16 Наурыз, 2017

Орны өзгеше осмий

525 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
мыс айдынындағы «алтын аралда» алынады Қолға қалам алуға түрткі болған әріптес Сұңғат Әліпбайдың «Әлемдегі ең қымбат металл» деген мақаласы («ЕҚ», 6 наурыз, 2017 жыл). Біз де білетінімізбен бөліскенді жөн көрдік. Алтын ауызға алдымен түседі, әб­ден үйреніп қалғандықтан. Әйтпесе, тәу­ел­сіздіктің төртінші жылы тұсауы ке­сіл­ген бұл кәсіпорынды «жақұт аралына» баласақ та жарасар еді. Жарқын болашақтың жалауын желбіреткен өркенді өндіріс ошағында жаңа мың­жылдықтың металы өндіріледі. Ол – осмий. Мыстың құнын кеміткім келмейді. Онымен мақтанған орынды. Қазір көсегені көгертіп отыр­ған сол саф алтын­дай са­ры мыс. Енді ептеп есепке жүгінейік. Мыс­тың әлемдік нарықтағы ба­ғасы біршама белгілі. Ал ренийдің тоннасы емес, килосының өзі оны он орап алатын кө­рінеді. Осмий таза ға­ламат! Ол тонна, ки­ло, грамм емес, ми­лли­гра­­м­мен өл­ше­неді. Құнына қатысты ал­дағы мақалада аз айтылмапты. Сондықтан, тамсана бермей, негізгі әңгімеге көшейін. Тәу­ел­сіздік тұғырына қон­ған жас мемлекет стра­тегиялық және эко­но­­микалық мүд­дені қоз­­ғауға қатысты кен құ­­ра­мында сирек кезде­сетін бағалы ме­тал­ды өнді­ру мен өткізу мемлекет ба­­қы­лауында болғанын көздеді. Үкімет 1995 жылғы 26 мамырдағы №748 қаулы­сымен Жезқазған мыс қо­рыту зауы­тындағы сирек мета­лл цехы­ның негі­зінде «Же­з­қаз­ғансирекмет» рес­публи­ка­лық мемлекеттік кәсіп­орнын құр­ды. Сол жылы қыр­күй­екте рес­ми түр­де тұсауы кесіл­ді. Ал 1997 жылы қаң­тарда жекеше­лен­діруге жатпайтын кә­сіпорын қатарына қосылды. Мыс айдынындағы «алтын арал» деп әс­петтеп отырған оның негізгі қыз­меті – шикізаттың құрамындағы ре­ний мен осмийді айырып алу. Ол өнім таяудағы және шалғайдағы шет ел­ге шығарылады. Оны АҚШ, Еуропа мен Азиядағы тұтынушы отқа төзімді тау­ар шығаруға, ғарыш пен авиа өнер­кә­сібіне, биомедициналық жабдық жа­сау­ға, мұнай өндірісіне пайдаланады. Жалпы, Жезқазған кенінен рений мен осмий алуға бо­латыны өткен ғасырдың отызыншы жылынан белгілі. Бірақ, халық ша­руашылығының қай саласында қол­данылатыны беймәлім еді, сон­дық­тан өндірістік жолға қо­й­ыл­мады. Си­рек металл цехының өзі ренийдің кү­ні туған соң, 1976 жылы ашыл­­ды. Ол өндіретін негізгі өнім аммоний пер­ренаты – рений тұзы. Ал осмий мен ренийдің тіркесіп жүретіні ғы­лы­ми ортаға мәлім. Әлемдегі рений қорының үштен бір бөлігіне жуығы Жезқазған айма­ғын­­да шоғырланған. Мұндай кен қыр­ты­сының түзілуі үшін ондаған ми­ллион жыл қажет екен. Ендеше, қан­дай байлықты басып жүргеніңізді өз­і­ңіз бағамдай беріңіз. 1995 жылы ма­мырда «Осмий-187» изотопы дү­ние­ге келді. Оның «кіндік шешесі» – жез­қаз­ған­дық­тар. Адалын айтсам, журналистика саласында жүрген осы ғұмырымда сирек металл цехының табалдырығын ат­тап көр­меппін. Жалғыз мен емес, жал­пы қолына қалам ұстаған қауым көп­шілігінде мыс қорыту зауытының ау­мағы атшаптырым өндірістік ала­ңы­н­дағы шихта дайындау, балқыту мен элек­тролиздеу буынынан қайтатын. Кү­кірт қышқылы цехына да онша аяқ ба­с­пайтын. Соңғысына сирек барудың себебі бел­гілі. Біріншіден, алғашқы үш цехты ай­налдырсаң жетіп жатыр, метал­лур­гтердің тыныс-тіршілігі мен мыс өндіру ту­ралы мол мәлімет жинап аласың. Екін­шіден, күкірт қышқылы цехының қол­қаны атқан газы мен кеңсірігіңді қаң­сытатын жағымсыз иісіне кім құ­марта қойсын?! Ал сирек металл цехының өзіндік «құпиясы» бар болатын. Әйтеуір, онда бағалы металл өндіретінін жорамалдаймыз. Білетіндер «Он төрт түрлі сирек элемент айырып алынатын көрінеді» десе, кейбіреу ол көрсеткішті жиырмадан асырып тастайтын. Олар қандай металл? Біз үшін, басқасын былай қой­ған­да, алтын мен күмісті алға тартса, же­тіп жататын. Осы күнгі осмийдің ол кезде аты да естілмейтін. Қысқасы, «құпия» өнді­ріс­тік буынға байланысты сауалды, қан алардай қадалғанды кәсіпорын бас­шы­лы­ғы да ұната қоймайтын. Сосын «сирек металл цехы бәлен айдың жос­парын пә­лен пайыз асыра орындады» деген сипаттағы «шайнап берген» мәліметпен шектелетінбіз. Тоқыраудың топалаңындағы қиын­дық­тың құрығы бұл кәсіпорынның да мойнына түсті. Аммоний перре­на­тының әлемдік на­рық­тағы құ­ны құл­дырап тү­сіп кетті. Оның сан-сапалақ себебі бол­ған шығар, со­ның біреуі мы­нау: «қызыл им­пе­рия­ның» құлап, «мыз­­­­ғы­мас Одақтың» ыды­­­ра­ғаны, эк­оно­ми­ка­­лық бай­ланыстың бо­саң­суы оңайға соқпады. Әрқайсысы жеке күн­кө­рістің қамына кі­ріс­кен­де «қалтасы жұ­қар­ған» көптеген дербес рес­пуб­­лика бұрын қой­мада сақтап келген қым­бат ме­талды шытырлатып ар­занға сата бастады. Мұн­дай қолайлы сәтті шет­елдік алпа­уыт қалай қапы жібер­сін, біршама қор жинап алды. Сосын «арзан­ға берсең аламын, бермесең өкпе жоқ» дегеннің керін келтіріп кергіді. Ал негізгі тұтынушысы Жапония, Гер­мания және Еуропаның басқа да бірқатар елінде табан тіреген, өзі әлемдегі рений қо­ры­­­ның үштен бір бөлігіне жуығы шо­ғыр­ланған Жез­қаз­ған аймағында ор­наласқан әрі жа­ңа­дан шаңырақ кө­терген кәсіп­оры­нғ­а қалыптасқан бұл жағ­дай оңай­ға соқ­па­д­ы. Өндіріс көлемі ық­ша­м­дал­ғасын кей­біреу қысқартудың «қа­ра ті­зіміне» ілін­ді. Өндірістің «отын өшіріп алмау» үшін «мүмкін» деген нәрсенің бәрі жа­салды. Алыстағы алпауыттың жинап алғаны қашанға жетсін, өткен ға­сырдың аяғына қарай кәсіпорын өнім­іне деген сұраныс артып, бағасы әлемдік нарықта қайта көтерілді. Жұмыс жанданып жүре берді... Әлібек ӘБДІРАШ, журналист Жезқазған