13 Ақпан, 2017

Банктердің ең көп қаржы салатын салалары анықталды

169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Несие нарығында салалық трансформация. Көтерме сауда, өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы банктердің ең көп несие беретін салалары болып шықты. Тау-кен өнеркәсібі, көлік инфрақұрылымы мен құрылыс салаларынан несие капиталы біртіндеп ығыса бастады. Бұл туралы Finprom.kz жазады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, несие беру көрсеткішінің ең көп азайған саласы ретінде тау-кен секторын атауға болады. Бұл саладағы несие портфелі төрттен бірге (112,5 млрд) азайды. Ал көлік инфрақұрылымының банктен алатын қаржысы 8 пайыз азайса, құрылыс саласы 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы несиені 5 пайыз аз алған. Сонымен қатар, бөлшек сауда да несие алуды азайтқан. Мұнай өндірісі ісінде 1 пайыз азаю байқалды. Ипотека мен тұтыну несиесі де күрт төмендеді. Тұтыну несиесінің азаюына сарапшылар тауарды онлайн қарызға алудың енгізілуімен түсіндіреді. Өңдеуші өнеркәсіп керісінше, несие ресурсын өзіне көбірек тарта бастады. Бір жылда сала портфелі 22,8 пайызға ұлғайды. Банктер басым секторлардағы итндустрияландыру мен кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламалары бойынша да несие беруді көбейтті. Екінші орында телекоммуникация саласы. Саланың алған несиесі 8 пайыз ұлғайды. Дегенмен, жалпы банктредің берген несиесінің ішінде бұл саланың алғаны тек 1 пайызды ғана құрайды. Несие алуға бұл саланың ең үлкен кедергісі - IT компаниялардың кепілдікке қоятын мүліктерінің болмауы. Мүмкін, биылғы Жолдауда айтылған "сандық экономикаға" көшу туралы бастамадан кейін салаға берілетін несие көлемі ұлғаяр. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктердің ең көп несие беретін саласы ретінде сауда саласы өз орнын жоғалтқан жоқ. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, банктік қарыздардың 22 пайызы осы салаға тиесілі екені анықталды. Сауда саласының алған қарызы 2,78 трлн теңгені құрады.