17 Наурыз, 2017

«Қазақ хандығы» телехикаясы 19 наурызда көрсетіледі

203 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Қазақ хандығы» тарихи хикаясының бірінші бөлімін осы жексенбіде отандық телеарнадан тамашалауға болады, деп хабарлайды «Қазақфильм» АҚ-ның баспасөз қызметі. Наурыз мерекесіне орай 19 наурызда «31 телеарнада» ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-ның қатысуымен түсірілген «Қазақ хандығы» тарихи сериалының телевизиялық көрсетілімі басталады. Бұл ауқымды тарихи жобаның авторы - ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев. Фильмнің сценарийі Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша жазылған. Фильмнің режиссері - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдірашев. - Хикаяның кино нұсқасы - «Алмас қылыш» фильмі кейбір отандастарымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. «Қазақ хандығы» сериалында фильмге кірмей қалған тартымды эпизодтар мен қызықты оқиғалар өте көп, сондықтан да бұл хикая көрермендердің көңілінен шығатынына күмәнім жоқ, - деді режиссер Рүстем Әбдірашев. «Қазақ хандығы» тарихи хикаясының бірінші бөлімін осы жексенбіде, наурыздың 19 күні сағат 22:00-де «31 арнадан» тамашалауға болады.