13 Ақпан, 2017

Азық-түлік қауіпсіздігі: негізсіз тоқмейілсуге не себеп?

653 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Азық-түлік қауіпсіздігі дегені­міз, халықтың тұтынудағы физио­логия­лық нормаларын және демо­графия­лық өсуін қанағаттандыру үшін жет­кілікті көлемде, сапалы және қауіпсіз азық-түлік тауарларына физикалық және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету деген сөз. Елімізде азық-түлік қауіпсіз­дігі мәселесімен айналысуда кемші­лік жоқ сияқты, бірақ бар пәле сол азық-түлікті пайдалану нормасында болып тұр. Ол біздің елде физиология­лық нор­ма­дан төмен деңгейде бұдан 12 жыл бұрын бекітілген. Бұл көрсеткіш ЕАЭО мүшелері – Ресей мен Беларусь мем­лекеттері бекіткен нормалардан әлдеқайда алшақ. Өткен жылдары мен бір ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысымен танысқан болатынмын. Олар мені жоғарыдан түскен тағам түрлерінің бір адамға шаққандағы нормасымен таныстырды. Онда ет 48 келі көлемінде көрсетілген екен. Бұл цифрды аудандағы өндірілген барлық ет пен халық санына бөліп, әр адам­ға шаққанда, бұл көрсеткішті асыра орын­дағандарын мақтанышпен айтқан еді. Сондықтан, олар мал басының көбеюіне, оның өнімін көтеруге еш мүд­делі емес еді. Ал шындығында, орта­­лықтан қойылған талап ет өнім­дері­нен физиологиялық нормадан екі есеге жуық төмен берілген. Ал бұл жерде статистикалық мәліметтердің шын­дықтан алыс болып келетінін ескерсек, шынайы жағдайдың ауылы шалғай екенін көруге болады. Сондықтан, қол­даныстағы тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларына сәйкес жасалған көрсеткіштер нақты шындықты көр­сет­пеуде. Мысалы, статистика орган­дарының деректері бойынша бір жанға шаққанда ет және ет өнімдерін жылдық нақты тұтыну бекітілген нормадан 68,7 па­йызға, жемістер 53,4 пайызға, кө­к­ө­ніс­тер 7,7 пайызға, қара шай бойынша 325,4 пайызға жоғары. Бұл – өзімізді өзі­міз­дің алдауымыз, негізсіз тоқмейілсу деген сөз. Жалпы, ауыл шаруашылығының өсуі мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейінің әділ төрешісі азық-түлік тауарларының бағасы мен импорт көлемі болып табылады. Өткен жылы елімізде жалпы азық-түлік тауарларының бағасы 9,7 пайызға, оның ішінде жарма – 31,3, жұмыртқа – 20,3, нан – 17,2, қант – 17, кондитер өнімдері – 16,6, өңделген және қалбырдағы көкөністер – 15,8, картоп – 15,6, тауық еті – 13,8, өсімдік майы – 11,8, макарон өнімдері – 11,3, жеміс-жидек, шырындар – 10,7, ұн өнімдері 10,6 пайызға өсті. Бидай экспортынан әлемге атақты Қазақстан үшін нан мен нан өнімдерінің қымбаттауы саяси да, нарықтық жағынан қарағанда да түсініксіз. Ал инфляция өсімі 2016 жылы 8,5 пайызды құрағаны белгілі. Статистикаға жүгінсек, жеміс-жидек ішкі нарықта 60-70 пайыз, құс еті 60 пайыздан астам, өсімдік майы 40 па­йыздан астам, өңделген сүт өнімдері 60 пайызға дейін, қалбырдағы жемістер мен көкөністер 60-тан 90 пайызға дейін сырттан әкелінеді екен. Тағамдардың басқа да түрлерінен шет елге тәуелді екендігіміз жасырын емес. Тек қана бір Алматының өзі жылына 2,5 миллиард доллардан астам тағам өнімдерін им­порт­тайды екен. Басқа аймақтарды қос­қанда, қыруар ақшаның сыртқа кетіп жатқанын байқауға болады. Яғни, нарық тілімен айтқанда сұраныс көп, ұсыныс аз деген сөз. Бұл мәселені өткен жылдың 22 ақпанында Президент атына жолдаған ұсынысымда көрсеткен болатынмын, оған Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе қарап, тамақ өнімдерін тұтыну­дың физиологиялық нормаларын ғылы­ми тұрғыдан пысықтауды және нор­мативтік құқықтық акт әзірлеуді Ұлттық экономика министрлігі 2015 жылы бастағаны және оны 2016 жылдың желтоқсанында бекітуді жоспарлап отырғандығын хабарлаған болатын. Бірақ, әлі нәтиже жоқ. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, бар проблема әлеуметтік саладағы азық-түлік себетін қалыптастыруда болып тұр. Эконо­микалық жағдайға байланысты төменгі күнкөріс деңгейін есептеу үшін және бюджеттен төленетін төлемдерді азайту мақсатында азық-түлік нормасы төмен­­гі деңгейде алынып отыр. Бұған түсініс­тікпен қарауға болады. Бұл норма әлеуметтік төлемдер үшін бола берсін, ал енді ауыл шаруашылығын дамыту үшін, азық-түлік қауіпсіздігін сақтап, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін талап деңгейін көтеру қажет. Ол үшін азық-түліктің адам өміріне қажетті физиологиялық нор­масын Үкі­мет бөлек бекітіп, Ауыл шаруа­шы­лы­ғы министрлігі мен облыс әкім­деріне жоғары талап қоюы қажет. Пре­зидент беріп жатқан өкілеттікке сәй­кес Парламент тарапынан бақылау бол­­ған жағдайда ауыл экономикасы ел эко­но­­микасының драйверіне айналуына мүм­­кіндіктердің мол екені айқын.

Атамұрат ШӘМЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы