10 Ақпан, 2017

Егінсу, Қалжат, Үшқайың...

639 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еліміздің әр қиырларында жеке-жеке, үздік-соз­дық құрылған өлкетану үйірмелері бар шы­ғар, бірақ осы мәселені түбегейлі түрде жүйе­ге түсіру әлі жолға қойылған жоқ. Бар­ла­­рының өзі затына сай ма, ол басқа әңгіме. Яғ­ни, өлкеміздің тарихын өзіміз зерттеуге, зерт­телгенінің өзін зерделеуге ынталы емеспіз, со­лай болған соң өрендеріміз де оны оқымайды. Осы кемшілікті жуырда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы шығарған «Алматы облысының елді мекен атаулары» атты кітабы аз да болса толықтырғандай. Облыстық Тіл басқармасының мамандары аудан-ауданға, елді мекендерге шығып, көкірегі қазына қарттармен тілдесіп, жер-су аттарының шығу төркініне қатысты әңгімелерді қағазға түсірген. Оған қоса жергілікті жерлердегі мұрағаттардың материалдарын да молынан пайдаланып, кәдеге жаратқан. Бұл – үлкен еңбек. Атаулар түрлі себептермен – сол жердің географиялық ерекшелігіне, флорасы мен фаунасына, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына, тарихи оқиғаларға байланысты қойылуы ықтимал. Мұндағы сөздің түп-төркіні сонау көне түркі, монғол, парсы және басқа да тілдерде жатуы да мүмкін. Жинақта осының бәрі ескеріліп, атауларды мағынасына қарай жадағай баяндай салмай, ықтимал нұсқаларын, дыбыстық өзгеріске ұшырауы мүмкін баламаларын да назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, Егінсу атауы былайша талданады: «Егін сөзі көне түркі, монғол тілдерінде эхин тұлғасында айтылып, «ағын, ағыс», «бастау, бас, басқы», «бас жағы» болмаса, «ағынды су, бұлақ» мәнін білдірген. Сондықтан, Егінсу атауы «судың басы, бас жағы», болмаса «ағынды өзен, су» деген мәнде болуы мүмкін. Қазақ тілінде «егін-тегін» деген қосарлы сөз де бар. Мол, тегін су деген мағынаны да береді. Сондай-ақ, шаруашылыққа байланысты «егінді суаратын су» мағынасында да аталуы мүмкін». Ал Ұйғыр ауданындағы Қалжат ауылы атауының түп-төркінін құлжа деген аңның көптігімен байланыстырады. Атаудың Құлжаты – Құлжат – Қолжат – Қалжат деген дыбыстық өзгерістерге түсу мүмкіндіктері қарастырылады. Көнекөздер айтқан ел ішіндегі әңгімені де бір нұсқасы ретінде ұсынып отырады. Мәселен, Алакөл ауданының Үшқайың ауылы неліктен Үшқайың аталды? Қыпшақ Есалының бір келінінің 3 қайыны отырған тауды Үшқайын тауы атап кетсе керек. Бірақ «н» әрпінің дыбысы «ң» болып естіледі де, «Үшқайың» болып өзгеріске түскен. Ал екінші нұсқада таудың басында үш қайың өсетіндіктен аталған деген болжам бар. Жинақтың, әсіресе, тарихи атауы қай­та­рыл­ған елді мекендерге қатысты зерттеу­ле­рі көбірек назар салуға тұрарлық. Жалпы, кітапты әзірлеу барысында басқарма мамандары мұрағат материалдарымен, қариялардың әңгімелерімен бірге осы саладағы белгілі ғалымдардың еңбектеріне де сүйенген. Яғни, ой қорытуда ғылыми тұжырымдарды негізге алуы жинақтың салмақтылығын арттыра түскен. Тіл басқармасы тарапынан дайындалған бұл жинақ өскелең ұрпақ үшін, өңір тұрғындары үшін, жалпы, ел тарихы үшін пайдалы кітаптардың қатарында боларына сеніміміз мол. Сағыныш НАМАЗШАМОВА ТАЛДЫҚОРҒАН
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше