15 Наурыз, 2017

Жаңа міндет жүктеді

142 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев об­лыс активімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында Елбасы облыстық мәс­лихаттың депутаттары кан­дидатурасын мақұл­даған өңірдің жаңа әкімі Ерлан Қошановты таныс­тырды. Ал экс-әкім Нұр­мұ­хамбет Әбдібеков Елба­сының Жарлығымен Есеп комитетінің төрағасы бо­лып тағайындалды. Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде еліміздің және Қарағанды облы­сының экономикалық және әлеу­меттік даму көрсеткіштеріне тоқ­талып өтті. Сөз басында Елбасы: − Мен бүгін конституциялық миссияны орындауға келдім. Мәслихатқа жаңа әкім Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсындым. Ол өзі – қарағандылық. Түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. Оның тәжірибесі Қара­ған­ды ​​облысының түйткілді мәсе­лелерін шешуге көмектеседі деп үміттенемін, – деді. Сонымен қатар, Мемлекет бас­шысы бұған дейін облыс әкімі болған Нұрмұхамбет Әбді­бековке алғысын білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Аталған жиында ел Пре­зи­денті Қарағанды ​​облысының басымдықтарын белгілеп, мем­ле­кетті одан әрі дамытуға қа­тыс­ты жаңа міндеттерді атап өтті. – Тәуелсіздік алғаннан бері бұл өңірдің экономикасы 23 есе өсті, индустрияландырудың 72 нысаны іске қосылды. Облысқа соңғы 5 жылда 1,7 триллион теңге инвестиция салынды. Апат­ты жағдайдағы мектептер жойылып, үш ауысыммен білім беру мәселесі шешілуде. Жол картасы аясында 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті елдегі саяси реформалар үдерісіне ерекше назар аударып, прези­дент­тік вертикальді сақтаудың аспектілерінің және мемлекеттік биліктің барлық тармағының жауапкершілігін арттырудың маңыз­дылығын атап өтті. Сон­дай-ақ, бірқатар өзекті міндет­терді орындау қажеттігін айтып, облыс тұрғындарын елдің эконо­микалық жаңғыруына белсене атсалысуға шақырды. – Инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай туғызу керек. Қазақстан Дүниежүзілік банк рейтингінің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» критерийі бойынша 35-орынды иеленіп отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш, алайда бізге ең әуелі өңірлердегі жұмысты жалғастыру қажет. Біз бизнес жүргізу жеңілдігі бойын­ша облыстардың арнаулы рейтин­гін жасап, жыл сайын индус­трияландыру күні табыс етілетін атаулы сыйлық тағайындаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы кәсіпкерлік аясын ке­ңейту, мемлекет-жекеменшік әріп­тестігін дамыту, ауыл шаруа­шылығын субсидиялау, «Нұр­лы жер» бағдарламасын іске асыру, өндірілетін өнімдегі қазақ­стандық үлесті арттыру, сон­дай-ақ ғылыми-зерттеу инсти­туттарын қатыстыру арқы­лы өнеркәсіп секторын инно­ва­циялық тұрғыдан дамыту шара­ларына назар аударды. – Біз бәсе­кеге қабілетті экс­порттық кәсіп­орындарға негізделген индус­триялан­дыруды жал­ғас­тыруға тиіспіз. Тауар жеткізу, қыз­мет көрсету және оларды тұтыну жө­нінен жаһандық жүйе­ден ор­нымызды табуымыз қажет. Бұл мақсатқа трансұлттық ком­панияларды тарту арқылы қол жеткізе аламыз, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев әкім­дер мен даму институттары бас­шыларының алдына отандық кәсіпорындарды одан әрі дамыту үшін инвесторлармен жұмысты жандандыру міндетін қойып, сөзінің соңында «Үшінші жаң­­ғыру – бұл барлық әкім­дік­тер үшін, бүкіл мемлекет үшін күн тәртібіндегі басты мәсе­ле. Өткен жылы Қарағанды ​​облы­сына құйылған инвестиция 12 пайызға төмендеген. Облыста кәсіпкерлікті дамытуды, сенімді басқару мен қызмет көрсету келі­сімшарттарын қолға алу керек. Қарағанды ​​– еліміздің эконо­микалық дамуының басты қозғалтқышы», − деді. Жиын соңында Қарағанды облысының жаңа тағайындалған әкімі Ерлан Қошанов Қазақстан хал­қы мен ел Президентіне ант берді. Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ