19 Қаңтар, 2010

ҚАНДЫАҒАШТАҒЫ ҚУАНЫШТЫ СӘТТЕР

1446 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Бұл – облыстағы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған Мұғалжар ауданының орталығы, үстімен Алматы және Атырау, Маңғыстау бағыттарына темір жол және асфальт жол өтетін тоғыз жолдың торабына орналасқан болашағы зор қала. Кезінде осы өңірдегі Шилісай фосфорит және мұнай кеніштерін игеруге келген келімсектер өздерінің ежелгі отандарына қоныс аударғанда көп үйлер бос қалып, қаланың коммуникациялық жүйелері істен шығып, біраз қиындықтарды бастан кешкені де рас. Оның зардабы күні кешеге дейін тұрғындарға бірқатар тұрмыстық қолайсыздық тудырып, қандыағаштықтарды біраз әбігерге салған-ды. Соңғы жылдары ауданның экономикасы дамып, көптеген кәсіпорындар іске қосылды, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бюджет қоржыны толығып, бірқатар шаруаларды тындыруға қол жеткізілді. Соның айқын дәлелі ретінде Қандығаш қаласында жаңа жыл табалдырық аттар сәтте бірнеше әлеуметтік нысандардың пайдалануға беріліп, халықтың игілігіне қызмет ете бастағанын айтуға болады. Қараусыз қалған үй қалпына келтірілді Қандығаштың өзекті мәселесі – қараусыз қалған тұрғын үйлер болатын. Бір жылдары осындай күйге ұшыраған тұрғын үйлердің бір­қатарын арзанға сатып алған пы­сықайлар орнына үйінді қал­ды­рып бұзып әкетсе, бірқатарының төрт қабырғасы ғана қалып, қаңы­рап бос тұрған еді. Соңғы кездері осындай бірнеше тұрғын үйді күрделі жөндеп, баспана қиын­дығын көріп жүргендер үшін қолжетімді пәтер мәселесін ше­шудің ізі ашылған-ды. Бұған дейін қаланың “Жастық” шағын ауда­нан­дағы екі үй қайта жарақ­тан­ды­рылып, қалпына келтірілді. Енді 120 пәтерлі тағы бір тұрғын үй ха­лықтың игілігіне айналды. Күні кеше қаланың көркін бұзып тұр­ған бұл үйді қандыағаштықтардың өздері де танымай қалды. Іші-сырты еурожөндеуден өткен тұр­ғын үй көздің жауын алатындай жұтынып тұр. Салтанатты сәтте сөз алған Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов осы үйді күрделі жөндеуге аудандық бюд­жет­тен қаржы бөлуге облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолдау көрсеткенін жеткізді. Бұл тұрғын үйді қалпына келтірген “Әлихан-Ойл-З” ЖШС — құрылыс сала­сында өзіндік қолтаңбасы қалып­тасқан кәсіпорын. Бұған дейін де Алға қаласында қараусыз қалған екі көп қабатты, Қандыағаш қала­сындағы 60 пәтерлі тұрғын үйге, Қобда және Мәртөк аудандық аурухана­лары­на күрделі жөндеу жүргізген серіктестік осы үйді қалпына келтіру барысында 267 млн. теңге қаржы игеріпті. Құры­лыс жұмыс­тарына жергілікті 250 адам тар­тылыпты. Есік-терезелері пластиктен жасалған, балконына дейін терезе қондырылған, жертөлесі құрғақ, су, жылу және кәріз жүйелері жаңартылған тұрғын үйдің кемдігі жоқ. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, жаңа жылда тағы да осындай қа­рау­сыз қалған екі көп қабатты тұр­ғын үйді күрделі жөндеп, қалпына келтіру қолға алынбақшы екен. Сонда қалада баспанаға зәру біраз отбасының пәтер мәселесі шеші­мін таппақ. Газ, су келіп тұр, жылу жақсарды Қандыағаш қаласы жыл сайын қанатын кеңге жайып келеді. Ке­шегі үдере көшу кезінде қалаға келіп қалған ағайындар өсіп-өніп, тұрғындар саны көбейгелі жеке тұрғын үй салу да қарқын ала бас­тады. Қазір тұрғын үй пробле­ма­сын шешу мақсатында осында жа­ңадан екі шағын аудан бой көтеріп келеді. Уақыт талабы жеке тұрғын үй­лерді де коммуникация жүргізіл­ген жерлерге салу қажеттігін алға тартып отыр. Қазір “Болашақ” шағын ауданында салынатын 195 үйдің 95-інде, ал “Самал” шағын ауданында салынатын 500 үйдің 80-інде адамдар тұрып жатыр. Аудан әкімі сол күні осы шағын аудандарға тартылған су және газ құбырының тұсауын кесті. Осы инженерлік жүйелерді жүргізуге республикалық бюджеттен 200 млн. теңге бөлініп, толықтай иге­рі­ліпті. Қазір су және газ құбыр­лары көшелерге жүргізіліп болып­ты. Газ бөлу стансасы да дайын тұр. Енді тұрғындар газ бен суды үйлеріне кіргізіп жатқан көрінеді. Қаладағы кеңес дәуірінде де үлкен проблема болып келген жы­лумен қамту да оң шешімін таба бастапты. Бұл мәселені шешу­ге алғышарт жасаған “Коммуналь­щик” КМК қарасты орталық бу қа­зандығының іске қосылу салта­наты “сабақты ине сәтімен” дегендей болды. Бұрын қаланы үш бу қазандығы қамтамасыз ететін болса, соңғы жылдары оларды бө­лектеп, кезең-кезеңімен жаңартуға қол жеткізіліпті. Бұрын екі бу қа­зан­дығы іске қосылса, енді үшінші бу қазандығы пайдалануға беріліп отыр. Ол үшін аудандық бюджеттен 160 млн. теңге бөлініп, оған осын­дағы үш қондырғы жаңарты­лып­ты. Жаңа технологиямен жұмыс істейтін бу қазандығының тетігін іске қосқан аудан әкімі енді жылу мәселесінде кідіріс болмайтынын жеткізді. Жаңарған спорт мектебі, жарқын табыстар Қуанышты сәт күрделі жөндеу­ден соң жаңарып, жасарып қалған спорт мектебінде жалғасын тапты. Кіреберіске керілген көк лента кесілгеннен кейін ішке енген аудан әкімі С.Шаңғұтовтың құры­лыстың өте сапалы жүргізілгеніне көңілі толды. Мұғалжарлық спорт­шылар облыс аудандары арасында ұдайы алдан көрініп жүргенін тілге тиек етті. Шынында солай. Аудан­да төрт халықаралық дәрежедегі спорт шебері, пауэрлифтингтен үш Азия чемпионы шығыпты, бокс­тан әлем чемпионы Галиб Жафа­ров та осы мектептің түлегі. Мұн­да спорттың он төрт түрінен бір мыңнан астам жасөпірім жатты­ғады. Пауэрлифтинг, еркін күрес, самбо, дзюдо және басқа спорт түрлері жақсы дамыған. Мектепте он жеті жаттықтырушы жұмыс іс­тейді. “Жол картасы” бағдарла­ма­сы бойынша спорт мектебін күрделі жөндеуге 59 млн. теңге бөлініп, қыруар шаруа жасалыпты. Бұрын тамшы ағып берекені кеті­ретін мектеп ғимараты адам таны­мастай өзгерген. Мұғалжарлықтар алдағы олимпиада ойындарына кемінде бір спортшы жіберуге талпыныс жасап отырғанын да жасырмады. Қол добынан қала атын иемденген команда еліміздің суперлигасында ойнайтын көріне­ді. 52 кило салмақ дәрежесінде пауэрлифтингтен Азия чемпионы атанып үлгерген 9 сынып оқу­шысы Жарқын Абдуллина бола­ша­ғынан зор үміт күттіретін спортшы екенін аңғартты. Сол күні кәсіпкер Әкімжан Есенамановтың “Алтын ор­ман”супермаркетінің ашылуы болды. Азық-түліктің, тауарлардың он мыңнан астам түрі қойылған дүкен жанынан болашақта тағы да тұрмыстық қызмет көрсету ны­сан­дары ашылмақ. Дүкендегі азық-түлік пен тауар бағалары облыс орталығындағы бағадан анағұрлым арзан. Сондай-ақ, мұнда жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері де молынан қойылған. Бір күнде бірнеше нысанның пайдалануға берілуіне куә болған қандыағаштықтардың ілгері күн­нен үміті мол. Жаңа жылды жар­қын табыстармен қарсы алып отыр­ған ауданның қазіргі аяқ алы­сы биыл да берекелі де мерекелі жолды жалғастыратынына сендіреді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.