Нидерланд Сыртқы істер министрлігінде осы елдің ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысуы қарсаңында арнайы интернет-сайттың ресми тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл интернет-ресурс Нидерландтағы Сауда және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттіктің электрондық порталының базасы негізінде дайындалған, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Сайтта ең алғаш рет Нидерландтың ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған логотипі мен «Low Land, High Energy» деген жазуы бар ұраны (слоган) таныстырылған. Осы арқылы нидерландтықтар баламалы энергетика саласындағы озық технологиялар мен инновацияларды әзірлеудегі өз жетістіктерін көрсетуге тырысқан. Интернет пайдаланушылары сайттан нидерландтықтардың ЭКСПО-2017-ге қойылатын ұлттық павильоны туралы ақпараттарды, іс-шаралар бағдарламасын, сондай-ақ, Қазақстан туралы пайдалы мәліметтерді таба алады.
Мәселен, сайттың Қазақстанда бизнесті жүзеге асыру» тақырыбындағы бөлімінде Астанадағы көрме голландиялық кәсіпкерлерге баламалы энергетика, ауыл шаруашылығы, «жасыл» технологиялар мен инновациялар секілді салаларда іскерлік байланыстарды жақсартуға үлкен мүмкіндік беретіні айтылған.
Сонымен қатар, бұл елде студенттерге – «жаңашылдардың болашақ буынымен» жұмыс жүргізуге де айрықша көңіл бөлінген. Бұл ретте, Нидерланд делегациясы ЭКСПО көрмесі кезінде голландиялық және қазақстандық студенттер арасында білім жөнінен тәжірибе алмасуға бағытталған «Innovation Challenge» акциясын өткізуді көздеп отыр.
Аталған сайттың ресми түрде ашылу рәсімінің алдында Қазақстанның Нидерландтағы елшісі Мағжан Ілиясов Нидерландтың Ұлттық комиссары Ханс Дриссермен кездесті. Кездесу барысында Нидерландтың ЭКСПО-ға және 22-23 ақпан күндері Астанада өтетін Халықаралық комиссарлар жиналысына қатысуына дайындық барысы талқыланды.
Сонымен қатар, қос тарап Нидерландта ЭКСПО-2017-ге арналған ресми сайттың ашылуы Астанада өтетін халықаралық көрмеге қатысушылар мен қонақтарды көптеп тартуға сеп болатындығына сенім білдіруде.