16 Наурыз, 2017

Жайсаң жан еді...

291 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мен Әмірмен С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қа­быр­ғасында танысқанмын. Аралдық жігіт­термен бірге жүретіндіктен бірден та­нысып, ағалы-інілі болып кеттік. Тойған қозыдай томпиған бәкене бойлы қара бала маған салған бойда ұнады. Ол інілік ізеттен аумайтын, алаңғасарлық мінез көрсетпейтін, жас болса да әр мәселеге өзіндік ойы мен көзқарасын сол кездің өзінде ашық айтатын. Әмірмен кездесіп, сөйлескен сайын тәрбиеліліктің, білуге, білімге құштар­лы­лығын аңғаратынбыз. Шыны керек, бірінші курсқа жаңа түскен оның көп нәрседен хабардарлығы да аңғарылып тұратын. Әсіресе, спорт саласына келгенде шешіліп жүре беретін. Оның өзі таңдаған мамандығына деген талабын, өмірге деген көзқарасын аңғарып, сүйсінетінбіз. Әмір қысқа ғана ғұмыр кешсе де, өзін адамгершілігі мол азамат, қаламы жүйрік журналист ретінде танытып кетті. Ол 1959 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қамыстыбас ауылында дүниеге келді. Әкесі Әбдуллағат өңірге белгілі ұстаз, шешесі Әмида бауырынан өрген балаларының тәрбиелі болуын тілеген аяулы ана, кейінгі немерелеріне асыл әже. Талапты жас мектеп бітірген бойда сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университі журналис­тика факультетіне оқуға түсті. Осы жо­ғар­ы оқу орнын жақсы тәмамдаған Әмір журналистік еңбек жолын Октябрь (қазіргі Мұғалжар) аудандық «Октябрь туы» газетінде тілшіліктен бастады. Кейін осы газетте редактордың орынбасары, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде бөлім меңгерушісі болды. Міне, осы кезде екеуміздің жолымыз тағы да тоқайласты. Біз осы ұжымда ағалы-інілі болып, түсіністікпен еңбек еттік. Табиғатынан биязы Әмір ұжымға етене сіңісіп, әріптестерін туғанындай көріп кетті десем артық айтқандық болмас. Сондықтан да болар, ұжымдағы аға-апаларына сыйлы, құрметті болды. Біз оны 1986 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе, Орал және Торғай облыстарындағы меншікті тілшісі қызметіне қимай шығарып салғанымыз да есімізде. Журналистік қаламы төселген жас көп ұзамай 1990 жылы республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі болып тағайындалды. Меншікті тілшінің тынымсыз тіршілігінде де қамшы салдырмай еңбек еткен Әмір ініміз өңірдің тыныс-тіршілігін жан-жақты көрсетіп қана қоймай, өзекті мәселелерді көтерді. Оның қаламынан шыққан материалдары қалың оқырманның көңілінен шықты, өзінің абыройы асып, беделі көтерілді. 2004 жылы облыстық «Ақтөбе» газетіне бас редактор болып келгенде ұжымның жылы қарсы алғаны күні кешегідей есімізде. Ол келе облыстық басылымның бұрыннан қалыптасқан дәстүрін әдемі жалғастыра отырып, өзіндік қолтаңбасын да айқын көрсетті. Көптен көкейде жүрген ойларын жүзеге асыру үшін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне оқытушылық қызметке ауысты. Алайда, ол ғылыми ізденісте жүрсе де журналистикадан қол үзген жоқ. Оқытушылық қызметтің қарбаласымен, ғылыми ізденістің шаруа­сымен жүргеннің өзінде «Нұр-Астана» газетінің меншікті тілшісі қызметін қоса атқарды. Мұның өзі оның еңбекқорлығын, журналистикаға берілгендігінің айқын айғағы дер едік. Қай тақырыпқа қалам тартса да үлкен дайындықпен баратын Әмір Оралбайдың азаматтық және кәсіби ұстанымы кім-кімге де өнеге болғандай. Оның ізденісті еңбектері лайықты бағасын алды. Ол – Қазақстан журналис­тер одағы сыйлығының лауреаты, Төлеубай Ыдырысов атындағы сыйлықтың, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің және ҚР Конституциясының 10 жылдығы мед­аль­дарының иегері. Оның қаламынан шық­қан «Әлия», «Құдайберген Жұбанов», «Құдайберген Жұбанов – публицист» кітап­тары қалың оқырманның көңілінен шыққан туындылар, қазақ ғылымына қосылған сүбелі үлес деуге әбден болады. Әмір ініміз қысқа ғұмырында журналистика саласында тер төгіп қана қоймай, ғылымға да етене еңбек етті. «Құдайберген Жұбанов – публицист» атты тақырыпта кандидаттық еңбегін сәтті қорғады. Осы ғылыми еңбегі туралы Құдайберген Жұбановтың қызы, педагогика ғылымдарының кандидаты Мүслима Жұбанованың жүрекжарды лебізін келтіруді жөн санадық. – Бұл еңбек – Жұбанов тану іліміне қосылған сүбелі үлес. Өйткені, Қ.Жұбанов туралы бұрынғы зерттеулер оның қазақ тілі ғылымына сіңірген үлесі жайлы болса, Ә.Оралбай тұңғыш рет Қ.Жұбановты публицист деп танытып отыр,– дейді Мүслима Жұбанова. Шапқан аттай шапшаң уақыттың дөңгелегін тоқтатуға шама жоқ. Дегенмен, көңілге медеу тұтатынымыз, әріптес ініміз Әмірдің артында ұрпағы бар. Келініміз Меңдігүл облысқа белгілі ұстаз, №38 орта мектептің математика пәнінің мұғәлімі, немерелеріне асыл әже. Әке өнегесімен биязы өскен Гүлнұры №21 орта мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің стаматология факультетін тәмамдады. Қазір Атырау облыстық балалар тіс ауруханасында дәрігер болып еңбек етеді. Жолдасы Ерлан Қитанов Атырау қаласындағы №5546 әскери бөліміндегі оркестрде музыкант. Ал Әмір ініміздің ұлы Ернұр М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясын бітірді. Келініміз Ақмерей де отбасының ынтымағын ұйытып келеді. Қазір №27 мектеп-лицейінде жұмыс істейді. Қызынан Інжу атты жиен, ұлынан Нұрали деген немере сүйіп отырған Меңдігүл келініміз Әмірдің шаңырағын ұстап, ұрпағын ұлағатты тәрбиелеп, оның артында қалған еңбектерін құрастырып, кітап шығаруға талаптануда. Ақтөбелік қаламдастары көзден кетсе де, көңілден кетпейтін әріптесін ұдайы еске алып отырады. Жыл сайын белгілі журналист Әмір Оралбайды еске алуға арналған бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы футболдан облыстық турнир өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Біздің міндетіміз – дүниеден озғанмен, өнегелі өмір сүрген әріптес ініміз Әмірдің әрқашан ақтөбеліктердің есінде екенін жеткізу. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, журналист Ақтөбе облысы