15 Наурыз, 2017

Үйренуге ешқашан кеш емес

1026 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 «Сіз сурет сала аласыз!». Сурет са­лып көрмеген сізге осылай десе сенесіз бе? Көркемөнер саласындағы туындыларға қарап отырып, түрлі сезімге бөленесіз, қуанасыз, таң­ға­ласыз, мұңаясыз, мүмкін, көз жа­сы­ңызға ерік беріп, жылап аларсыз, кей­де арман-қиялға беріліп, ша­рықтап биіктерге самғарсыз.

Үйренуге ешқашан кеш емес

Өзіңіз­дің сүйікті суретшіңіз, тіпті, сізге ұнай­тын ағымдар мен жанрлар да бар еке­нін­де күмән жоқ. Тіпті, суретшінің түп­кі ойын нақты түсінбесеңіз де, қан­дай да бір туынды әсер етпей қой­май­тыны да бар. Жай көрермен ре­тін­де бел­гілі бір картинаны сіз «ұнады немесе ұнамады» деп те айта аласыз. Негізі суретші, әнші, музыкант болу үшін алдымен табиғи талант қажет деген ой көпшіліктің санасын жаулап алып, кейбір адамдарға ешқандай әрекетке немесе осы өнерге қарай аяқ ба­суға мүмкіндік бермей келгені аян. Қаншама адам өзінің ерекше бір қырын аша алмай, сол күйінде бірде-бір сурет салмай, бірде-бір музыкалық шығарма орындамай, тоқыма, гобелен, оригами, ойыншық, қыш құмыра сынды бірде-бір өнер туындысын жасамай өмірден озған да болар... Сондықтан қалаған дүниені жасауға, жаңа бір нәрсені үйренуге шабыттандыратын, қатып қалған біржақты ой-пікірді өзгертіп, адамның жаңа бір қырын ашуға көмек көрсету бағытында жұмыс істеген адамдардың еңбектерін қалай жарнамаласақ та аздық етпейді. Соның бірі Марк Кистлердің «30 күнде сурет салуға үйрену» («You can draw in 30 days») кітабы миллиондаған адамды сурет салуға үйретіп қана қоймай, сурет салудың туа біткен қасиет емес, уақыт өте келе қалыптасатын дағды екенін тағы бір дәлелдеп берді. Кез келген адамға әдемі сурет салу үшін қағаз, қарындаш және өзіңізді жаңа қырыңыздан ашқыңыз келген қалауыңыз ғана керек. Сурет салуға күніне 20 минут уақыт бөлу арқылы бір айдың ішінде қалаған суретіңізді сала алу деңгейіне жетесіз, дейді автор. Ол қарындашпен сурет салудың реті мен кезегін көрсете отырып, көлемді суреттерді салуға көмектесетін құпиялар мен кеңестерді, сурет салудың заңдылықтарын айтады. Сурет салу кейбір адамдарға тыныштық пен сабырлылық берсе, басқаларына ойын жинақтауға, бір арнаға тоғыстыруға көмектеседі. Осы орайда, сурет салуға үйрететін шеберлік-сағаттарын өткізіп жатқан мамандар да бір жағынан бизнесін алға жылжытып, ақшасын тауып жатса, екінші жағынан адамдардың сұраныстарын да өтейді. Жапониядан бізге жеткен оригами өнері бойынша ұсынылатын кітаптардың көптігі оқырманға жақсы таңдау береді. Соның бірі, өзім қолданып көрген Рик Бичтің авторлығымен шыққан «Оригами: үлкен иллюстрациялы энциклопедия» жинағына ризашылығым шексіз. Әрине, интернеттен де түрлі әдемі, оңайынан ең күрделісіне дейінгі жануарлар формаларын, көп уақыт пен шеберлікті қажет ететін оригами фигуралардың үлгілерінің жасалу жолдарын, тіпті, бейнекөріністерін де таба аласыз. Дегенмен, кітаптың орны бөлек екенін атап өткім келеді. Тамақ пісірудің өнер және ерекше ықылас қоюға тұрарлық сала екеніне миллиондаған адамның көзін жеткізіп, жаңа армандарға жетелеген шеберлердің бірі британ аспазы, ресторатор және шоу жүргізуші Джейми Оливерді мысалға алайық. Оның бағдарламалары, кітаптары, фильмдері арқылы қаншама адам дұрыс тамақтануға, дәмді тамақ пісіруге үйренді. Сонымен бірге, америкалық жазушы Джули Пауэллдің «Джули және Джулия: бақыт рецепті» кітабы мен фильмінде ас мәзірі мен дәмді тамақ, жалпы, өмірде алға қойған мақсатыңызға жету жолы сипатталады. Әрине, автордың да, кейіпкердің де өмірлік мақсаты оқыған аспаздық кітабынан бір жылда 254 тағам түрін пісіріп шығу ғана емес, одан тереңде жатқаны аян. Кітап арқылы үйрену, яғни өз бетінше үйрену оңай емес. Адамнан көп ерік-жігер, тәртіп, бастаған істі аяғына дейін жеткізе алу қасиеттерін талап етеді. Сондықтан қазіргі таңда сурет салумен қатар, тамақ пісіруге, ойыншық, қыш құмыра жасауға, құммен сурет салуға, бисер, кесте тоқуға үйрететін түрлі курстардың көптеп ашылып жатыр. Мұндай шеберлік сағаттарында ең бастысы, оқытушының сурет салу, тамақ пісіру, ойыншық жасау, ою ойып, кесте тігу жолдарын жақсы түсіндіре алу, алдына келген баланың немесе ересек адамдардың қызығушылығын оятып, өзіне деген сенімін одан әрі нығайтып, өз ісіне, жасалған жұмыстың нәтижесіне риза бо­лу, рахаттану, қуану, жаңа бас­та­ма­ларға қанаттану сезіміне бөле­нуіне мүм­кіндік жасау маңызды. Өмір адамға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Тек сол мүмкіндікті жіберіп ал­ма­ңыз. Ең бастысы, мұғалім, ата-ана, дос, айналадағы адамдар оқимын, үйренемін, істеймін, тырысамын деп тұрған адамның мысын басып, талабын қайтарып, үмітін өшіріп, арманын шектейтін бейжайлық пен немқұрайдылық танытпаса екен дейміз.

Бақытгүл САЛЫХОВА,

педагогика ғылымдарының кандидаты