлінеді. Оның 18 пайызы Канаданың, 12 пайызы Австралияның үлесінде, ал Қазақстанға тек 1 пайызға жуығы ғана тиесілі екен. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу оны игеруге ниетті инвесторларға бөгет болмауы керек.
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»