15 Наурыз, 2017

«Сарыарқа» мен «Торпедода» мүмкіндік мол

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жоғары хоккей лигасындағы плей-офф кезеңінің 1/4 финалында қазақстандық «Торпедо» мен «Сарыарқа» командалары екінші ойындарын өткізді. ● Өскеменде өткен матчта «Тор­­педо» Санкт-Петербургтің «Динамосымен» кездесіп, 3:2 есебімен басым түсті. Кездесудің алғашқы голы 5-минутта соғылды. Бұл тұста Кирилл Тамбиев көзге түсіп, питерліктерді алға шығарды. Арада бір минут өткенде Максим Капитуров есепті теңестіріп үл­герді. Дегенмен, 17-минутта қо­нақтар Артем Тамилиннің көме­гімен екінші шайбаларын салды. Екінші кезең қауіпті шабуыл­дарға толы болса да, есеп өзге­ріссіз қалды. Үшінші кезеңде шығысқазақстандықтар Джордон Сауторнның арқасында есепті 2:2-ге жеткізді. Матчқа жиналған қауым тартысты бәсекенің куәсі болғаны айдан анық. Себебі, негізгі уақытта жеңімпаз команда анықталмай, ойын овертаймға ұласқан. Бұл уақытта да қос команда бір-бірін аңдумен өткізді. Тек екінші овертаймда Евгений Рымарев жеңіс голын соқты. «Торпедо» мен «Динамо» ара­­сындағы жалпы есеп 1:1 болды. Келесі кездесу ертең Санкт-Петербургте өтеді. ● Осы сында өнер көрсетіп жат­қан «Сарыарқа» Қарағандыда «Зауралье» командасымен күш сынасып, 2:3 есебімен ұтылып қалды. Алғашқы ойындағы жеңілісті қаперінде ұстаған «Зауралье» ойыншылары кездесудің 3-минутында есеп ашып үлгерді. Оны Евгений Полторок өз еншісіне жазды. Кезең соңында Артем Михеев басымдықты арттыра түсті. Дәл осыдан кейін алға ұм­тылған қарағандылықтар 35-минутта Михаил Анисиннің көме­гімен есеп айырмашылығын қыс­қартса, 42-минутта таразы басын те­ңестіріп кетті. Бұл матчтың не­гізгі уақытында да жеңімпаз та­­был­май, ойын овертаймға жал­ғасты. Өкінішке қарай, Никита Си­рот­кин 65-минутта «Сарыарқа» қақ­­пасынан саңылау тауып, «За­уралье­­нің» жеңісіне себепші болды. Қос команданың арасындағы жалпы есеп 1:1 болды. Келесі матч ертең Ресейдің Қорған қаласында өтеді.