16 Наурыз, 2017

Транзиттік әлеуетімізді арттыратын құжат мақұлданды

145 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Мә­жі­лісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің басшы­лы­ғымен палатаның кезекті жалпы отырысы өтіп, онда негізінен екі заң жобасы талқыланды. Мәжіліс Төрағасы бірінші кезекте Елбасының өткен аптада «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жария түрде қол қойғанын және Президент Жарлығымен осы заңды жүзеге асыруға байланысты шаралар жоспары бекітілгенін айта келіп, Парламентке, соның ішінде, Мәжіліске үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, Н.Нығ­ма­тулин Орталық сайлау комис­сиясының қаулысымен «Нұр Отан» партиясының мүшесі Аль­берт Пав­ло­­вич Раудың Пар­ла­мент Мәжілісінің де­пу­таты ре­тінде тіркелгенін айта келіп, оны де­путаттық мандатымен құт­тықтады әрі әріп­тестері атынан жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан кейін бекітілген күн тәртібі бойынша дауысқа салу тәртібімен депутат Альберт Рау Қаржы және бюджет коми­теті­нің, депутат Серік Сәпиев Әлеу­меттік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды. Сондай-ақ, күн тәртібі негі­зінде Пар­ла­мент Мәжілісі депу­таттарының тұрақты комитеттің бірінен екіншісіне ауысу туралы Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский хабарлама жасады. Бұл хабарламада депутаттар Мансұрхан Махамбетов (Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мү­шесі) пен Артур Платонов (Әлеуметтік-мәде­ни даму комитетінің мүшесі) Экология мәсе­лелері және табиғат пайдалану комитетіне ауысуға ниет білдіргені айтылды. Олардың бұл қалауларына әріптестері қолдау білдіріп, соның нәтиже­сінде М.Махамбетов пен А.Пла­тонов Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетіне енді. Бұл күнгі отырыста қарал­ған заң жо­ба­ларының бірі «Қа­зақ­стан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкі­меті арасындағы Халық­аралық автомобиль қатынасы туралы келісімді ратификация­лау туралы» заң жобасы болды. Бұл жөнінде баяндаманы Инвестициялар және даму ми­нистрі Жеңіс Қасымбек жасады. Ж.Қасымбек 2016 жылы Қа­зақ­стан мен Сербия арасын­дағы автомобильмен жүк та­сы­­мал көлемі 15 пайызға ұлғай­­ғанына тоқтала келіп: «Негіз­­гі тасымалданған жүктер – құ­­рал-жабдықтар, қара және түс­ті металдар, ағаш және одан жасалатын бұйымдар. Келі­сіммен екі ел арасындағы авто­мо­биль тасымалы жұмысын жүзеге асыру үшін құқықтық норма бекітілді. Екіжақты және тран­зиттік тасымалдар рұқсат­сыз негізде, ал үшінші елдерден немесе үшінші елдерге тасымал рұқсат беру негізінде жүзеге асырылатын болады. Аталған шарттар қазақстандық тасымалдаушылар үшін тиімді болып табылады. Өйткені, Сербия аумағы арқылы біз Оңтүстік Еуропа мемлекеттері – Грекия, Хорватия, Болгария және басқа елдерге шыға аламыз. Аталған келісімді ратификациялау бюджет қаражатын жұмсауды қажет етпейді», – деді. Баяндама аяқталған соң Ж.Қа­сымбекке депутаттар тара­­пынан бірқатар сұрақтар қойы­­лып, тиянақты жауаптар қай­тарылды. Отырыста қосымша баян­дама жасаған Мәжілістің Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің мүшесі Құ­дай­берген Ержан халық­аралық автомобиль тасымалдары Қазақстанның бүкіл көлік жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылатынына тоқтала отырып: «Қазақстан автомобиль тасымалын жүзеге асыру тәртібін реттейтін негізгі 11 конвенцияға қосылған. Сондай-ақ, 40-қа жуық екіжақты шарттарға қол қойылды. Қазақстан тасымалдаушылар одағы Халықаралық автомобиль одағының мүшесі болып қабылданған. Барлық осы аталған мәселелер отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Мәселен, халықаралық бағытта автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау көлемі 2016 жылы 8 млн 446 мың 700 тоннаны құрады. Бұл – 2015 жылдың көрсеткішімен салыс­тырғанда 15 пайызға артық. Елімізде халықаралық автомобиль тасымалын жүзеге асыратын 3,5 мыңдай көлік компаниясы тіркелген. Олардың автокөлік паркінде шамамен 17 мың автокөлік бар. Олардың ішінде еліміздің Халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағының мүшесі болып табылатын 7 мың 92 жүк көлігі бар 345 компания көліктері шекараны оңайлатылған түрде кесіп өтеді», – деді. Сондай-ақ, ол Қазақстан Пре­­зи­денті Н.Назарбаевтың өт­кен жылы Сербияға жасаған ресми сапары жөнінде сөз қоз­ғады. «Былтыр тамыз айында Сербияға ресми сапары аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Ұлы Жібек жолын қалпына келтіру идеясын жүзеге асырып жатқанын, бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, оның ішінде Қытайдан Каспийге дейін автомобиль жолының және одан әрі Иран, Парсы шығанағы арқылы өтетін темір жолдың құрылысына қатысатынын еске салды. Сонымен қатар, сапар аясында тараптар Еуропа мен Азия бағытына көлік жүйесін пайдалануға қатысты өзара пікір алмасып, ЕАЭО аясында өзара ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады», – деді депутат. Заң жобасын талқылау кезін­де депутаттар Ерсұлтан Бек­тұр­­ғанов пен Сергей Звольс­кий сөз алып, жүктердің еркін тран­зитін, көлік дәліздерін құру, олар­ды жаңарту ісін қамта­масыз ету, сондай-ақ, көлік инфра­құрылымын басқаруға, әкім­шілік кедергілерді жоюға ерек­ше көңіл аудару қажеттігі Ел­басы Жолдауында нақты көр­сетілгенін айта келіп, осы орай­да қаралып отырған заң жоба­сының маңыздылығын атады. Олар, сондай-ақ, қаралып отырған заң жобасын мақұлдап, оны Парламент Сенатының қарауына жолдауды ұсынды. Сонымен, аталған заң жобасын депутаттар бірауыздан мақұлдады. Келесі кезекте «Қазақстан Республи­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне мәде­ниет мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланды. Бұл жөнінде Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Бек­болат Тілеухан баяндама жасап, заң жобасының жай-жапсарынан жан-жақты мағлұмат берді. Ол өзінің сөзінде заң жобасына Парламент депутаттары бастамашы болғанын, оның мәдениет саласындағы қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында әзірленгенін атап көрсетті. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы 2016 жылдың 30 қарашасында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған. Бұдан бөлек, депутат заң жобасы бойынша Қазақстан Рес­публикасының 2 Кодексі мен 6 заңына өзгерістер мен түзетулер енгізу көзделіп отырғанын, Мәжіліс комитеттері оң қоры­тын­дыларын бергенін, жұмыс тобына 200-ден астам түзету­лер келіп түсіп, олар мүд­делі мемлекеттік органдар, мем­ле­кеттік мәдени ұйымдар, Пар­ламентке кірмейтін саяси пар­тиялар өкілдері, қоғам қайрат­керлері, саясаттанушылар мен мәдениет саласындағы са­рап­шы­лардың қатысуымен жұ­мыс тобының 22 отырысында және Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында қаралғанын айтты. Сөзінің соңында Б.Тілеухан өз әріптестерін аталған заң жобасын қолдауға шақырды. Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»