Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сәрсенбінің сәтті күнінде, яғни 25 қаңтар күні халыққа Үндеу жариялап, билік тармақтарындағы өзгерістерге тоқталып, қоғамды мазалап жүрген көптеген сұраққа жауап берді. «Конституция мен Заңдарға өзгерістер енгізу арқылы мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым», деген Елбасымыз билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелеріне тоқтала келіп, ұсынылып отырған реформаның мәні билік өкілеттіктерін сарабдалдықпен қайта бөлуде, тұтастай саяси жүйені демократияландыруда жатқанын нықтап айтты.
Мемлекет басшысы сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғаныс қабілетіне күш-жігерін жұмылдыратын болады. Бұл ретте Үкімет пен Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейетінін түсіндік. Конституциялық жолмен еліміздің саяси жүйесіне өзгерістер енгізу – заман талабынан туындап, еліміздің даму үдерісіне сәйкес келіп отыр. Енді мемлекеттік басқару жүйесі өзгеріп, Үкімет пен Парламенттің халықтың алдындағы жауапкершілігі арта түсетіні көңілімізге қонады. Бұл өзгерістің жалпы халық үшін тиімді болатындығына сенімдеміз. Ең бастысы, осы процеске Президент тарапынан азаматтық қоғам, халық, еліміздің әртүрлі қоғам өкілдері жан-жақты қатысып, халықтың арасында кеңінен талқылауға мүмкіндік беріліп отыр. Осының нәтижесінде бұл реформа оңтайлы жүзеге асырылады деп ойлаймын. Сарабдал саясаткер, кемеңгер Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әркез оңтайлы шешім қабылдап, әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың даңғыл жолын көрсетіп келеді. Елбасының әр жыл сайынғы халыққа жолдаулары, жаңа реформалары, мызғымас Ұлт жоспары, үндеулері елінің еңсесін көтеріп, ынтымағымыздың мызғымас беріктігіне, жан-жақты дамуымызға мұрындық болып, халқын игіліктерге бастауда. Бұл жолғы Үндеуі де нақ осындай ел-жұрттың қамын күйттеген ізгі ниеттен туғандығы анық. Мен мұны ел дамуындағы саяси маңызды парасатты қадам, демократиялық процестің ілгерілеуі деп бағалаймын. Саяси биліктегі екі негізгі тармақ – Үкімет пен Парламенттің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бұл Үкіметтің, Парламенттің жұмысының кәсібилігін, олардың жауапкершілігін, елдің саяси-экономикалық дамуындағы жауапкершілігін арттыру арқылы тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Елбасының бағдарламасы, әлемде болып жатқан жайттарға байланысты туындаған құрылымдық өзгерістер – халықты бейімдеуге бағытталып отырғанын аңғару қиын емес. Билік тармақтары өкілеттіктерінің ауысуы саяси тұрғыдан қолайлы. Жалпы, мемлекеттік басқару жүйесінің жақсаруына оң әсер ететіні белгілі. Ал мұның артында қалың бұқара, қарапайым халық тұр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялаған Үндеуі қай жағынан алып қарағанда да үлкен маңызға ие. Егемен еліміздегі жаңа өзгерістер, жүзеге асырылғалы отырған Конституциялық реформа біздің мемлекет пен қоғамның дамуын жаңа кезеңге шығарады деген ойдамын. Үндеуде Н.Назарбаев Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін, 40-қа тарта президенттік құзыреттің Парламентке, Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беретінін айтты. Бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Осыған байланысты тиісті Заңдарды өзгерту орын алатынын ұғындық. «Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру үшін жасап отырмын», – деді Елбасымыз. Сайып келгенде, осынау реформалар бағдарламасы – Қазақстан қай бағытта жүреді деген сауалдың айқын жауабы, елдің жарқын болашағының кепілі. Егемен еліміздегі жаңа өзгерістер мемлекетіміз бен халқымызды жақсылықтарға, жаңа игіліктерге бастайды деп үміттенеміз.
Қалаубек АНАШЕВ,
аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Түлкібас ауданы