16 Қаңтар, 2010

ҚАҢТАРДАҒЫ ҚАР ЫРЫС КӨЗІ БОЛА АЛА МА?

2767 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Былтырғы жаңа жылды батысқазақстандықтар қара шаңмен қарсы алғаны да ұмытыла қойған жоқ. Ал биылғы жағдай одан өзгерек. Қысқы ылғал шө­ліркеп жатқан Шалқар көліне, жанталасып жатқан Жай­ыққа, шарқ ұрып жатқан Шағанға нәр болып тамса игі. Батыс Қазақстан гидрометеорология орталығы­ның мәлімдеуіне қарағанда, қаң­тар­дың оныншы жұлдызында Орал қаласы ма­ңын­да 22 миллиметр қар жауған. Бұл орта есеп­пен алғанда бір айда түсетін ылғал мөл­ше­рімен деңгейлес. Метеорологиялық жыл­нама деректеріне сүйенсек, дәл осы кезеңде Оралда қардың осындай мөлшерде мол түсу көрінісі ұзақ жылдардан бері тіркелмеген. Айталық, 1963 жылғы қаңтар айының бір күнінде 19,2, ал 1984 жылғы 12 қаңтар күні 21,6 миллиметр қар түскен. Бұл алдағы ырыс көзі бола ала ма? Оған біржақты жауап қайтару қиын-ақ. Өйткені әлгінде айтылғандай, мол қар мөлшері тек Орал қаласы маңында ғана түскен. Облыс аудандарында мүлдем қар жаумаған. Сол 10 қаңтар күні біз облыс орталығынан екі жүз алпыс шақырым қашықтықта орналасқан Жаңақала ауданында іссапарда жүргенбіз. Мұнда қардың қылтанағы да болған жоқ. Біз жоғарыдағы сауалды су ресурстарын пай­далануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы Батыс Қазақстан облысы бойынша бөлімі­нің бастығы М.Үмбетияровқа қойдық. – Менің ойымша, Орал қаласы маңын­да түскен мол қар ырыс көзі болып жарыта алмайды. Өйткені, ол нығыздалмаған ұлпа, өте жеңіл қар. Күн жылынған кезде жерге тез сіңіп кетеді. Оның үстіне облыс аума­ғын­да, соның ішінде Орал қаласы маңында жер асты сулары соңғы жылдары тым тө­мен­деп кетті. Яғни, ылғал мөлшері қалыпты деңгейден үш-төрт есе төмен. Өткен жылы Ақжайық өңірінде құрғақшылық орын алды. Бұл жағдайды одан әрі күрделендіріп жіберді. Дегенмен, қыстың ортасына енді жетіп отырмыз. Алда әлі ылғал түсетін күн­дер күтілуде. Сондықтан түбегейлі байлам жасауға әлі ертерек деп ойлаймын. Мәлік Мағалымұлы өз ойын осылай тұ­жы­рымдады. Бұл пікірге қоса айтайын деге­ні­міз, осыдан шығатын тағы бір мәнді мә­се­ле бар. Егемендік алғаннан кейінгі кезеңде біз көк­тем­де болатын тасқын судың мөл­ше­рі­не де алаң­дай­тынды шығардық. Бұл тіпті жылдан-жылға үлкен саяси рең алып бара жат­қандай. Осы арада қайтіп, қалай, неге деген сауалдар­дың туын­дауы да орынды. Не­ге­сі сол, Ресей мен Қа­зақстан аума­ғын­да­ғы транссшекаралық өзен­дерде көктем кезінде тасыған су мөлшері екі мемлекетке 50 де 50 деген тепе-теңдік бойынша бөлінуі керек. Өйткені, 1992 жылы Ресей мен Қазақстан мемлекеттері арасында болған келісімде осындай мәлімдеме жасалған. Одан кейінгі жылдары өткізілген халықаралық ке­лісім­дер­де де осы тұжырым алға тартылып келе­ді. Дегенмен, бүгінде осы тәуелсіздіктің елең-алаңында жасалған келісімді қайтадан жаң­ғырту мен нақтылаудың да уақыты жеткен секілді. Өйткені, нақты іске келгенде бұл келісім орындала бермейтініне де дәлелдер жет­кі­лік­ті. Айталық 1994 жылы Еділ өзенінің жо­ғарғы жағынан тасқын су мөлшері күтпеген жерден тым жойқын түрде келгендіктен Қаз­талов ауданын су басып қалды. Ал кейінгі жылдары бұған керісінше көріністер орын алуда. “Батыссушар” МРК директорының орынбасары Мұқан Сері­қа­лиев­тің газет тілшісіне қайтарған жауабына қарағанда Ресейдің Саратов облысы аума­ғын­дағы Александров Гай, Питерка, Ново­озен кенттері маңында мызғымастай пла­ти­на­лар мен бөгеттер салынып тасталған. Мұн­дай жағдайда елу де елу деген пропор­ция­ның сақталуы неғайбыл. Халықаралық келісімдер мен нормалар бойынша қыс айларында транссшекаралық өзендер маңында түс­кен қар мен ылғал мөл­шері арнайы стансалардың көме­гімен мұқият есепке алынып отыруға тиіс. Қыс мау­сы­мы кезіндегі мұндай соңғы есеп 1 наурызда жа­сал­мақ. Осы ылғал мөлшері, жоғарыда айтылғандай, Қазақ­стан мен Ресейдің көршілес өңірлеріне тең бөлінуі керек. Яғни, қысқы қар, одан пайда болатын тасқын су – ертеңгі ырыс көзі. Басты мақсат оны зардапсыз, тиімді пайдалана білуде. Батыс Қазақстанда мұндай оң тәжірибелер мен дағдылар қалыптасып үлгерген. Шынтуайтына келгенде соңғы жылдары Ақжайық өңірінде қыс кезінде қар жаумайтын болып жүр. Былтырғы жаңа жылды батысқазақстандықтар қара шаңмен қарсы алғаны да ұмытыла қойған жоқ. Ал биылғы жағдай одан өзгерек. Қысқы ылғал шө­ліркеп жатқан Шалқар көліне, жанталасып жатқан Жай­ыққа, шарқ ұрып жатқан Шағанға нәр болып тамса игі. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.