Сайлауға бұл жолы тоғыз кандидат түсті. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жартысынан көбінің қолдауына ие болған кандидат жеңімпаз атанады. Сайлаушылар тізіміне 3 миллион 223 мың 455 адам енгізілген.
2016 жылдың 14 қыркүйегінде қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, президент өкілеттігі бес жылдан жеті жылға ұзартылды. Сонымен қатар, президенттің жасы 70-тен жоғары болмауы керек деген шектеу алынып тасталды.
Түрікменстан президенттігіне кандидат, елдің қазіргі басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов отбасымен бірге жексенбі күні таңертең дауыс берді. Сайлау учаскесіне президентпен бірге оның әке-шешесі де келді. «Бүкіл халқымыз ел үшін маңызды оқиғаға қатысуда. Миллиондаған адам конституциялық құқығын пайдаланып, еріктерін білдіріп жатыр. Олар болашақ алдындағы ұлы жауапкершілігін сезініп, жоғары мемлекеттік қызметке алдағы жеті жылға лайықты деген кандидатқа дауыс беруде», деді Г.Бердімұхамедов.
59 жастағы Гурбангулы Бердімұхамедов Түрікменстанда билікке 2006 жылдың желтоқсанында елдің тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязов қайтыс болғаннан кейін келді.
Ал 2012 жылы ол сайлаушылардың 97% даусымен екінші мерзімге сайланды.
Осы ретте Түрікменстанда президент сайлаудың кейбір ерекшеліктеріне тоқтала кеткенді жөн көрдік. Түрікменстан Конституциясы бойынша президент – мемлекеттің және атқарушы биліктің басшысы. Ел тәуелсіздігінің, бейтараптығының, территориялық тұтастығының кепілі.
Түрікменстан президенті тікелей сайлауда жеті жылға сайланады және ант берген сәттен қызметке кіріседі.
Дауыс беру құқына 18 жасқа толған ел азаматтары ие. Сот шешімімен істеген ісі үшін заң алдында жауапкершілігі жоқ деп танылған адамдар және түрмеде жазасын өтеушілер сайлауға қатыса алмайды.
Түрікменстан президенттігіне кандидат ретінде Түрікменстанда туған, жасы 40-тан төмен емес, мемлекеттік тілді білетін, соңғы 15 жыл бойы Түрікменстанда тұрған, мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктерде, кәсіпорындарда, мекемелерде жұмыс істеген Түрікменстан азаматын ұсынуға болады.
Кандидатты саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Құрылтайға қатысушылардың жартысынан көбінің даусын жинаған жағдайда үміткер сайлауға ұсынылған болып саналады.
Азаматтардың тобы ұсынған жағдайда, кандидат болып тіркелу үшін кемінде 10 мың сайлаушының қолы керек.
Кандидаттарға теле-радиоарналардан теңдей эфир уақыты (күніне кемінде бір сағат), баспасөзден бірдей көлемде орын беріледі.
Сайлаушылардың белсенділігі қандай деңгейде болғанына қарамастан, сайлау өткен болып есептеледі.
Дауыс беруге қатысқандардың жартысының көбіне ие болған кандидат жеңген болып саналады.
Түрікменстан президенті ел Конституциясына оң қолын қойып ант береді.
Салтанатты жиынның төрағасы, Түрікменстанның бес уәлаяты және Ашғабаттың атынан келген ақсақалдар мемлекет басшысына Түрікменстан президентінің куәлігін және белгісін табыстайды. Президент екінші мерзімге сайланған болса, Президент белгісі қайта табыс етілмейді.
Инаугурацияда Түрікменстан президенті алдына ақ киіз төселеді. Президентке дәстүрлі түрікмен сачагы (нан орайтын қасиетті дастарқан), жебе салынған қорамсақ, Құран және Рухнама тартылады.
Бұдан кейін президент Түрікменстан азаматтарына арнап қысқаша сөз сөйлейді.
Ержан ӘБДІРАМАН,
«Егемен Қазақстан»