10 Ақпан, 2017

Мемлекет қонақ үйлердің коммуналдық төлемін өтеуге көмектеседі

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі энерготиімді технологияларды енгізу мақсатында шипажайлар мен қонақүйлердің электр энергия және коммуналдық шығындарын субсидиялауды ұсынуда, деп хабарлайдыҚазақстанның қонақүйлер және мейрамханалар қауымдастығы. Яғни, субсидия мемлекеттен тегін берілмейді, ол үшін кәсіпкерлер өздерінің нысандарында қазіргі заманға сай электрүнемдегіш инновациялық технологияларды енгізуі шарт. «Қауымдастыққа шипажайлар мен қонақүйлердің электр энергиясы, коммуналдық қызмет шығындарының бір бөлігін субсидиялау туралы және қонақүй мен шипажай иелерін энергоаудит жүргізуге және энерготиімді технологияларды енгізуге ынталандыру тетіктерін жасақтау жөнінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінен хат келді», - делінген қауымдастықтың хабарламасында. Сонымен қатар хатта ҚР Президентінің Ұлт жоспарын орындау бойынша «100 нақты қадам» бағдарламасының 57 қадамына сілтеме жасалған. Онда қонақүйлер мен шипажайлардың электр энергиясы мен коммуналдық қызмет шығындарын қаржыландыру бойынша тапсырма берілген болатын. ҚР ИДМ хабарлауынша, Қазақстанда осы бағытта заңнама аясында көрсетілген нақты тетіктер болмағандықтан, субсидиялауды жүзеге асыру қиындыққа соғуда. Министрлік өкілдерінің атап көрсеткеніндей, егер мемлекет қонақ үйлер мен шипажайлардың коммуналдық және электр энергиясына кететін шығындарын тікелей субсидиялайтын болса, онда кәсіпкерлердің энергияны тиімсіз пайдалануына әкеп соқтыруы ықтимал. Бұл мемлекеттің энергоүнемдеу және энерготиімділікті арттыру саясатына қайшы келеді. «Соған байланысты министрлік аталмыш сұрақты жетесіне жеткізіп, дұрыс жолға қоюды жоспарлауда. Балама ретінде қонақүй мен шипажай иелерін энергоаудит жүргізуге және энерготиімді технологияларды енгізуге ынталандыру тетіктерін енгізу жайы талқылануда», - делінген хабарламада.