15 Наурыз, 2017

Басты байлық – денсаулық

302 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының 2016 жылғы қорытындысы тыңдалды. Осы мәселе жөнінде есеп берген Денсаулық сақтау мин­ис­трі Елжан Біртанов аталған мем­лекеттік бағдарлама тұрғын­дардың денсаулығын нығайту ту­ралы басты міндетіне қол жет­кізу үшін 7 басым бағытты жүзеге асыратындығын айтып, әр бағыт бойынша атқарылған жұ­мыстарды ортаға салды. Бірінші бағыт бойынша Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және CDC-мен бірлесіп қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі функцияларына өзіндік бағалау жасалды. Министрлікте тиісті құрылымдар жасақталды. Ал екінші бағыт аясында «Кезексіз емхана» атты қанат­қақты жоба жүзеге асырылуда. Осы бо­йынша диспет­чер­лік қызмет; ересектерге, бала­ларға, қарттарға арналған тіркеу бөлімдері; сall орталық арқы­лы пациенттердің дәрігер қабыл­дауына алдын ала жазылуы ұйымдастырылды. Қазақстанның әрбір азаматына арналған Ден­саулықтың электронды төл­құжатын (ДЭТ) ұйымдастыру жөніндегі жоба іске қосылды. Биыл бірқатар емханаларда бұл жүйені қанатқақты түрде жүзеге асыру жоспарланып отыр. «Үшінші бағыт бойынша үкіметтік емес ұйым­дар­дың, денсаулық сақтау сала­сын­дағы жеке сектордың, фар­ма­цевтикалық өндіріс өкілдерінің қаты­суымен Сапа жөніндегі бірлес­кен комиссия (СБК) құрыл­ды. Төртінші бағытта қазақ­стандық ұлттық формуляр одан әрі толықтырылуда, эконо­микадағы отандық өнім өндіру­шілердің үлесі артып келеді. Өндірушілермен тікелей келісім-шарт жасау, UNICEF-пен тығыз байланыс сынды бірқатар шаралар Бірыңғай дистрибьютер жұмысының тиімділігін арттырды. Бұл дәрілік заттардың ба­ғасын төмендетуге мүмкіндік береді. Дәрілік заттардың 7713 сау­да атауларының 4183-нің баға­сы мемлекет тарапынан рет­те­леді», деп мәлімдеді Елжан Бір­танов. Бесінші бағыт бойынша міндетті әлеуметтік меди­ци­на­лық сақтандыру енгізілуде. «Мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң қабыл­данып, оған 2016 жылы жар­наның базалық төлемдерін тө­мендету және қорға аудары­лым­дарды бастау мерзімін 2018 жылдың 1 қаңтарына шеге­ру туралы өзгерістер енгі­зілді. Аталмыш заңдарды жүзе­ге асыру үшін 17 негізгі норма­тив­тік-құқықтық актілер қабыл­данып, олардың үшеуі Үкімет­те бекітілді. Әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру қоры құрыл­ды. Ел ішінде ақпараттық-түсін­діру жұмыстары жүргізілуде. Мем­лекет пен жұмыс берушілердің аударым көлемін төмендету туралы заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына жіберілді. Алтыншы бағыт бойын­ша Денсаулық сақтау респуб­ли­ка­лық орталығының кадрлық обсерва­ториясының базасында меди­циналық кадрларға қажет­тілік болжанып, адами ресурстарды стра­тегиялық болжау және медици­налық білімді жаңғырту жөнін­дегі екі ірі жоба жүзеге асыры­луда. Медициналық жоғары оқу орын­дарының шетелдік стра­тегия­лық әріптестері нақтыланды. Қолдан­балы бакалавриаттың финдік үлгісінің негізінде мейіргерлік білім­ді жаңғырту жөніндегі жұмыс жалғасуда. Бұл жоба бойынша 6 қанат­қақты колледжде 320 адам білім алуда. Жетінші бағыт бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамытуға ерекше мән берілуде. Мемлекет пен бизнестің ортақ мәсе­лелерін талқылау алаңы ретінде министрлік жанынан Бизнес-кеңес құрылды. Еу­ро­па қайта құру және даму банкі­мен, Азия даму банкімен (АДБ) бірлесіп мемлекеттік-жеке се­ріктестікті (МЖС) және инфра­құрылымды дамыту жөніндегі жол картасы жасалып, МЖС жобаларын қолдау туралы келісімге қол жеткізілді. Азия даму бан­кі­мен мемлекет-жеке-меншік әріп­тестігінің 4 қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда, тағы 2 рес­публикалық жоба дайындық ке­зеңінде. МЖС негізінде 3 жоба, сенімді басқару жөніндегі 9 жоба бойынша келісімге қол қойылды. «Мемлекеттік бағ­дар­ламаны 2016 жылы жүзеге асыру бары­сын­да біз Елбасының Жол­дауын­да қойылған жаңа мін­деттер­ді де басшылыққа алдық. Мемле­кеттік бағдарламаның 2016 жыл­ғы қорытындылары бойынша кү­тілетін өмір сүру ұзақтығы, тұрғындардың ден­саулық индексі, ха­лықтың медициналық қызмет сапасына деген қанағаттанушылығы сияқты медициналық-де­мо­гра­фиялық көрсеткіштердің оң дина­микасын байқап отырмыз. Алайда былтыр күтілген 35 көр­сеткіштің екеуі орындалған жоқ. Бұлар – ана өлімі мен қатерлі ісікке шалдық­қандардың 5 жылға дейін қайта науқастанбауын қам­тамасыз ету», деді Елжан Бір­танов. Осы мәселені қорытын­дыла­ған Үкімет басшысы Бақыт­жан Са­ғынтаев мұндағы басты мәсе­ленің бірі міндетті медици­налық сақ­тандыруды енгізу екен­дігін атап көрсетті. Мұның әрбір қазақ­стандыққа әсері бар. Бірақ, соған қарамастан, осы мәсе­лені халыққа түсіндіру жағы әлі де кемшін соғып жат­қан секілді. Мәселен, осы жөнін­де дайындалған роликті он айда бар болғаны 4,5 мың адам ғана көрген екен. Ал бұл мәселе жұмыссыздар мен өзін өзі жұ­мыспен қамтығандар үшін өте маңызды. Демек денсау­лық сақ­тау саласындағы ақпарат­тан­дыру мәселесіне мән берілуі керек. Сондай-ақ, Премьер-Мин­­истр соңғы 10 жылда сала бой­ын­­ша Елбасының тапсырмасы­мен 1 мыңнан астам нысан салын­ған­дығын, алдағы уақытта бұл істе қар­жы үнемдеу үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігіне барынша мән беру керек­тігін айтып өтті. Осы бойынша Ақтөбе облысындағы жұ­мыстарды үлгі ретінде келтірді. Үкімет отырысында «Қа­зақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне әлеу­меттік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып, қа­былданды. Бұл туралы баян­да­ған Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Тамара Дүйсенова аталған құжат рес­публикалық бюджеттен төле­нетін зейнетақы мөлшерін ке­зең-кезеңмен ұлғайтуды көз­дейтіндігін айтып өтті. Осы бо­йынша ынтымақты зейнетақы мөлшері жыл басында 9 пайызға арттырылса, енді 1 шілдеден бастап 11 пайызға, ал базалық зейнетақы мөлшері жыл басында 7 пайызға арттырылса, енді 1 шілдеден бас­тап тағы 13 пайызға арттырылады. Нәтижесінде, 2016 жылғы зейнетақы мөлшерімен салыстырғанда, 2017 жылдың 1 шілдесінен бас­­тап зейнетақы мөлшері 20 пай­ызға дейін ұлғайтылатын бола­ды. Зейнетақының өсуі зейнет жа­сындағы ел халқын немесе 2 млн-нан астам адамды қамтиды. Жо­ғарыда көрсетілген өзгерістерді есепке алғанда, зейнетақының ең төмен мөлшері (базалық зейнет­ақыны есепке алғанда) 2016 жылғы 37 789 теңгеден 2017 жылғы 1 шіл­деден бастап 45 711 теңгеге дейін өседі. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны ескергенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге дейін өседі. Баланың туы­луына орай берілетін бір жолғы мем­лекеттік жәрдемақы мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан бас­тап 7 пайызға өссе, 2017 жылғы 1 шіл­деден бастап тағы 20 пайызға көбей­тіледі. Сөйтіп, 2016 жылмен салыс­тырғанда 27 пайызға өседі. «2016 жылы бірінші, екінші және үшінші баланың туылуына берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі 66 621 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап оның мөлшері 71 270 теңгеге көтерілді. Енді 1 шілдеден бастап 86 222 теңгеге дейін өсетін болады. Төртінші және одан да көп баланың тууына берілетін мемлекеттік жәрдамақы мөлшері өткен жылы 111 035 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 118 мың теңгеге дейін өсті. Енді 2017 жылғы 1 шілдеден бастап оның мөлшері 142 947 теңге болады. Жалпы, жоғарыда аталған зейнетақы мөлшері мен баланың туылуына берілетін бір жолғы жәрдемақыны өсіруге 2017 жылға арналған республикалық бюджетте қосымша 81,6 млрд теңге қарастырылған», деді Т.Дүйсенова. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»