19 Қаңтар, 2010

МІНДЕТ АЙҚЫН, МАҚСАТ БЕЛГІЛІ

1591 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Тағы бір жылды тарих қойнауына қалдырып, жаңа жылға қадам бастық. Бұл – өткен жылғы жұмыстарымызды саралап, алға қойған мақсаттарымызды айқындайтын кез. 2009 жылдың білім-ғылым саласына бергені аз болған жоқ. Атап айтар жақсылығы да мол деуге болады. Сонымен, өткен жыл несімен ерекшеленді? Ендігі әңгімені осы тұрғыда өрбітіп көрелік. Өркениет көшіне бет бұрған қыруар істің алтын арқауы болып есептелетін ғылыми-техникалық және экономикалық прогрестің негізгі қозғаушы күші білім десек қателес­пейміз. Ол –  қоғам дамуының кепілі. Білім беру саласында алға ұмтылмай артта қалу мемлекет­тің бәсекеге қабілеттілігіне, ұлттың келешегіне кері әсер етеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен жыл­ғы халыққа Жолдауында: “Елімізге эконо­ми­калық және қоғамдық жаңғыртудың талап-тілектеріне жауап беретін заманауи білім беру жүйесі қажет”, деп атап өткен еді. Бұл тапсыр­ма­ны алдымен мектеп жасына дейінгі балалар­ға көңіл бөлмей орындау әсте мүмкін емес. Қазіргі уақытта елімізде мектепке дейінгі білім беру саласын дамыту мәселесі өзекті болып отыр. Мектеп жасына дейінгі балаларға тиімді тәрбие беру, заман өлшеміне сай оқыту мәселе­лері ұлттық дамумен тығыз байланысты және мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 1991 жылы Қазақстанда 8743 балабақша жұмыс істе­ген, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында соның 4868-і, (55,6%) жекешенің қолына өтіп кеткен. Содан кейінгі тоғыз жыл ішінде еліміз бойын­ша балабақша саны 7599 бірлікке азайды. Тек 2001 жылдан бастап балабақша желісінің саны көбейіп, құлдырау өрлеуге ұласып, 1167-ге жетті. 2001 жылмен салыстырғанда қазіргі уақытта мектепке дейінгі ұйымдар желісінің саны 750-ге өсті. Оның 55-інің құрылысы жаңадан салынып пайдалануға берілсе, 131 балабақша жекелер есебінен ашылды. Ал бұрын бар 564 балабақша қайта іске қосылды. Қазір Отанымызда мектеп жасына дейінгі балалардың 37%-ын қамтитын әртүрлі типтегі 4568 балабақша жұмыс істейді, бұл көрсеткіш 2008 жылмен салыстырғанда 1,4%-ға артып отыр. Осылайша, қаладағы балаларды бала­бақ­шамен қамту орта есеппен алғанда — 43,2%, ауыл­­дағы балаларды қамту 17,8%-ды құрайды. Ауыл мектептері жанынан ашылған 2651 шағын орталықтарда 68038 бала тәрбиеленуде. Негізінен оған аз қамтылған отбасы балалары тартылып отыр. Мектеп жасына дейінгі балаларды балабақ­ша­мен қамтудың жоғары көрсеткіштері Қоста­най (90%), Қарағанды (68,7%), Ақтөбе (63,3%) облыс­тарында болса, Оңтүстік Қазақстан (13,5%), Алматы (20,4%) облыстарындағы нәтиже төмен. Дегенмен, Елбасының қолдауымен сең қозғалды. Бірақ балабақшаға кезекте тұрғандар саны азаяр емес (260 мың). Президент Н.Назар­баев өткен жылы тікелей тележеліде бұл мәселені баса айтып, Білім және ғылым министр­лігіне, облыстық және Астана, Алматы қалаларының әкімдіктеріне мектепке дейінгі мекемелердің халық үшін қолжетімді болуын, қысқа мерзімде атқарылуға тиіс шараларды тапсырды. Соған орай, жас ұрпақты балабақшамен қамту жөніндегі 2009-2015 жылдарға арналған қысқа мерзімді және орта мерзімді шаралар тіз­бесі жасалынды. Оның біріншісі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2009-2015 жыл­дар ішінде мектепке дейінгі мекеме нысан­дарын мемлекеттік және жеке меншік қаржы салымы есебінен тұрғызудың жоспар-кестесі түзілді; екіншісі мем­лекеттік органдар орналас­қан балабақша ғимарат­тарын босату шаралары; үшіншісі мектепке дейінгі ұйымдарды ашу мақсатымен өзге ғимараттар мен орындарды пайдалану қарастырылуда. Білім және ғылым министрлігі мен облыс­тардың және Астана, Алматы қалаларының әкім­дік­тері бірлесіп жүзеге асырған қысқа мерзімді шаралар нәтижесінде 2009 жылдың соңына дейін қосымша 16 129 орын пайдалануға берілді. Елбасы “Нұр Отан” халықтық-демократия­лық партиясының XІІ съезінде (2009 жылғы  15 мамыр) берген тапсырмасына сәйкес 2009-2012 жылдары республикалық бюджеттен 57 400 орындық 200 балабақша құрылысын салуға қаржы қарастырылған. Биылғы жылы “Жол картасы” аясында жөндеуге жататын мектепке дейінгі білім беру нысандарын нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдарға 1,9 млрд. теңге бөлініп, 73 нысанды жөндеуге тапсырыс берілді. Мектепке дейінгі мекеме­лерге  лицензия беруді жеңілдету мақсатында Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысы қабылданды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларын мектепке дейінгі мекемелерге бірінші кезекте қабылдаудың мемлекеттік қызмет стандарты қарастырылып отыр. Сол секілді мектепке дейінгі мекемелерді медициналық, кадрлық, оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық жағынан жетілдіруді қамтамасыз ету мәселелері пысықталуда. Бала­бақ­шалардағы педагог қызметкерлердің білім, тәрбие беру деңгейі жақсаруда. Бұл саладағы педагогтардың жалпы саны 29,8 мың адам болса, оның 8337-сі (27,9%-ы) жас мамандар. Олардың 54,4%-ы жоғары білімі барлар. Бала­бақша тәрбиешілерін әзірлеу 31 педагогикалық колледжде жүзеге асырылу үстінде. Қабылданған шаралар негізінде мектепке дейінгі мекемелер желісі 2010-2012 жылдары 217 мың орынға артатын болса, 2013 жылы 34,6 мың орынға көбейетін болады. Тұтастай алғанда, 2009-2015 жылдар ішінде 312,8 мың орындық 3358 мек­тепке дейінгі мекеме іске қосылады. “Жол карта­сы” аясында мемлекеттік білім беру тапсырысы­мен биыл балабақшаларға 2000 педагог дайын­далады. Білім беру ісінде Елбасының тапсырмасы­­мен жүзеге асып жатқан “100 мектеп, 100 ауру­­хана” мемлекеттік бағдарламасының маңызы ерекше. Бұл орта білім саласында зор басым­дық­қа ие, әрі министрліктің үнемі бақылауында тұр. Салыстыр­малы түрде айтсақ, жоба шең­берін­де 2007 жылы Қарағанды және Батыс Қазақ­стан облыстарында екі мектеп, ал 2008 жылы 33 015 орындық 44 мектеп пайдалануға берілді. 2009 жылы 33 839 орындық 46 мектеп оқушыларды қабылдады. Жалпы, “100 мектеп” бағдарламасы шең­берін­де 2007-2009 жылдары 86,3 мың орындық 106 мектеп салу көзделген еді. Ол негізінен үш ауысымда оқитын, апатты жағдайдағы мектептер болатын. Бұл білім ұя­лары­ның 21 нысанының құрылысы мерзімінен кешіктіріліп тапсырылды. Атап айтсақ, Оңтүс­тік Қазақстан облысында – 15, Астана қаласында 6 нысан кешіктірілді. Басты себеп­тері, құрылыс материалдарының қымбаттауы дер едік. Қазір бұған жол бермеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2010 жылы да мектеп салу жалғастырыла береді. Үкіметтің 2009 жылғы 31 тамыздағы №1292 қаулысы бойынша Парламентке ұсыныл­ған “2010-2012 жылдарға арналған  республика­лық бюджет туралы” заң жобасында биыл 14 мектептің құрылысына 2 128 266 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бұл жобаның жүзеге асуын бақылау үшін Білім және ғылым, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы министрліктері мен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі агенттік қызметкерлерінен арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Елбасы өткен жылғы халыққа Жолдауында:              “2010 жылға дейін білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру арқылы сапалы білім беруді арттыруымыз қажет. Бұл білім беру саласының басты мін­деті” деп атап көрсетті. Жолдауды іске асыру үшін білім берудің барлық саласында халық­аралық талаптарға жауап беретін сапалы білім беру қажеттілігі тұр. Бұл міндеттерді іске асыру ұлттық білім беру жүйесінің тиімділігі мен бәсекеге қабі­леттілігін арттыруды жаңғырту болып табылады. Жоғары білім беру саласында осы бағытта қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні халықаралық білім беру стандарты жік­теуішіне сай келетін бакалавриат пен магистра­тура мамандарын жүйелі дайын­дау енгізілді. Жетекші жоғары оқу орын­дарында кадрларды әзірлеудің әлемдік озық тәжірибесін саралай отырып, білікті маман­дар­дың, ғалым­дардың, профессорлардың қатысуы­мен мем­лекет­тік стандарт жасалды. Сондай-ақ, онда еңбек рыногының тұтынушылары есепке алынды. Қазір жаһандану дәуірінде интеграциялық процестердің қарқынды дамып отырғандығы­ның куәсі болып отырмыз. Сондықтан ұлттық білім саласы әлемдік білім кеңістігіне кірігусіз дербес дами алмайды. Жаңа ғасырдың шынайы кілті саналатын сол жаһандану білім саласына мықтап енді. Соның арқасында әлемдік эконо­миканың интеграциялануы, жаңа ақпарат­тық технологиялардың пайда болуы кең қанат жайды. Күн санап ағылшын тілінің басымды­лығы сезіліп келеді. Соған орай жоғары оқу орындары тың стратегиялар мен бағдарламалар әзірлеуде. Бұл, ең алдымен, студенттер алмасу, шетелдерде филиалдар ашу сияқты халықара­лық ынтымақтастық талаптарынан көрінуде. Болон процесі мен Лиссабон конвенциясы – халықаралық ынтымақтастықтың нақты дәлелі. 46 ел қосылған Болон процесінің нәтижесінде жоғары білімнің Еуропалық аймағы қалыптасты. Еліміз ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып 1997 жылы Лиссабон конвенциясын ратификациялады. Қазіргі күні Қазақстан Болон процесіне белсенді қатысуда. Осы арқылы оқуын әрі қарай жалғастырғысы келген студент Болон процесіне кірген кез келген елдің жоо-ларында оқи алады. Ол білім алып қана қоймай, қажет болса осы жалпы құрылымға кіретін кез келген еуропалық жоо-лардан белгілі деңгейде несие де ала алады. Жалпы, білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама­сын­да Болон декларациясына қосылу жөніндегі негізгі бағдарлар айқындалған. Оған жоо заң­на­малық, құқықтық-нормативтік базасын жетіл­­діру, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру құрылымына бакалавриат — магистратура — докторантура сияқты көпсаты­лы білім беру жүйесін енгізу, білім беру квали­фи­кациясының халықаралық стандартына сай мамандықтар тізімін жетілдіру, құрылымы мен мазмұны жағынан халықаралық талаптарға келетін жоғары білім беру бағдарламаларын әзірлеу, оқу процесін ұйымдастыруда студент­тер­­дің ынта-ықыласын арттыру, прогрессивтік жүйе мен технологияны енгізу, білім беру бағдарламалары мен инсти­тутын аккредиттеу жүйесін құру, т.б. кіреді. Сон­дай-ақ, бүгінгі күні еліміздің 30 жоғары оқу орны Болон декларациясының негізі болып табылатын Университеттердің ұлы хартиясына қол қойды. Білім беру саласындағы халықаралық ынты­мақ­тастықтың нақты дәлелі – Қазақстан, Тәжік­стан, Қырғызстан және Исмаилиттер Имаматы қатысуымен ашылатын Орталық Азия универ­си­теті дер едік. Аталған елдер ара­сын­дағы келісімге орай оның алғашқы іргета­сы 2010 жылдың мамыр айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен аса мәрте­белі Ага Ханның қатысуымен қаланбақ. Жалпы, жоғары білім саласындағы басты жаңалық – 2010 жылдың шілде айында Астана қаласында ашылатын Назарбаев университеті болады. Халықаралық деңгейдегі университетте ақпараттық-коммуникациялық технологиясы; өнер және әлеуметтік ғылымдар; инжиниринг және технология; жаратылыстану ғылымдары институттары жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Жоба әріптестерінің қатарында: Корей поли­техникалық университеті, Нью-Джерси технологиялық университеті, Кент мемлекеттік университеті, Питтсбург университеті, “Айдын” Ыстамбұл университеттері бар. Сонымен қатар, осы жобаны іске асыру барысында білім беру, ғылым және өндірісті интеграциялаудың жаңа моделі құрылады, бірегей академиялық орта қалыптаса­ды. Еліміздің бас қаласы — Астана­ның Еуразия­ның білім беру және ғылыми орталығы ретіндегі рөлі артады. 2009 жылғы 27 наурызда техникалық және кәсіптік білімді дамыту мәселелері “Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білімді дамытудың 2008-2012 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасын заңнама­лық тұрғыдан қамтамасыз ету” туралы парламенттік тыңдалымда қаралып, Қазақстан Республика­сында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған Мем­лекеттік бағдарламасы бекітілді. Онда шетелдік сарапшылардың қатысуымен ТжКБ жүйесінің мазмұнын жаңарту, еңбек рыногы­­ның талап­тары­­на сәйкес жаңа МЖМБС-ын әзірлеу, қазіргі заманғы өндірістің талаптарына сәйкес жұмыс берушілерді, әлеуметтік серіктес­тік­те­рді тартумен оқу орындарының материал­дық-техникалық базасын жаңарту, оқытудың жаңа технология­ларын енгізу қарастырылған. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру саласында әлеуметтік серіктестік пен халықара­лық ынты­мақ­тастықты дамыту да көзделген. Осы бағытта қазір көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Өткен жылы Астана қаласында “Казақмыс” ЖШС қаражаты есебінен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 300 оқу орындық кәсіптік лицей ашылды. Атырау қаласында 700 оқушы орнын құрайтын мұнай-газ саласы үшін кадрларды даярлау және қайта даярлау өңіраралық орталығының, Астана қаласында 800 оқушыға арналған кәсіптік лицейдің, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бәйдібек ауданының Шаян ауылында 180 талапкерге лайықталған жатақханасы бар 360 орындық кәсіптік лицейдің құрылысы жүргі­зілу­де және Екібастұз қаласында отын-энер­­гетика саласы үшін техникалық кадрларды даярлау және қайта даярлау жөніндегі өңірара­лық орталығының құрылысы басталды. Өске­мен қаласында машина жасау саласы үшін өңіраралық орталық құрылысын салу бойынша жобаның сметалық құжаттары әзірленді және Индустрия және сауда министрлігіне мемлекет­тік сараптамаға жіберілді. Шымкент қаласында өңдеу саласы үшін өңіраралық орталықтың құрылысы жобасының құжаттары әзірленді. Техникалық және кәсіптік оқу орындары желісі 16 бірлікке (5 мемлекеттік және 11 жеке­мен­шік) артты және 882 оқу орнын құрады, оның ішінде 513-і мемлекеттік болса, 369-сы жекеменшік. Жергілікті бюджет есебінен ТжКБ оқу орындарының материалдық-техникалық базасы 1,4 млрд. теңгеге жаңартылды. 180 техникалық және кәсіптік оқу орындарына 3.7 млрд. теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді. Жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес құзыреттіліктер негізінде ТжКБ-ның 72 мамандығы бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, 65 мамандық бойынша біріктірілген білім беру бағдар­ламалары, 720 арнайы пән бойынша үлгілік оқу бағдарламалары әзірленді. Педагогтар біліктілігі арттырылып, шетелмен тәжірибе алмасу да жақсы жолға қойылып келеді. 2009 жылы көптеген оқу орындары 16,2 мыңнан астам кәсіпорындармен техникалық қызмет көрсету еңбегінің мамандарын даярлау жөнінде келісімдер жасады. Нәтижесінде, кәсіп­орын­дар өндірістік тәжірибеден өту үшін оқу­шы­ларға 48 мың жұмыс орнын берді. Әріптес­тіктің тиімді тетіктерін талдау және пысықтау мақ­сатын­да 2009 жылғы 20 қарашада Астана қала­сында “Кәсіптік білім беру және бизнес: серік­тес­тер сұхбаты” атты екінші халықаралық форум ұйымдастырылды. Форумда техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуды қолдау қорын құру туралы Білім және ғылым, Энерге­тика және минералдық ресурстар министрлік­тері және “Атамекен одағы” Ұлттық экономи­ка­лық палата­сы” арасындағы меморандумға қол қойылды. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөнінде ТжКБ жүйесінде жұмыстар жалғасын табуда. 24 техникалық және кәсіптік оқу орын­дары ынтымақтастық жөнінде белгілі ұлыбри­тан­дық колледждермен, оның ішінде Кембридж аймақтық колледжімен 14 келісімге қол қойды. Министрлік пен UCPMІ (Франция) Кон­сорд Консалтинг тобы, GEMCO ІNTERNATІONAL BV компаниясы, FONTYS (Голландия) қолданбалы ғылымдар университеті арасында екі ынтымақтастық ниет білдіру хаттамасы жасалды. “Жол картасын” іске асыру шеңберінде оқу орындары базасында 100 926 адамды даярлау мен қайта даярлауға 10 млрд. 783 млн. тенге қарас­тырылды. Оқу орындары 170 мамандық бойынша жаңа оқу бағдарламаларын әзірледі. Облыстық, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің өткен жылдың 25 желтоқсанын­дағы мәліметіне қарасақ, бөлінген 9 млрд. 470 млн. теңгеге 95,6 мың азамат қалаған мамандығы бойынша оқуға және қайта даярлау курстарына қамтылыпты. Соның ішінде: жұмыс­сыз­дарды қайта даярлау үшін – 64,6 мың, мем­лекеттік тапсырыс бойынша кадрларды даярлау үшін – 20,2 мың, шетел мамандарын қазақстандық кадрлармен алмастыру үшін мамандар даяр­лауға 10,8 мың адам тартылды. Қайта даярлау курсын 55,5 мың адам аяқтап, олардың ішінен 30,7 мыңы жұмыспен қамтылды. Қазақстанның әлемдік сахнадағы рөлі әр саладағы түрлі ғылыми жетістіктермен өлшене­ді. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, еліміз ТМД елдері ішіндегі алдыңғы қатардағы елдердің санатына жатады. Бұл тек экономи­ка­лық көрсет­кіштерге ғана емес, сондай-ақ өмір сүру сапасына да қатысты. Мұндай бағалау критерийлерінің бірі – елдің ғылым-білім саласының жағдайы. Азия Даму банкі ұйым­дастырған “Білім және кәсіби дағды: Азия мен Тынық мұхиты аймағындағы елдерді жеделдетіп дамыту стратегиясы” зерттеуінің нәтижесі бойынша, Қазақстан Азия елдері ішінде білім дамуы индексі бойынша 1 орынды иеленді (EDІ). Біз 177 елдің ішінде сауаттылық деңгейі бойынша 14-ші орындамыз. Оған қоса, бәсекеге қабілет­тілік­тің жаһандық индексіндегі ғылыми көрсеткіш­теріміз айтарлықтай өсті. “Бастауыш білімді қамту”, “Ересектердің сауат­тылық деңгейі”, “Гендерлік индекс”, “Бас­тауыш сыныптық білімі барлар үлесі” сияқты көрсеткіштер бойынша бірқатар елдерді басып оздық. Қанша дегенмен, әлемнің кез келген еліндегі жағдай осындай халықаралық зерттеулер рейтингімен өлшенетінін ескерсек, бұл біз үшін жағымды жаңалық. Қазақстандық оқушылар алғаш рет “Мате­ма­т­ика мен жаратылыстану пәндерін зерттеу­дегі халықаралық тенденция” жобасы шең­берін­де (The Trends іn Іnternatіonal Mathematіcs and Scіence Study – TІMSS) өткізілген әлем елдері мектеп оқушыларының математика және жаратылыстану (физика, химия, биология) пәндері бойынша халықаралық сараптамалық зерттеуге қатысты. Оқушыларымыз халықара­лық емтиханнан сүрінбей өтіп, 5 және 11 орындарға ие болды. Еліміздің сапалы кадр әлеуетінің қалып­тасуында президенттік “Болашақ” бағдарлама­сы­ның рөлі зор. Жыл сайын осы бағдарлама бойынша 3000 студент шетелдерде білім алады. Өткен жылы оқуға жіберілетін кейбір жоо тізіміне үміткерлердің жас ерекшеліктеріне қатысты бірқатар өзгерістер енгізіліп, ауылдық жерде оқитын жастар мен мемлекеттік қызмет­кер­лерге квота қарастырылды. Қорыта айтқанда, айқындалған міндеттерді мүлтіксіз іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Білім және ғылым министрі.