Сенат депутаты Икрам Адырбеков әлемдік экономикадағы жылдам өзгерістер жағдайында құбылмалы әлеуметтік-экономикалық ахуалдағы қазіргі мәселелерді жедел шешу үшін Үкіметтің әрекет ету мүмкіндігі мен қажетті дербестігі болуы керек, деп санайды.
Сенатордың пікірінше, Мемлекет басшысының билік өкілеттіктерін қайта бөлу және саяси жүйенің өзгерістері жөніндегі Үндеуіндегі бастамалар демократиялық қоғам қалыптастыру жолындағы тарихи меже болып табылады.
И.Адырбеков сенаторлар Мұхтар Алтынбаев және Ләззат Қиыновпен бірге Алматы қаласындағы Алатау ауданының активімен және тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауының басым міндеттері талқыланды.
Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысының бастамаларына қолдау білдірді. Сенаторлар, сонымен қатар, Алматы қаласының тұрғындарымен әлеуметтік қамсыздандыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету, бағаны қалыптастыру мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы туралы мәселелерді талқылады.
* * *
Сенаторлар Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов Қызылорда облысына жұмыс бабындағы сапарында Қызылорда қаласының активімен, мәслихат депутаттарымен және қала тұрғындарымен кездесті.
Сенаторлар «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Қызылорда облыстық бөлімшесінде аймақ кәсіпкерлерімен, қаладағы Жастар сарайында өңір жастарымен болған кездесулерде Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы, билік тармақтарының өкілеттілігін қайта бөлу жөніндегі конституциялық реформалар туралы жан-жақты түсіндіру тұрғысында кеңінен әңгіме өткізді.
Жолдаудан туындайтын міндеттер аясында ауыл шаруашылығын дамыту, елімізді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, оның ішінде күріш дақылын сапалы әрі тиімді өсіру жайы сөз болды. Сенаторлар, сондай-ақ, Парламенттің заң шығару қызметі, еліміздің құқықтық іргетасы мен қабылданған заңдар және оны іске асыру барысы туралы жиналғандарды хабардар етті.
Сенаторлар облыстың Сырдария ауданындағы Айдарлы, Іңкәрдария, Шиелі ауданындағы Ботабай ауылы және Қармақшы ауданындағы Қуаңдария ауылдарының тұрғындарымен де кездесті.
* * *
Сенат депутаттары Бақтыбай Шелпеков пен Михаил Бортник Ақтау қаласының активімен кездесті. Мәслихат депутаттарымен, кәсіпорындар және қоғамдық бірлестіктердің басшыларымен кездесуде сенаторлар Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауының негізгі мәселелерін жан-жақты әңгімеледі.
Сондай-ақ, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері де талқыланды. Ақтау тұрғындары Мемлекет басшысының бастамаларына оң пікірлер айтып, кеңінен қолдау білдірді. Жүздесу барысында жергілікті кәсіпкерлер несиелерге қол жеткізу, салық салу жүйесінің айқындығы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін көтерді.
Одан басқа, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында «жасыл экономиканы» дамыту мәселелері бойынша мемлекет қолдауы қажет екені айтылды.
* * *
Сенатор Серік Біләлов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Жамбыл ауданының тұрғындарымен кездесті. Благовещенск ауылдық округінің мәдениет үйінде өткен кездесу барысында билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге қатысты реформалар мен Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттары талқыланды.
Сенатор жемшөп, жарма, бұршақ пен майлы дақылдар өндіретін «Атамекен-агро» серіктестігінде де болып, көктемгі егіс науқанына дайындықпен танысты. Сондай-ақ, сенатор «Династия агро» серіктестігінің май өңдеу зауытында болды.
С.Біләлов сапары барысында Есіл ауданындағы Тарангүл ауылының Мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерге орай елімізді жаңғырту және саяси реформаларды жалғастыру туралы бастамасына орай жан-жақты әңгіме өткізді. Депутат, сондай-ақ, асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы кәсіпорны – «Азия-Тарангүл» серіктестігінде де болды.
Сенатор Ж.Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылық колледжінің қызметкерлері мен студенттеріне Елбасы Жолдауының мазмұнын таныстырды.
* * *
Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген Парламент Сенатының депутаттары Рашит Ахметов пен Бірғаным Әйтімова Теректі ауданындағы «Ақас» агрофирмасының және Орал қаласындағы «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» акционерлік қоғамының еңбек ұжымдарымен кездесті.
Сенаторлар өз сөздерінде Конституцияға енгізу көзделіп отырған негізгі өзгерістер мен толықтырулар жайында айта келіп, Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауының негізгі ережелерін жиналғандарға жан-жақты түсіндірді.
Кәсіпорын қызметкерлері Конституцияға енгізу көзделіп отырған өзгерістер мен толықтырулар бойынша заң жобасы мен Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді қолдайтындарын жеткізе отырып, оның маңыздылығы мен уақытында жария етілгенін атап өтті.
Сенаторлар содан кейін де аймақтағы еңбек ұжымдарымен және оқу орындарында білім алып жатқандармен кездесулерін жалғастырады.
* * *
Парламент Сенатының депутаттары Қайрат Ищанов пен Сәрсенбай Еңсегенов Атырау облысының Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылының тұрғындарымен кездесті.
Жүздесуде билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Елбасының Үндеуі мен «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын халыққа түсіндіру тұрғысында жан-жақты әңгіме өрбіді. Сенатор Қ.Ищанов Мемлекет басшысының Жолдауындағы ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту, жерді тиімді пайдалану, субсидия бөлу, саланы әртараптандыруға қатысты алға қойған міндеттерге кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, конституциялық реформалар жөніндегі ұсыныстарды сараптау мен оны заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету қажеттігі туралы ойларын ортаға салды.
Сенаторлар Индер ауданындағы Көктоғай ауылында да болды. Депутат С.Еңсегенов: «Қазір заман өзгерді, қоғам жаңарды. Соған байланысты Қазақ елі де бұрынғы жүйемен қалмай, жаңа бағытқа бет бұруы керек. Елбасының халыққа арнаған Үндеуінде осы мәселеге баса мән берілді», – деді. Сенатор Конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекеттік билік тармақтары жұмыстарының нәтижелілігі мен тиімділігін, тепе-теңдігі мен жауапкершілігін арттыратынына сенім білдірді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.