17 Наурыз, 2017

Ширек финалға шыққандар анықталды

160 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
УЕФА Чемпиондар лига­сының 1/8 финалының барлық кездесулері аяқ­талды. Осы аптада тағы төрт ойын өтті. Ши­рек финалға шыққан «Бар­селона», «Реал», «Ба­вария», «Боруссия Д» коман­даларының қата­рына «Лестер», «Монако», «Ювентус», «Атлетико» клубтары қосылды. Футболдың табыс көзіне айналып кеткені жасырын емес. Чемпиондар лигасы да коммерциялық турнир. Мұндай жоғары дәрежелі бәсекеде қар­жысы көп командалардың алыс­қа шабатыны жасырын емес. Өткен жылы күтпеген жерден Англия премьер-лигасын ұтып алған «Лестер» биыл Еу­ро­паның беделді турнирінің үз­дік сегіздігінің қатарына еніп отыр. «Лестер» топтық кезеңде «Брюгге», «Копенгаген», «Пор­ту» секілді Еуропаның ортаң­қол командаларын артқа тастап, плей-оффқа бірінші орынмен шықты. 1/8 финалда жеребе Испанияның «Севилья» клубымен жолықтырды. Үш жыл қатарынан Еуропа лигасын ұтып алған «Севильяны» бұл жұптың фавориті санағандар көп болды. Алғашқы ойында Пиреней түбегінің командасы 2:1 есебімен жеңіске жетті. Сол матчта алаң иелері сапынан Хоакин Корреа пенальти соға алмаған болатын. Осы ойыннан кейін был­тырғы жылғы «Лестердің» таң­ғажайып жетістігінің авторы, бас бапкер Клаудье Раньери қызметінен кетті. Оның орнына Крэйг Шекспир тағайындалды. Сырттан келген емес, клубтың өз ішінде жүріп жетілген маман. Сегіз жыл бойы «Лестер» клу­бының отымен кіріп, күлімен шыққан тәжірибелі бапкер. Құдды Раньеридің кеткенін қалап жүргендей «Лестер» қата­рынан үш кездесуде жеңіске жетіп үлгерді. Ішкі чемпио­натта «Ливерпуль» мен «Хал Сити» клубтарын қапы қал­дырды. Чемпиондар лигасында «Севильяның» осал тұсын тауып, келесі кезеңге жол­дама алды. «Кинг Пауэр» стадио­нын­дағы ойында екі таймда екі гол соғылды. Алдымен Ма­рездің пасын қорғаушы Уэсли Морган өз керегіне жаратты. Үзілістен кейін Марк Олбрайтон мергендік танытты. Матчтың 74-минутында Вардидің арандатуына алданып қалған Самри Насри екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Сөйтіп, «Севилья» 10 ойыншымен қалды. Дегенмен, есепті қыс­қартатын мүмкіндіктері болған еді. Алайда, бұл жолы пенальтиден Стивен Н’Зонзи мүлт кетті. Сөйтіп, «Лестер» қақпашысы Каспер Шмейхель екі матчта қатарынан пенальти қайтарды. Туриннің «Ювентус» командасына жеребе жолдас болған тәрізді. Массимилиано Аллегри шәкірттері «Портумен» кездесіп, екі ойында 3 гол соғып, қақпаларын «құрғақ» ұстады. Жауапты ойында Дибаланың пенальтиден соққан голы алаң иелеріне жеңіс әкелді. Порту­галияның екі командасы да жарысты 1/8 финалдан аяқтады. Мұның алдында «Бенфика» Германияның «Боруссия Д» клубына жол берген болатын. «Лестер» секілді алғашқы ойында ұтылғанымен, қарымта матчта мәселені шешіп, ширек финалға жолдама алғандардың қатарында «Монако» да бар. Алғашқы кездесуде Хосеп Гвар­­диола жаттықтыратын «Ман­­честер Ситиге» (5:3) есе жі­­берген Франция клубы бұл жолы ағылшындарды 3:1 есе­бімен ұтты. Екі коман­даның голдарының бірдей бол­ғанымен, өз алаңында бір ғана доп жіберген «Монако» келесі кезеңге өтті. Еуропадағы футбол мамандары «Анридің ізбасары» деп атап жүрген 18 жастағы шабуылшы Киллиан Мбаппе бұл ойында да көзге түсті. Бір кездері 160 миллион еуроға Фалькао, Хамес Род­ригес, Жоау Моутинью секіл­ді жұлдыздарды сатып алып, суперклуб жасағысы келген «Монако» президенті Дми­трий Рыболовлев 2014 жылы бұл көзқарасын өзгертті. Бұрын­ғыдай жұлдыздарды емес, академия түлектеріне назар аудару керектігін түсінді. Сол философия көп уақыт өтпей, өз жемісін бере бастады. Биылғы маусымда «Мона­коның» шабуыл шебі Еуропада тек «Барселонаға» ғана жол береді. Әйтпесе, 29 ойында 84 гол соғып, төске өрлеп тұр. Қазірдің өзінде Бернарду Силва, Фабиньо, Тьемуэ Бакайоко, Тома Лемар, Бенжамен Менди, Киллиан Мбаппе секілді талант­тарға «Реал», «Манчестер Юнай­тед», «Арсенал» секіл­ді ко­мандалар ерекше қызығу­шылық танытып жатыр. Аталған жас футболшылар «Манчестер Ситидің» Агуэро, Давид Сильва, Кевин де Брейне бастаған жұл­дыздарын тоқтата алды. Мұн­дайда тек ризалықпен қол соғу керек шығар! Соңғы жұпта «Атлетико» мен «Байер» кездесті. Бар мә­селе Германиядағы алғашқы ойында 4:2 есебімен шешіліп қойған болатын. Сондықтан, Мадрид командасы гол соғуға асықпады. Ал қорғаныста сауатты ойнап, келесі кезеңге өтті. Бек ТӨЛЕУОВ, журналист АСТАНА