13 Ақпан, 2017

Мақсат – билік тармақтарының қызметін белсенді ету

516 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кез келген қоғам өмірдің талап­тарына сәйкес өзгерістер жасап отыруы керек. Қазақстан қоғамы­ның барлық саласында да қазіргі жаһанданған заманның талаптарына сай әртүрлі өзгерістер жүріп жатыр. Бұл – өмірдің өзіндік заңы, әлеуметтік прогрестің ішкі қисыны. Елбасымыз Қазақстан халқына арналған соңғы Үндеуінде жаңа стратегиялық мақсаттарды айқындап, саяси билікке қатысты демократиялық сипаттағы реформаларды ұсынды. Біздің жас мемлекетімізге бірден өркениеттің биігіне көтеріліп кету оңай емес. Дегенмен, осы бағытта үнемі белсенді қадамдар жасаған орынды және ондай талпыныстардың жемісті нәтижелері болары анық. Әсіресе, қазіргі жаһандық сын-қатерлер мен қауіптерді еңсеріп отыру үшін билік пен қоғам тарапынан дер кезінде тиімді іс-қимылдар атқарылуы тиіс. Міне, осындай жағдай елімізде өркендеп келе жатқан демократиялық құндылықтарды бекіте түсетін қадамдарды қажет етеді. Қазіргі таңда еліміздегі мемлекет­тік билік қызметінің тиімділігін арттыру үшін оның құрылымының әлеуе­тін нығайту, теңгерімділігін орнық­тыру көз­делуде. Жаңа әлеуметтік инсти­туттарға арқа сүйейтін теңгерімделген және тиімді билік жүйесін, басқару салаларының қызметін жандандыру – уақыт талабы. Конституциялық реформалар аясын­да Үкіметтің қызметін әрі қарай жетіл­діру және оны бақылап отыруда ел Парламентінің рөлін күшейту өте орынды. Кезінде Парламент жас мем­лекеттің Конституциясын қабыл­дап, көптеген заңдарды әлеумет­тік өмірімізге орнықтырды, тәуелсіз­дігімізді құқықтық тұрғыдан қамтама­сыз етті, «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», 5 институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сияқты маңызды құжаттардың құ­қықтық базасын жасауға белсенді түрде атсалысты. Соның арқасында құ­қық­­тық өрісте көптеген нақты қадам­­­дар жүзеге асырылуда. Сөйтіп, елі­міз­дің көппартиялы Парламенті өзінің биік кәсіби деңгейін әлем­нің көптеген елдеріне келген әлеумет­тік дағдарыстың өрбіп тұрған шағын­да дәлелдеп берді. Қазақстан Респуб­ликасының Президенті ұсынған саяси биліктің жауапкершілігі мол ауқымын Парламенттің барынша сапалы, нақты және жүйелі түрде атқара алатынына сенуге болады. Қазіргі кезеңде саяси партиялармен қатар, мемлекеттік билік органдарының жауапкершілігі мен кәсібилігінің, мемлекеттің басқару жүйесі қызметінің тиімділігінің маңызы арта түсіп отыр. Әкімдіктер мен министрліктер өзінің мем­лекеттік басқару саласының ауқы­мын­да көптеген мәселелерді Прези­дент Әкімшілігіне жеткізбей-ақ реттей алатын деңгейге жетуі керек. Осы тұр­паттағы іс-әрекеттердің артық­шы­лық­тарын баршамыз көп ұзамай-ақ сезінуге тиістіміз. Министр­лер мен әкімдер өздеріне бағынышты қызметкерлерге барынша қамқорлық жасап, күрделі мәселелерді мобильді, оңтай­лы түрде шешіп үйренуі қазір­гі күннің талабына айналуда. Бұл демо­кра­тиялық реформалар – өрке­ниеттік даму тұрғысынан алғанда, еліміздің қазіргі заман сұраныстарына сай, қи­сын­ды да дәйекті даму жолының және Президенттің көреген және сарабдал саясатының тағы да бір жарқын көрінісі. Еліміздегі билік тармақтарының қызметіне жаңа серпін беру, бұрын негізінен президенттік биліктің құзырын­да болып келген көптеген қоғам­дық, саяси және мемлекеттік жауап­кер­шіліктерді Қазақстан Парла­менті мен Үкіметіне, әртүрлі министр­лік­терге, әкімдерге тікелей жүктеу, оларға билік тетіктерін сенім­мен тапсыру мемлекетіміздің өз тәуелсіз­дігін нығайту мен еліміздегі демо­кра­тиялық реформаларды әрі қарай өріс­тете түсу жолындағы өркениеттік сипат­­тағы қадам болып табылады. Өзінің дербес мемлекеттілігін тұрақ­­­тандыру мен Қазақстан қоғамы өкіл­дерінің азаматтық және ұлттық біре­гей­лігін айқындау үшін, ішкі бірлігін нығай­ту жолында Тәуелсіз­діктің алғашқы 25 жылын­да күшті президенттік билік қажет болатын. Ондай биліктің келбеті кеңестік негіздегі экономикамызды заманауи нарықтық форматқа ауыстыруға, күрделі әлеуметтік кеңістігімізде ұлтаралық және конфессияаралық келісімді орнату­ға, жаңа мемлекетіміздің саяси, мәдени құндылықтар негіздерін анықтауға, еліміздің стратегиялық бағдарларын нақтылап, айқындауға мүмкіндіктер берді. Президенттік биліктің тиімді қызметінің арқасында ширек ғасырдың ішінде әлемдік қоғамдастықтың жетекші мемлекеттері толықтай мойындаған, дамыған 30 елдің қатарына қосылуға ұмтылған жас мемлекетке ай­нал­дық. Сондықтан, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың елдің саяси билігіне, билік тармақтарына қатысты және оның болашағын айқындауға арналған Үндеуінің жариялануын елеулі оқиға деп қабылдауға тиіспіз.

Зарема ШӘУКЕНОВА,

БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі