Мәжіліс депутаты Екатерина Никитинская Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау мақсатында Алматы қаласындағы Түрксiб ауданына қарасты №83 мектеп-гимназия ұжымымен кездесті.
Кездесуде сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Е.Никитинская Жолдаудың мән-маңызы мен ерекшелігін көпшілікке кеңінен түсіндіріп, онда көрсетілген бес басымдықтың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Әсіресе, ол білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударып, жан-жақты талдап берді.
Халық қалаулысы, әсіресе, маңызды салалардың бірі болып табылатын білім беру мәселесін тереңнен сөз етті.
«Мемлекет басшысы Жолдауының төртінші басымдығы адами капитал сапасын жақсартуға арналған. Бұл – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салаларын дамыту жөніндегі жүйелі көзқарас. Экономикалық өсудің жаңа моделінде білім беру орталық буынға айналуға тиіс. Біріншіден, оқу бағдарламаларын жаңғырту, яғни «сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамыту, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру» жөнінде міндет қойылып отыр. Қазір мазмұны жаңартылған оқу бағдарламалары мен оқулықтарын, сондай-ақ білім алушылардың оқу жетістіктерін өлшемшартпен бағалау жүйесін кезең-кезеңмен байқап көру жұмысы аяқталды», – деді депутат.
Сұхбат түрінде өткен кездесу барысында оқу орнының ұстаздары көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Сонымен қатар, Жолдауда көрсетілген міндеттерге орай өз ұсыныстарын да білдірді. Ал депутат маңызды құжатта жүктеліп отырған жауапкершілікті терең сезінуге және оның орындалуына бірге атсалысуға шақырды.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ