Жеті жарым сағаттық бейнетаспаларды таяуда қайта қарап, рахат сезіміне бөлендім. Суреткерді жаңаша, өзге қырынан танығандай болдым. Абыз ағамыздың аузынан шыққан жауһар лебізді сыр сандықта сақтай бермей, екшеп, ықшамдап, желісін де бұзбай, қаз-қалпында қағазға түсіріп, көпшілікке ұсынғанды жөн көрдім. Мұның әдебиетіміз үшін де, Әбдіжәміл Нұрпейісов мұрасын зерттеушілер үшін де пайдалы болатындығында күмән жоқ.
Былайғы әңгімені Әбдіжәміл ағамыздың өзі баяндайды.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.
Бүгінгідей кино, бейнетехниканың жоқтығынан әрі құнтсыздығымыздың кесірінен кезінде Мұхтар Әуезов секілді ұлыларымыздың не бір асыл сөздері жазылып алынбай қалды. Сол кемшіліктің орнын толтырайын, еліміздің көзі тірі қайраткерлерін сөйлетейін, естеліктерін, толғаныстарын жазып алып кейінгіге сақтайын деген мақсатпен ректор болып тұрғанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде телестудия ашқан едім. Сол студияда – әдебиетіміздің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовті ғана жазып алыппын. Мен университеттен кеткен соң, әттең, осы бір пайдалы іс жалғаспай қалды.
Әбең 2003 жылдың 25-29 шілдесі аралығында бес күн бойы университет студиясына келіп жеті жарым сағаттық байтақ әңгіме айтып берген еді. Қасына Ақселеу Сейдімбекті отырғызып қойып едім. Әбдіжәміл ағамыз ауызекі сөзге сараң, кірпияз, кез келген жерде сөйлей бермейтін, әркімге ашыла қоймайтын томаға-тұйық, тұңғиық аспандай терең кісі ғой. Құданың құдіреті, сол жолы ағынан жарылып, шешіліп сөйледі. Жеті жарым сағаттық бейнетаспаларды таяуда қайта қарап, рахат сезіміне бөлендім. Суреткерді жаңаша, өзге қырынан танығандай болдым. Абыз ағамыздың аузынан шыққан жауһар лебізді сыр сандықта сақтай бермей, екшеп, ықшамдап, желісін де бұзбай, қаз-қалпында қағазға түсіріп, көпшілікке ұсынғанды жөн көрдім. Мұның әдебиетіміз үшін де, Әбдіжәміл Нұрпейісов мұрасын зерттеушілер үшін де пайдалы болатындығында күмән жоқ.
Былайғы әңгімені Әбдіжәміл ағамыздың өзі баяндайды.
1
– Мен өзім ауызекі, шаппа-шап сөзге жоқпын, теледидарда қысыласың, аузыңа дұрыс сөз түспейді. Ал мына тізелесіп отырып әңгіме шертудің жөні бөлек. Ыңғайы келген сияқты. Әуелі бұл шіркінді бастау қиын, арғы жағы көзін ашсаң, бұрқылдап шыға беретін естелік бұлағы секілді. Менің өмірім жазылған хаттай, артыма бұрылып қарасам болды, көз алдыма сайрап шыға келеді.
Біздің ру жақайым, одан бәйдібек, одан бәйімбет шығады. Бәйдібек батырлау, бір тайпа елдің басшысы, көсем болған кісі. Әбілқайырмен бірде тіл табысып, бірде тіл табыса алмай, алшайысып жүретін өркөкірек, өзімшіл жан болыпты. Орыс офицерінің жазуында 1745 жылы қайтыс болды делінген. Батырды жерлеуге Нұралыхан және Есет батыр келіпті.
Бәйімбеттен біз тараймыз, інісі Келімбеттен Қырымбек Көшербаевтар тарайды. Жетінші атамыз Тайқожа батыр. Тайқожа атамыз құба қалмақпен біраз шайқасып, қолы басым түсіп, жеңіспен оралады екен.
О заманда қалмақ та, қазақ та көшпелі, бір соғыста атамыздың санына садақ жебесі тиеді. “Жау марқайып кетеді”, – деп жарасын жасырып, оқ тиген санын қанжығаға қайырып байлап, шайқаса берсе керек. Сөйтіп, жарасы асқынып кетеді. Ағасы Қыдырбай дереу сынықшы алып келіп көрсетеді. Сынықшы: “Аяқты кесу керек, әйтпесе өледі. Ол үшін төрт жерге төрт қазық қағып, аяқ-қолын байлап, екі жігіт кеудесінен басып отырсын”, – дейді. Өткір пышақ, тұзды су, түйенің шудасын алдырып, ем-дом жасауға кәдімгідей дайындалады. Сонда Тайқожа: “Көзім тіріде кеудеме ешкімді мінгізбеймін, шыдаймын, төзімім жетеді!” – деп дес бермей, аяқ-қолын кергізбей, тақиясын тістеп, ақырына дейін шыдап жатса керек. Сынықшы оқ тиген аяғын кесіп, байлап, сыртқа шығады. Жігіттер батырдың қарысып қалған жағын қылыштың ұшымен ашса – тістелген тақия қырқылып қалыпты. Содан әлгі атамыз Ақсақбөрі атанған. Бұл кісінің мінезін “Қан мен тер” романындағы Еламанның бәзбір тұстарына қиыстырып келтірдім.
Мына қызықты қараңыз. Қыдырбай атамыздың кескін-келбетін алып “Соңғы парызға” кіргіздім. Қыдырбай би бірде шөл ішінде ауылына қайтып келе жатса, алдынан тепсең көгі бар ойдым-ойдым қақ шығады. Сайға қырық шатыр тігілген, қырық нөкер қырық қызыл нарды шөгеріп тастаған. Керуеннің иесі сол кездегі айтқаны жүріп тұрған, елден салық жинап оралған Мәмбет правитель екен.
Есік аузындағы нөкерді серпіп тастап атамыз правительдің үстіне кіріп келеді.
– Ассалаумағалейкүм, – деп екі қолын ұсынса, тәкаппар правитель қолын беруге ерініп оң аяғын ұсыныпты дейді. Намысқа шыдай алмаған би әлгі аяқты қамшымен тартып жіберіпті.
Правитель қаһарға мінеді. Сол жерде Қыдырбайды ұстатып, дүре салады. Дүренің ауырлығы сонша – би: “Ай, мына жазадан өлетін шығармын, інім Ақсақбөріге бір талатармын сені деп”, – кейіген екен. Көп ұзамай көз жұмады.
Шындығында біраз уақыт өткен соң ауылының тұсынан өтіп бара жатқан Мәмбетті Ақсақбөрі жекпе-жекке шақырады. Ақсақбөрінің күші басым боп, Мәмбетті сауырға сыпырып бара жатқанда, әлгі правитель сауға сұрайды. Жекпе-жек соңынан екеуі биге жүгінеді. Би: “Бірі – батыр, бірі – правитель, татуластырайық” – дейді. Мәмбет правительге айып салады, Қыдырбайдың қызын Мәмбетке айттырып беруге кесім шығарады.
Алтыншы атамыз Қалдан жуас, қой аузынан шөп алмас момын кісі болыпты. Дегенмен, өз жөнін ақылына бағындырып отырады екен. Бесінші атамыз Арғынбай заманында би болған, сөз білетін, от ауызды кісі деседі. Бірде жол жүріп келе жатқан Арғынбай ауыл шетіндегі үйге келіп түседі. Үй иесі дастарқан жайып: “Ареке, алдыңызға жібек дастарқан жайдық, зерен қойдық, сол зерендегі асқа ат қойып ішіңіз”, – депті. Ыдыстағысы боза болса керек. Сонда Арғынбай тұрып: “Мынау мойтап деген ас екен, Ішіп ал да ой тап деген ас екен, Ақылды ішсе – дана болатын ас екен, Ақымақ ішсе – диуана болатын ас екен”, –- деп сусынды ерніне тигізіп, қайтарып беріпті деседі. Арғынбайдың басында құлпытас бар, оны баласы Сыланбай кірешілерге ілесіп Орынборға барған кезінде әкеліп орнатқан. Сыланбайдан – Нұрпейіс, Нұрпейістен – Кәрім, Кәрімнен – өзім.
Нұрпейіс 1878 жылы дүниеден өтті. Сыланбай өте бай болған. Орынборға кіре салған.
Тағы бір оқиға есіме түседі. Арғынбайдың кіші әйелі жас, емізулі баласы бар екен. Кенеттен қол ойнатқан биқұт қалмақ тиіпті. Жау жағадан алған кезде, әлгі жас келіншек дереу есін жиып, баласын бір кемпірге ұстата салып, белін буып, бұрымын төбесіне түйіп, жиде қаданы қолына алып, әйел басымен соғысқа кірісіп кетеді. Қалмақтарды тықсыра жөнеледі. Ат үстінде ерлерше шайқасып дес бермейді. Бір мезетте омырауы ашылып кетіп, әйел екені сезіліп қалыпты. Екі қалмақ кеудесіне қосыла найза салып, сол ұрыста анамызды өлтірген екен.
Әлі есімде, Сыланбай атамыз қызыл жүзгеннен мұрындық жасап отыратын. Маңайына жуықтаған жігіт-желеңге: “Сендер ғой жаспын, мықтымын дейсіңдер, кеуделеріңе нан піседі, шығыңдар, белдесейік”, – деп түрегелетін. Жігіт-желең үлкен кісінің қаһарынан қаймығып, беттемейтін. Әлі есімде: “Кеме қалған – кеме бар... Бір комендант келтірер”, – деп ыңылдап ән салып отыратын жарықтық. Әсте Орынбордан кіре тартып, орыстармен беттескен кезеңін еске алғаны болар, сірә. Жыра салып, қар суын тоқтатып, тары еккен жағдайы да бар. Әлгі жерді осы күнге дейін “Сыланбай қазған” деседі.
Әлім, шекті – жауынгер, өнерлі халық. Көтібардың әкесі – Бәтен, ал баласы – Есет батыр. Көтібар Шалқардан терістікте 74 шақырым жерде жатыр. Есет батырдың бес ұлы болған, кіші ұлы Дәу – кемтар, құныс болыпты. Батыр әлгі ұлына Тілеудің әнші, ақын, сұлу қызын айттырып алып бермек болады. Өзінің кіндігінен шыққан бір қызы бар екен. Ұзатамын дегенше әлгі қызы екіқабат болып қалады. Тілеудің қызы – есімі Таразы, келін болып түскенде екіқабат екен. Іште келген баланы батыр бірде “тәйт” деп қағып жібергенде, келіні ауыз жиғанша болмай:
Әй, ата, сен де кәріп, мен де кәріп,
Сен-дағы тұрған жоқсың тектен жарып,
Бұл үйге келген де екеу, кеткен де екеу,
Кетіпті үлкен үйге қыдыр дарып, – деп айтып салыпты. Өле-өлгенше келінін сыйлап өтіпті, өсекшілерге бет қаратпапты. Көші-қон кезінде Есет батыр келініне бұрылып, өзінің баласы кемтар Дәуді нұсқап, өлең шығаршы депті. Таразы сонда мүдірмепті:
Құйрығы келте келер торы тайдың,
Сықпытын көрмеймісің біздің байдың.
Құдайым жақсы болса алар еді,
Ғұмыры ұзақ болар осындайдың!
Сонда Есет батыр: “Мына келін жаман балама келген жоқ, аруағымды сыйлап келген екен ғой”, - депті. Сол Таразы – жазушы Таһауи Ахтановтың апалары.
Батақтың Сарысы деген болған. Ахмет Жұбановтың “Замана бұлбұлдары” кітабында Батақтың Сарысы туралы бір тарау бар. Өзі батыр, өзі әнші, орыстар атып өлтірген. Әндері шырқау, асқақ, биік регистрде. Жастайынан Шыманмен ұстасып үш рет түрмеде отырып шығады. Соңғы рет түрмеден шығып елге келе жатып:
Басына шықтым шауып Айырықтың,
Дауысымнан құйқылжыған айырылыппын,
Он екі ай қыз көрмеген сорлы басым,
Қатынға тезек терген қайырылыппын, –
деген сөздері әлі күнге ел аузында.
Баласы мен Батақтың атым Сары,
Кеудесі әрі-сәрі елдің бәрі.
Он екі ай қараңғы үйде жатқанымда
Қара шай бір қайнатым болды дәрі.
Баласы мен Батақтың ұзын мұрын,
Қараңғы үй көргенім жоқ бұдан бұрын.
Ат мініп, ала шапан киіп алып,
Сәндікке шығушы едік кешкіқұрым, – деген өлеңі есімде қалыпты. “Қыз қосқан”, “Тарлан”, “Аттың сыны” деген әндері әлі күнге халықтың аузында. Бұлардың маған тікелей қатысы болмағанымен, өзім сол Сары ақынның тұқымымын.
Өзім туған 1924 жылымды білгеніммен, айы-күнін білмеймін. Соғыстың алдында әкемнен: “Қай күні тудым?” – деп сұраған едім, “Оны қайтесің?” – деді. “Комсомолға өтейін деп едім”. “Ит біліп пе. Теңіз жағасына қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қасқыр тиді. Қасқыр қарнын жарған қара өгіздің етінен шешеңе қалжа жасап бердік. Ойымша, шамамен қараша болуы мүмкін”, – деген еді жарықтық.
Нұрпейіс екі сайлауда болыс болған, екінші сайлаудың ортасында мешіт ұстаған. Имамы Бұхарадан бітіріп келген Үмбет ақын. Беларан деген аласа тау бар. Қатпар-қатпар тас, алқа бел ұзын, бір тұмсығын теңізге сұғып жатады. Сол жердегі ауылда оқыдым. Бізде Арқадағыдай аштық болған жоқ, теңіз жағалап балық аулағанның өзегі талмайды екен.
Зәт дегеннің үйін жалдап оқыдық. Кейде әйелі шығып: “Бүгін сабақ болмайды. Қожайын ауырып қалды”, – дейтін. Ол күні қуанып үйге қайтамыз. Ақерке есімді сұлу апайымыз сабақ берді. Нұрпейіс ерте 53 жасында қайтыс болды. Қаңтарда әжем бақилыққа аттанды. Мен де шешемді мойындаған жоқпын. Нұрпейістің кенжесі болып өстім. Сол жылы өзім жалаңаяқ болған соң мектепке бармадым. Келесі жылы 2-ші сыныптан оқыдым. 3-ші сыныпты Құландыда, 4-ші сыныпты Көкаралда бітірдім. Менің оқуым ит тістеген терідей болды. 5-ші сыныптан бастап дұрыстап оқыдым. 6-шы сыныпта интернатта жаттым. Әр мектепте ауысып жүргендіктен сауатым шамалы болды. Әлі күнге дейін жазған сөйлемімнен көп қате жіберемін.
10-шы сыныпты оқып жүріп повесть жазғалы бел будым. Әскерден қайта оралсам – баяғы жазғандарымның бәрі жоқ. Қатесі көп еді, жоғалғаны жақсы болды.
Біраз жасадым. Еш уақытта бұл жасқа келемін деп ойламаппын. Тәркілеу болып жатқан уақыт есімде. Сол кездегі көп нәрсе көз алдымда. Ашаршылықты көрдім: өмірге өкпем жоқ. Қайғы-қасіреті, қуаныш-қызығы да көп болды. Аштықта есектің етін жегендер болыпты. Мектепте оқып жүргенімде күнде маған сүтке салып, бір кесе сөк беретін. Әкемнің екі әйелі болды. Кешқұрым туыстар біздің үйге жиналады. Көшелі атамыз кіріп келіп, екі келіні тазалап отырған шикі қаздың басын алып, тұмсығынан ұстап, аузына салып, ұзақ талмап шайнайтыны есімде қалыпты. Бұл аштықтың тіршілігі еді.
1943 жылы мартта лейтенант болдым. Әуелі ұшқыштар курсын оқытты. Курс маған қиын болды. Әуеге көтерілген кезде көп құсатын едім. Ұшақты қондыру да маған қиынға соғатын.
2
Әдебиеттің жолы мен үшін сәтті жол болды. Бәрі алақанына салды, баладай әлдиледі. Әдебиетті жастайымнан жақсы көріп өстім. Мұғалима Ақерке апайымыздың өзі шала сауатты еді. Өзім сауатсыз болсам да, кейіннен апайдың біреуге жазған хатын оқығанда көз жеткіздім. Қатесі көп екен. Тіл сындыртқан сол кісіге өмір бойы қарыздармын.
Алғашқыда қолыма түскен кез келген кітапты оқыдым. Таңдау, талғау жоқ. Тасқа басылғанның бәрін оқыдым. Ең қатты әсер еткен кітап С.Мұқановтың “Жұмбақ жалауы” еді. Есімде қалғаны: “Мына жазушы әр кейіпкерімен бірге жүріп жаза ма екен?” – деп ойлайтын едім. Сана шолақ-тын. 10-шы сыныпта “Балуан Шолақ” повесін оқыдым. Мен 16 жасымда әлгі кітаптан алған әсерімді өзек етіп “Балуан Шолақты” жаздым. “Соц. Қазақстан” газетіне жазған С.Мұқановтың оқырмандарына жауабы көп сабақ болып, көзімді ашты. Жазудың қиындығын ерте түсіндім.
“Қан мен терді” жазғанда Тәңірбергенге өзімнің әкемнің інісі Нәжім көкемнің бойындағы бар қасиетін, болмысын беруге тырыстым. Сүйеуді Сүйеубай дейтін кісінің болмысынан алдым. Ештеңе қосқаным жоқ. Көшіре салдым.
Шалқарға келгенде шешем мені көшеде жетектеп келе жатты. Кенет кілт тоқтады. Есімізді жисақ, бір байдың үйінің ық тұсынан жүріппіз. Бай үйінде пісіріп жатқан нанның иісі бізді есімізден тандырған екен.
Соғыстан кейін оқушы дәптеріне 12 бет етіп “Курляндия” деген роман жаздым. Дәптерге қара қаламмен жаздым. Поезбен Алматыға келдім. Күту залында жаттым. Ақшам болса да қонақ үй дегенді білмеймін. Көшеге шығып ұшырасқан адамнан: “Мұқанов қайда, Әуезов қайда, Мүсірепов қайда?”, – деп үшеуін кезек-кезек сұраймын, ешкім білмейді. Үшінші күн дегенде бір кісі: “Сен бұлай жүріп таппайсың, Жазушылар одағына бар”, - деп жөн сілтеді. Сонымен Панфилов паркінің төменгі жағында бір келте көшеден Одақ үйін тауып алдым. Есік аузында тұрмын. Басынан желегі түспеген жаңа түскен келіншек секілдімін. Бір кезде Тәжібаев келді, ақынды көргенде бойымды үрей билеп, тіпті, бұрышқа тығыла түстім. Бір кезде Әбішев келді, Хакімжанова келді. “Вильлис” деген мәшинемен Мұқанов келді. Ол кезде хатшы емес, төраға дейді. Мұқанов бөлмесінен шығып мені көрді. “Неге келдің?” – деп сұрады. “Сізге келген едім”, – дедім. Өзімде іштей екі жоспар болды. Егер жазғаным ұнаса – өз аты-жөнімді айтамын, егер ұнамаса – жалған аты-жөн айтамын ғой деп ойладым. Мұқанов аты-жөнімді сұрағанда мен: “Каримов”, – дедім. “Қазір менің қолым тимейді, шаруам көп, Ғабиден Мұстафин деген жазушы бар, соған жіберсем ренжімейсің бе, менің баяндамам бар еді”, – деді. Мұстафинге тілдей хат жазып берді. “Ғабиден! Мына Кәрімов жолдастың шығармасын оқып маған ертең түстен кейін келіп пікіріңді айтуыңды өтінемін, Сәбит” – деген записка.
Ол кезде Ғабиден Мұстафин “Әдебиет майданы” деп аталатын журналдың бас редакторы екен. Үйін тауып алып, Сәбең берген хатты ұсындым, оқушы дәптеріне қара қарындашпен жазылған шимай-шатпағымды ұсындым.
“Бұл не?” – деді. Мен бетім бүлк етпестен: “Роман”, – дедім. Мырс етіп күлді: “Шырағым, роман деген үлкен нәрсе, мынауың 12 бет, не айтуға болады”, – деп тосылып қалды. “Тамақтан кейін ұйықтап алатын едім, бір жарым сағаттан кейін кел”, – деді. Ұйқыдан өліп бара жатырмын.
Вокзалдың күту залында үш күн шала ұйқы болған адаммын. Көшеге шығып әр есікті қағамын. “Ұйықтап алайын”, – деп өтінемін. Ешкім кіргізер емес. Әлден уақытта бір орыс әйелі есігін ашып бетіме қарап ойланып тұрды да, бәлкім үстімдегі лейтенант киімім әсер етті ме, мүсіркеген сыңаймен үйіне кіргізді. Қуықтай қараңғы бөлмесіне өткізді. Сынық диванға құлай кетіп едім, қандала ду еткізіп түтіп қоя берді. Соған қарамай қатып ұйықтаппын. Ертесіне Сәбит Мұқановтың бөлмесінде кездестік. Мұстафин: “Жазу қолыңнан келеді екен”, – деп айтқаны сол – қуанып кеттім. “Ағайлар, кешіріңіздер. Менің фамилиям Каримов емес, Нұрпейісов” деп шынымды айттым сол жерде.
Мұқанов осы оқиғадан кейін біраз ойланып отырып қалды:
– Бала, енді не істейсің? - деді.
Мен:
– Елге барып романымды жазсам, – дедім. – Әкем соғыста өлген. Елде бір немере апайым бар еді, соғыстың алдында татардан сатып алған үйі бар еді, күйеуі соғыстан қайтады – дедім.
Сол жерде Мұқанов телефонды біраз бұрап Талалаев деген кісіге қоңырау шалды, сөйтсем, әлгі кісі сол кездегі Главиздаттың бастығы екен. Жарықтық Сәбең сол жерде қадалып отырып, мен үшін қалам, қағаз сұрады. Дереу жеңіл мәшинесін беріп, әлгі телефон шалған бастыққа барып қайтуымды өтінді. Талалаев маған 11 келі қағаз босатты. Қайтып оралдым.
Сәбең иығына ауыр жүк түскен кісідей біраз ойланып отырды:
– Ауданнан райкомды танисың ба? – деді.
Мен райком дегеннің не екенін білмейтінімді айттым. Жазушы ағамыз көп әуреленіп, тағы бір қосымша жігіттерді жұмсап, Шалқар аупарткомының бірінші хатшысының аты-жөнін сұрап біліңдерші деді. Ертесіне келсем, Мұқанов Шалқардағы Букешев Дәден деген райкомның бірінші хатшысына хат жазып қойыпты.
Әлгі хатты ерінбей машинкаға басқызыпты.
“Мына жігіт дарынды, болайын деп тұр, роман жазады, шығармасын аяқтағанша жәрдем беріңіздер” – деп жазыпты.
Рахмет айтып, хатты алып, қоштасып шығып бара жатқанымда Сәбең қарлығыңқы дауысымен:
– Бала, Пролетарская 11 деген адреске хат жазып тұр, жоғалып кетпе! – деп қатты тапсырды.
Шынымды айтсам, сол кезеңде өзімнің тарапымнан қозғау, сұрау, жалыну болмапты. Мен үшін күйіп-жанып, өзі ойланып, өзі кесіп-пішіп, бар істі тындырып жүрген Сәбең ағамыз екен. Мұндай жақсылықты әкемнен де көрген емеспін.
Сол кезде үлкен жазушы ағамыздың жойқын қызметін я балалықпен, я шалалықпен сезіне бермеппін. Осының бәрін кейін ойлап өз-өзімнен қысыламын баяғы.
Қаңтардың 1-і күні жол қапшығымды арқалап елге шықтым. Шалқардан ауданның басшысын көп іздедім. Райком кеңсесін іздеп жүріп тауып алдым. Букешев әкеліп берген хатымды асықпай оқып шықты. Хизматулин деген қалалық сауда бөлімінің бастығын шақырып алды. Ерінбей отырып тізім жасады. 22 зат, ішінде тұз, сіріңке, сабын, тағы сондайлар толып жатыр. Таңғалғаным сонша, талып түсе жаздадым.
Әскерде жүргенде тамақ байдан, өлім құдайдан деп жүре беріппіз. Төрт жыл соғыста елдің жағдайын еш білмейді екенбіз. Коммунизмде жүріппіз. Енді келіп қарап тұрсақ, елдің жағдайы өте ауыр, тұрмыс жұтаң, нан, тұз, сабын бәрі карточкамен беріледі. Елде жылан жалағандай, түк жоқ. Ішетін тамақ жоқ. Қарындаш-қағаз жоқ. Кілең жамау-жасқау, өрім-өрім киім.
Апайым барып әлгі 22 түрлі затты алып келгенде – көршілер ебіл-себіл, жалаңаш, аш, аспаннан шұға жауғандай сезінді. Сонымен мен 1947 жылы 1 қаңтар күні романға отырдым.
Көшеге шығып бір қызбен танысып, аздап жүріп қойдым. 10-шы сыныпты бітірген әп-әдемі қараторы бойжеткен екен. Алдында мектеп директорымен байланысы болған секілді. Екіқабат болып қалды.
Ұзамай Аралға кетіп қалдым. Бізге шөбере, Рыбсоюзда бас бухгалтер болып істейтін, үш бөлмелі үйі бар, тұрмысы тәуір ағай бар еді, соны сағаладым. Мамыр айында Сәбит мені шақырды. Бардым. Жазғанымды көрді де, Т.Нұртазин есімді сыншыға оқытуға жіберді. Қонақ үй қымбат, жатқанда – вокзалда күту залында жатамын. Сағат екіден кейін ғана ұйықтауға болады. Нұртазин жазба түрде пікір жазып берді. Қайта айналып Сәбитке келдім. Кешқұрымғы уақыт. Сәбит кетейін деп жатыр екен: “Мәшинеге мін, жолай апарып тастайын”, – деді маған бұрылып: “Қай қонақ үйде жатырсың?”.
Мен екінші вокзалда, күту залында қонып жүргенімді айттым.
– Ойбай, көтек, – деді, сөзі сондай еді Сәбеңнің. – Ендеше Өксікбай, үйге тарт, біздің үйге барамыз, – деді жүргізушісіне.
Сәбеңнің үйі Артиллерийская 35, осы күнгі Құрманғазы мен Фурманов көшесінің бұрышында, особняк үйде екен. Мәриям жеңгей күліп қарсы алды. Ұйқыдан өліп бара жатырмын.
– Мәке, мынау пақыр бала вокзалда жатады екен. Бүгінше үйде қонып шықсын, – деді Сәбең.
Ғұмырымда бірінші рет, 47 жылы мамырда, ас үйдегі диванда, асты-үстім әппақ сейсеп, рахаттанып қатып қалыппын. Ертеңгісін бауырсақпен шай іштік. Сәбең сөз бастады.
– Мәке, пақыр бала вокзалда жатады екен, әдебиетші, шығармасын оқыдық. Кеткенше біздің үйде жатсын, – деді.
Сонымен, Сәбеңнің алты баласы бар екен, жетінші баласы болдым. Астымда әппақ төсек, алдымда ыстық шай, жылы үйде жатамын. Ұйқыдан өліп қалған басым күнұзаққа домалап жата беремін. Төрт күннен кейін қайтатын болдым. Жол жүрерде Сәбең:
– Сен, бала, телефонды жазып ал, енді келетін болсаң 42-15 телефонға званда, я хат жаз, я хабарлас, – деп қатты тапсырды.
1947 жылдың қазан айында жас жазушылардың республикалық кеңесі өтті. Семейден – К.Оразалин, Ақтөбеден – Т.Ахтанов, соғыстан жақында оралған беті С.Мәуленов, Ж.Молдағалиев, содан кейін С.Шәймерденов, ығай мен сығай сеңдей ығысады. Мендей емес, керемет дайындығы бар ма, Тахауи сөз сөйледі. Сол сөзімен-ақ Союзға мүшелікке өтті. Зейнолла бір өлеңімен мүшелікке өтті. Сол жолы Кәмен одаққа мүше болып өтті. Мен өткенім жоқ.
Елге қайттым, баяғы романды аяқтасам деймін.
Аралдың шет жағында, ауданда, ағайдың үйінде тұрып жаттым. Таң қараңғысынан оянамын, үй мұздай. Отын аз. Сығырайтып майшам жағамын. Әлі күнге ерте тұратыным содан. Саусағым, мұрным қатып қалады. Көрпеге оранып отырып жазу жазамын. Ағай мен жеңгей қолдан келген жағдайын жасап бағады.
1948 жылы наурыз айында бірінші хатшы Ж.Шаяхметов, идеология хатшысы І.Омаров ел-елден жазушыларды шақырып жиналыс өткізді. Сол жиналыста Сәбит сөйлеп:
– Нұрпейісов әскерден келді, роман жазып жатыр, талантты, менің қазақ әдебиетінде жиырма жыл күткен адамым енді келді! – деп жұртты елең еткізіпті.
Бұл жолы жазғанымды тағы қарауға Нұртазинге жіберді. Артынша Мүсіреповке жіберді. Мүсірепов ыңыранып сөйлейтін кісі екен, наурыз айында ЦК-да өткен жиналыста болғанын айтты: “Сәбит бүлдірмей жүрмейді. Жиырма жыл күткен адамым келді деді. Сонда Шаяхметов: “Сәке, жас жігітті бұлай мақтауға болмайды”, – деп қайырып тоқтатып тастады”, – деді.
Сәкең бұдан бұрын бұл оқиғаны өзіме айтқан: “Сол сөзім Мүсіреповке тиіп кетті”, – деген еді. Ішім қылп ете қалды.
Әңгімеміз жүйесіздеу болып бара жатыр ма, қайдам. Бұл өзі архивке берілетін материал, қажетке жарайтын болса, маңызы табылса – осынау ажарсыз әңгімеден бірдеңе шығып қалар. Бір аңғаратын, астын сызатын жәйт: кішкентайымнан, көзімді тырнап ашқаннан – талпыну, ынта, жігер тегіс айтылды. Сол кездегі Сәбең, Ғабиден, Нұртазиннің ықылас-пейілі, қамқорлығы, адамшылығында шек жоқ. Сәбең жарты жылда алдына бір шақырып алады. Шақырып алады да былай дейді:
– Мына қағазды ал, өтініш жаз, менің атыма, 3 мың сом сұрап жаз, – дейді.
Өтініш жаза алмайтынымды айтамын. Сонда өзі айтып отырып жазғызады. Бұрыштама соғып ылғи қолыма 3 мың сом ұстатқызады. Бұл не қылған батпан құйрық деп ойлаймын. Сөйтсем, литфондыда жас жазушыға арналған қайтарымсыз жәрдем болады екен. Кейін білдім ғой.
1948 жылы мамырда болар, Сәбеңнің үйінде жатам. Бір жолы Мұстафиннің үйіне қондым. Ертесіне қайтып айналып үйге келсем – үстел үстінде қағаз жатыр. Сәбеңнің кіші қызы тілі келмей, мені “Әбижәми” дейтін, қайтыс болғанға дейін мені “Әбижәми” деп өтті. Сол запискада төмендегіше сөздер жазылыпты. “Әбижәми! Мүсіреповпен келістім. Шығармаңды оқитын болды. Үйіне барып оқытып тұр. Есіңде болсын, Ғабит мендей жалпақшешей емес, алды тар, қытымыр адам, байқа”, – деп жазыпты.
Осы жерде есіме түсіп отыр, Жамбыл – өзіміздің Жәкең – өзі білетін әдебиет маңайындағы адамдарға ат қойғыш еді. Мысалға: Сәбитті – Балуан Шолақ дейтін; Ғабитті –Иіс май дейтін; Әуезовті – Қоңыр; Әбділданы –Толағай; Шаяхметовті – Таз; Оңдасыновты – Қоңырат; Ғали Ормановты – Ұнға басын тығып алған бұқпа торғай бала; аудармашы Павел Кузнецовті – Шернейсоп дейтін. “Ол кісі ренжіп қалады ғой”, – десең: “Қызын пәлен етейін, сендерше солай шығар, мен үшін әлгі орысың Шернейсоп”, – деп тұрып алатын. Шамасы жас кезінде Ташкенге кірешімен бірге барғанда Шернейсоп (Чернышев) деген орыспен істес болса керек.
Осы кісілер, ағаларымды айтамын, неге екенін білмеймін, әдебиетке апыл-тапыл жаңа ғана келген маған ерекше қамқорлықпен қарады. Алды тар, қытымыр дейтін Ғабиттің өзі бауыр тартып басқаша қарады: Кенен Әзірбаев ол кісіні князь дейтін. Хұсни жеңгей көйлегін өтектеген кезде су бүрікпей, су орнына тройной одеколон бүркіп өтектейді екен. Сол кісінің өзі жазғанымды оқып шығып, сөзімді тыңдап: “Пікірімді орысша жазайын ба, қазақша жазайын ба”, – деп сұраған еді. Мен қысылып қалдым. Ол кісілердің алдында өзімді әдеппен, кейде кереметтей ибалы ұстаушы едім, Сафуан, Тахауи емін-еркін сөйлесетін. Өзім қысыла беретінмін.
Ғабең пікірін жазып, Союздағы Валентина Петровнаға басуға беріпті. Пікірі төмендегіше шықты. Қайнекей хатшы, оқып берді. “Қазақ көркем сөзінің мықты бір тұлғасы болады деген сеніммен!” деп жазыпты. Алды тар, қытымыр, тәкаппар, тік мінез деген кісінің жазғаны осындай.
Сол хаттардың, записканың бірі де жоқ. “Курляндияның” қолжазбасы да жоқ. Баяғы ауыл баласының ойлау қабілетімен қалдым. Ешқандай қолжазбам сақталмапты. Қазақы, кеңқолтық, жайбасарлығым жеңіп кете ме, батыстың мәдениетіне, қабілетіне үйрене алмай-ақ қойдым.
Мені тұлғалар өсірді. Өсу – жас кезде де, есейген шақта да үзілмейді екен. Шынын айтсам, кәсіби шеберлік жағынан бір ықпал, жүріс-тұрысы жағынан бір ықпал, ойымен, парқымен бір ықпал ететін адамдар өмірде көп болды. “Сізге қоғамда кімдер ықпал жасады” дегенде соғыстың алдында да, соғыстан кейін де жазушылығыма бірі – Әуезов, екіншісі – Мұқанов үлкен ықпал етті. Бәріне тоқтала бермей-ақ қояйын.
Соғыстың алдында, соғыстан кейін де бір-біріне текетірес екі көзқарас, екі пікір қайшылығы алдымызда көлденеңдеп жатты. Осы екі текетірестің басында екі үлкен тұлға тұрды: Бірі – Әуезов, екіншісі – Мұқанов. Екеуінің көзқарасы көбіне бір-біріне қайшы келіп жатты. Әдебиет бұл күнгідей емес, қызықтау еді. Қолжазбаға, жаңа дүниеге немкетті қарамайтын, жанын салатын. Одақ іргесінде талқылау қызу жүріп жататын. Пьеса, поэма, роман болсын, я Одақта, я бір үйге жиналып алып оқып, дуылдасып талқылап жатушы едік. Айтыс қызу жүретін. Ресейде, өткен ғасырда “литературный салон” деген болды. Біздің бас қосуымыз соған ұқсайтын. Кешегі күні ПЕН-клубты сондай қызу талқылау үшін ұйымдастырған едім, жылы пейілмен ұшырасатын дастарқан басын, пікір-талас үстелін құрғым келді.
Сәбең “Шоқан Уәлиханов” пьесасын үйіне кісілерді жинап, дастарқан басында отырып талқылаған еді. Жиында Шыңғыс Айтматов болды. Сызданып отырып Ғабит Мүсірепов соңынан сөйледі. Әлі есімде: “Ақылдың қасіреті” пьесасында Чацкий Петербордан кететін кезде –азып-тозып бара жатқан қоғамға, надан қауымға, тоғышарларға қаратып айтпаушы ма еді: “Маған күйме! Әкеліңдер күймені!” – деп. Шоқан да сол Грибоедов кейіпкері секілді бір сілкініп алып, тоғышар, тымырсық қауымнан кетуі керек қой”, - деп көсілген еді ол кісі. Содан кейін Одақта талқыланды. Ол талқылауда Мұхаң ұзақ төгіліп сөйлеген еді.
(жалғасы бар)