ОПЕК елдерінің мұнай өндірісі қаңтар айында тәулігіне 1 млн баррельге қысқарып, жалпы өндіріс көлемі қазір 32,06 млн баррельге теңесті, деп жазады Халықаралық энергетикалық агенттік.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 30 қарашасында ОПЕК елдері мұнай бағасын көтеру үшін нарықта жасанды тапшылық жасау мақсатында өндіріс көлемін тәулігіне 1,2 млн баррельге дейін азайту туралы шешім қабылдаған еді. Арада 10 күн өткенде ОПЕК-ке кірмейтін өзге де мұнай экспорттаушы елдер осы бастаманы қолдап, тәулігіне 558 мың баррель азайтуға келіскен. Қазақстан осы орайда тәулігіне 20 мың баррель азайту туралы міндеттеме алған. Келісім бойынша, аталған көрсеткіш жыл ортасына дейін орындалуы тиіс. Дегенмен, Қазақстан қазірдің өзінде тәулігіне 30 мың баррель азайтып, ОПЕК+ міндеттемесін артығымен орындап жатқанын ҚР Энергетика министрлігі қаңтарда мәлімдеген еді.
Осылайша, қазіргі таңда ОПЕК елдері аталған көлемнің 90 пайызын қысқартып үлгерді.
«Сауд Арабиясы бастаған кей елдер жоспарды артығымен орындауда. Оған себеп Ливия мен Нигериядағы өндірістің азаймауы", - деп жазады агенттік.