17 Наурыз, 2017

Студенттерді жатақханамен қамтудың жолы қандай?

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сенаттың жалпы отырысында В.Редкокашин бастаған бір топ депутат Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атына сауал жолдады. Онда былай делінеді: «Астана медицина универси­теті» АҚ пен Л.Н.Гумилев атын­­дағы Еуразия ұлттық университетін­­де өткен жұмыс кездесулері кезін­де аталған университет ұжым­дары өңірлерден келген студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне қатысты қалыптасқан ахуал туралы айтты. Бүгінде елордадағы ұлттық жо­ғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің саны 18 000 адамды құрайды. Оның ішінде тек қана Л.Н.Гумилев атындағы уни­верситетте 16 847 студент оқиды, олардың 4 561-і ғана жатақханамен қамтылған. Астана медицина универси­тетін­де қалыптасқан жағдай одан да күрделі. Университет сту­дент­терінің жалпы саны 6 774 адам болса, олардың 3 500-іне жатақ­хана керек, 2000-нан астамы жатақ­ханаға өте зәру деуге болады (ха­лық­­тың аз қамтылған бөлігінен шық­­қан балалар, жетім балалар, көпбалалы отбасынан шық­қан бала­лар және т.б.). Астана медицина университеті құрылғаннан бергі аралықта бір ға­на жатақхана салыныпты. Ол Же­ңіс даңғылы, 35, 35А мекенжайын­да орналасқан, 1974 жылы салын­ған ғимарат. Барлығы 980 адамға арналған. 2012 жылы университетке сту­денттер жатақханасын салу үшін жер телімі бөлінген. Алайда, рес­пуб­лика бойынша бірқатар бағ­­дарла­ма­ны қаржыландыру қыс­қарып, Ұлттық экономика министр­­­лігі университетке арналған жатақ­­хана салуды даму жоспарынан алып тастаған, жер телімі мемлекет­­ке қайтарылған. Осылайша, атал­ған оқу орындарында жатақхана жетіспеушілігі өзекті күйін­де қалып келеді, ал жаңасын салу бюджеттен мол қаражат бөлуді қажет етеді. Осыған байланысты, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өткеннен кейін босаған тұрғын үйлерді Студенттер үйіне айналдыру қалыптасқан ахуалды шешудің жолы деген ойдамыз. Бұл Студенттер үйлерінде Астана медицина университетінде, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және басқа да елордалық жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер тұрар еді».