14 Қыркүйек, 2011

Скрипканың сұлу үнін бағындырған қыз

555 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мәдениеттің тұнығы музыка өнері десек, сол сыңғырлаған музыка өнерінің түбінде жатып-ақ көзге түсетін жауһар тасы – талантты музыкант. Қобыз үні жан-жүйесін сиқырлап тастаған қазақы тыңдарманға әлемді тербеген классикалық әуез де жат емес екен. Бұл сөзімізді жас та болса есімін жаһандық дәрежеге көтеріп келе жатқан жас талант, қазақтың скрипкашы қызы Айша Оразбаева өз өнерімен дәлелдеп берді. Араға адам жүгір­тіп, не болмаса үл­кен қара­жатсыз қозғалғысы келмейтін есепшіл «өнер­паз­дар» кө­бейіп кет­кен заманда, Айша үйінде отырып-ақ өз жетістіктерін алға тартып, ғаламтор арқы­лы Италиядағы БҰҰ-ның му­зыкалық колледжіне құжат­та­рын жолдап жіберген-ді. Көп ұзамай Ораз­баевтар отбасына итальян тілінде жазылған оқуға шақыру жолдама-хаты жетеді. Әлемнің 70 елінен құ­жат тапсырған талантты­лар­дың ішін­дегі тек екі-ақ адам­ның басына қонатын бақ! Сол кезде Айша қыз небары 16 жас­тағы көкөрім бала еді. Енді, міне, араға уақыт тастап та­ланты толысып, өнері шың­дал­ған хас шебер Айша Оразбаева Қазақ елінің Тәуелсіз­ді­гіне 20 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік ака­демиялық сим­фониялық оркес­трінің сүйе­мел­деуі­мен өзінің арнаулы концертін өнерсүйер қауымға ұсынып отыр. Бір кездері скрипкасын құшақтап Ыстамбұл арқылы Италияның Триест қаласына хас өнерді іздеп кеткен қыз зал толы көрерменнің жү­ре­гін алғашқы пернеден-ақ селт еткізіп, Батыстың ақсүйек­те­рін тәрбиелеген ғажайып күй, шыңғырлау үнмен баурап тас­­та­ды. Күнделікті теледидардан тамашалап жүрген әлем­дік атышулы скрипка ше­берлерімен шендесе ойнамаса, сиқырлы күйді олардан кем төкпейді. Бәрінің тар­та­ты­ны бір скрипка, бәрінің орын­дай­тыны бір концерт. Алайда Ай­шаның сойы өз­геше, аспапты сөйлету мәнері ешкімге ұқ­са­май­тын өзіндік қалып. Парқы төмен ызы-қиқу жасанды эстрадалық шу­дан тұнып қалған құлағымыз осыны таныды. Жас таланттың туған ор­та­сы мен қол жеткізген жетістіктеріне аз-кем тоқтала кетейік. 1985 жылы Алматы қа­ла­сында, өнерлі отбасында дү­ние­ге келген Айша К.Байсейітова атындағы республика­лық дарынды балаларға ар­нал­ған музыкалық мектепті үздіктердің алды болып тәмам­дады. Аяғын апыл-тапыл бас­қан­нан өнер мектебінің та­балдырығынан аттауы да заң­дылық. Өйткені, Айшаның атасы Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев секілді өнердің өріне шыққан біртуар азамат болса, әжесі Света да жүгірген баладан жетелі жігітті тәрбиелеп шығарар са­ли­қалы жан. Ал құрсағына са­лып көтерген анасы «Дала­дағы қуғын» фильмі мен «Тағдыр тоғысында» ұлттық сериялдарынан көпшілікке танымал сүйкімді әртісіміз Гүлнәр Досматова. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Ита­лия­дағы Әлемдік біріккен колледжді және «Трио ди Триеста» музыка мектебін бітіріп, Лондондағы Корольдік му­зы­ка академиясында сабақ ал­ған қазақтың тұңғыш скрип­ка­шысы. Аталмыш оқуға түсу дүниедегі талай өнерлі жас­тың қиялындағы арман ғана. Президенттік «Болашақ» бағ­дарламасының стипендиаты, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның қол­­дауымен берілетін халық­аралық «Trio di Trieste» сти­пен­диасының иегері. DipRAM академиясының мәртебелі дип­ломына магистр дәрежесінде 2010 жылы қол жеткізген бір­ден-бір қазақстандық өнер­лі жас. Осы Академияда скрип­кашы қызымыз есімдері әлем­дік музыка көгінде үлкен құрметпен аталатын Лидия Мордкович, Ремуса Азоитея және Клио Гулд секілді профессорлардан сабақ алды. Бұл таңда Айша дүние жүзін шарлап жүріп концерт қояды. Жу­ырда ғана Америка Құрама Штат­тарының Принстон қала­сын­да, Мадрид пен Венада өнер көрсет­ті. Сонымен қатар, ол Еу­ропаның, Орталық Азия мен Гон­конгтың үлкен сахналарына тұрақты ш­ы­ғып тұрады. Испанияда өткен Сан­тандер, Ұлы­бри­та­ниядағы Аль­­­дебург, Австрияның Клангшпурен секілді фести­валь­дарына қа­ты­сып, Лондондағы Вигмор за­лын­да, Париждің Сала Трипкович, Триеста және Салле Плейел залдарында скрипканың әсем үні­мен өз тыңдармандарын класси­ка­лық музыкамен сусындатқан. Нотаға қарап шебер ойнауға машықтанып, тек орындау­шы­лық деңгейде қалып қоймай, Айша заманымыздың белгілі ком­по­зиторлары Йоханнес Мариа Штауд, Пьер Булез, Сэр Харрисон Бёртвисл және Питер Зиновьев секілді әйгілі өнер шеберлерімен бірлесе жұмыс істеп, күні кеше ғана «OUR» электронды күйсандығы мен скрипкаға ар­нал­ған концертті жазып шықты. Бұл аз болса, Сэр Колин Дэйвис, Франк Оллу, Золтан Кошиш си­яқты дәулескер дирижерлер бас­қаратын еуропалық үлкен оркестр­лердің концертмейстері. London Sinfonietta ансамблімен өнер көр­­­сетсе, Ensemble Modern ансамблімен бірлесіп гастрольдік сапармен Еуропа сахналарында концерт қойды. Лондонның төрінде Ossian Ensemble, Kammerklang және Azalea ансамбльдерімен әр­іп­тестік тығыз байланыста жұ­мыс істеуде. Осынша еңбегі ескеріліп Айша Оразбаева Англияда Leverhulme, Marjorie Hayward және Thomas C Fitton жүл­де­леріне ие болды. Берлин филар­мо­ниясының концертмейстері То­мас Брандис, Марко Рицци, Захар Брондармен бірге шеберлік сыныптарын өткізіп үлгерді. Ав­стрия­ның ORF телевизиялық ар­насында, BBC Radio 3 және BBC Radio 4 әуе толқынында 7 миллионнан астам өнерсүйер қауым­ды скрипканың сазына бөледі. Келешекте Бразилияның Сан-Пау­ло қаласында концерт қоюды, француздың Radio France радио арнасы үшін арнайы Мартин Маталонмен бірлескен жоба ая­сын­да Парижде концерт өткізуді жос­парлап отыр. Батыс мәдение­тін­дегі классикалық өнер ше­берлерінің бірі Гельмут Лахенманнмен бірге Берлинде, ал би­ылғы қазан айында Ұлыбри­та­нияның аты әйгілі залдарының бірінде жеке концертін өткізсем деген ниеті бар. Ниетіңе жет, назерке өнерлі Айша қыз дейміз! Қашанда қа­зақ­тың тектілігін әлемнің ақ­сүй­ек орталарында өнеріңмен паш ете­­тініңе сенім білдіреміз. Өйт­кені, сен ондай жауапкершілікке лайықтысың һәм міндеттісің. Қанат ЕСКЕНДІР. Алматы. Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.