13 Ақпан, 2017

Мүмкіндігі мол әдеби портал

620 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Елордамыздың өсіп-өркен­деуі­мен бірге үлкен әдеби орта қалып­тасты. Қаншама ақын-жазушылар, шығармашылық адамдары Астанаға көшіп келіп жатыр. Дегенмен де, қазіргі заманда әдебиетке де қорғаушы керек болып тұр. Міне, «Әдебиет порталы» интернет-жобасы сол құндылықтарымызды, әдебиетіміздің асыл мұраларын насихаттаса деген ойым бар», дейді қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков әдеби порталды таныстыру рәсімінде. Иә, шынында, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне қарасты «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» – замануи ақпараттық технологиялар жетістігін пайдалана отырып, қазақ әдебиетін насихаттау, оқырмандар мен қаламгерлер арасындағы әдеби байланысты жандандыру, түрлі шығармашылық іс-шараларды ұйымдастыруды жүзеге асырып отырған Орталық Азия кеңістігіндегі тұңғыш ғаламторлық бірегей әдеби жоба. – Әдебиеттің мәні үлкен, – дейді белгілі жазушы Төлен Әбдік. – Адамгершіліксіз өмір сүруге болмайды. Бойында ондай қасиет болмаған адам аңға айналады. Ал ол білімді болса, тіптен қауіпті. Адамгершілік қасиет ең алдымен отбасындағы тәрбие, сосын әдебиет арқылы беріледі. Сондықтан, әдебиетті, кітап оқуды барынша насихаттау керек. «Әдебиет порталы» – қазіргі технологияның дамыған кезеңінде осы іске жаңаша серпін береді деген сенімдемін. Иә, портал отандық рухани өнімдердің цифрлы фор­мат­тағы базасын құру, қазақ, орыс және өзге тілде жазатын қазақ­стандық қаламгерлердің шығар­машылығын насихаттау, жалпы, әдеби үдерісті жандан­дыру арқылы қоғамда биік тал­ғамның, мемлекетшілдік ой-са­наның қалыптасуына игі ықпал етуді көздейді. – Бұл әдеби порталдың мүм­кіндігі өте көп, – деді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев. – Технологияның соңғы мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тек жазба түрінде ғана емес, оқырмандарға аудио, бейнежазбалар арқылы да қызмет етеді. Елдің руханиятын дамытуға атсалысып жатқан мұндай пор­талдарға мемлекет тарапынан үл­кен қолдау көрсетілуде. Іс-шарада сондай-ақ, ақын­дар Қалқаман Сарин, Қанат Ома­ров, Жанат Әскербекқызы және басқа да шығармашылық өкіл­дері өз ойларын білдіріп, тұң­ғыш ғаламторлық әдеби жобаға сәттілік тіледі. Мінбеге шық­қан­дардың барлығының сөз со­ң­ында өзіне ұнайтын бір өлеңді оқып беруі бұл шараның басты ерекшелігі болғаны анық. Бұл күні министр де, ғалым да, жазушы да жырдан шашу шашты. Интернет жобаның жетекшісі Бауыржан Қарағызұлының айтуына қарағанда, дәл қазір әдеби портал қорында 5 мыңға жуық электронды кітап бар екен. Және тағы бір айтары, бұл порталға кез келген ақын-жазу­шы өз еңбектерін салып, әлеу­меттік желі ретінде пайдаланып, өз оқыр­ман­дарымен байланы­са алады. Ал­дағы уақытта қазақстандық және шетелдік үздік ақын-жазу­шылардың шы­ғар­малары мен сұхбаттары жиі беріліп тұрмақ. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА