18 Наурыз, 2017

Қызылордада «Saraptime»-ның кезекті отырысы өтті

163 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Қызылорда қаласындағы Достық үйінде «SarapTime» сарапшылар клубының «Жаңа Конституциялық кезеңдегі Қазақстан» тақырыбындағы кезекті отырысы өтті. Заң ғылымдарының кандидаты, «ҚР Заң институты» гуманитарлық университетінің жетекші ғылыми қызметкері Мереке Ғабдуалиев шараның басты спикері болды, сондай-ақ аймақтағы сараптамалық қоғамдастық өкілдері қатысты. Сарапшылар клубының 2017 жылғы алғашқы отырысы билік тармақтары  арасындағы өкілеттіктерді қайта реформалау аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен болған Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген жаңа түзетулерді талқылауға арналды.

- Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда бүкілхалықтық Конституциялық реформаның жобасын талқылау аяқталды. Билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта реформалау жөніндегі жұмыс тобына 6  мың азаматтан өтініш келіп түсті. Азаматтардың пікірін ескере отырып, Парламент заң жобасын бекітті. 10 наурыз күні Мемлекет басшысы Конституцияға енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Сарапшылар қауымдастығының ендігі басты мақсаты – түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Сондықтан біз конституциялық құқық бойынша тәжірибелі заңгер Мереке Ғабдуалиевты шақырдық,- деді кіріспе сөзінде отырыстың модераторы, Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі Артур Нығметов.

Спикер Мереке Ғабдуалиев билік тармақтарын қайта бөлудегі негізгі пункттер мен оның салдары туралы айтып берді.

- Ұзақ уақыттар бойы біз президенттік республикада өмір сүрдік және соның арқасында заңнамалық реформалардың теріс тұсы болған жоқ. Бүгінде біз Елбасының конституциялық деңгейде өз өкілеттілігінен бас тартып, Парламент пайдасына шешіп отырғанын көріп отырмыз. Сонымен қатар басқару моделі президенттік болып қалады,- деді М.Ғабдуалиев.Осыдан кейін сарапшы отырысқа қатысушылардың сауалдарына жауап берді.