2012 жылғы 9-10 ақпан аралығында ЭКСПО-2017 көрмесінің Комиссары Рәпіл Жошыбаев Грекия Республикасында жұмыс сапарымен болып, ел астанасы Афина қаласында бірқатар мемлекеттік қызметкерлермен кездесу өткізді.
Сапар барысында Грекияның қоршаған орта және энергетика министрі Георгиос Статакиспен, Экономика және даму министрлігінің бас хатшысы – Грекия ұлттық секциясының комиссары Илиас Ксанфакоспен, сонымен бірге «Enterprice Greece» атты Грекияның ірі ұлттық компаниясының төрағасы Христос Стайкостармен екіжақты кездесулер өткізілді. Энергетика және экономика министрлігінде өткізілген кездесу барысында Рәпіл Жошыбаев грекиялық ведомство басшыларымен Эллада елінің Астана қаласында өтетін халықаралық көрмеге қатысу мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен бірге, ол осы кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының маңызын тілге тиек етті. Атап айтқанда, Рәпіл Жошыбаев кездесуге қатысушыларға еліміздің жаңа экономикалық модельге көшкендігін және цифрлы технологияны қолдана отырып, индустрияны дамытудың жаңа мүмкіндіктерін белгілегендігін атап көрсетті. ЭКСПО-2017 көрмесінің комиссары грекиялық бизнесмендерді ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі ұйымдастырылатын елордадағы халықаралық көрмеге белсене қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Грекияның Энергетика министрі Астанада өтетін көрмеге өз елінің халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкестендірілген нақты энергетикалық инфрақұрылымды паш ететіндігін айтты. Грекия жаңғырмалы энергиялық қуат көздерін дамыту мәселесінде ерекше тәжірибе жинақтаған. Бүгінде бұл елдің электр энергиясына деген қажеттілігінің 20 пайызын күн энергиясы қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, Грекия жаңғырмалы энергия көздерін дамыту мәселесіндегі бұл мүмкіндіктермен шектеліп қалмақ емес. 2020 жылға дейін бұл ел жаңғырмалы қуат көздерінен алынатын электр энергиясының үлесін 30 пайызға жеткізбек.
Кездесу қорытындысында, ЭКСПО-2017 көрмесінің Комиссары Р.Жошыбаев пен Грекияның Экономика және даму министрлігінің бас хатшысы И.Ксанфакос грекиялық тараптың Астанада өтетін халықаралық көрмеге қатысуы туралы келісімшартқа қол қойды.
Дайындаған
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»