Мемлекеттік тіл жанашырларын марапаттап, жайлы пәтер беруден басталды
Қызылжар өңірінде де мемлекеттік тілді білудің маңыздылығы мен қажеттілігі барған сайын артып келеді. Соның нақты игі шаралары Қазақстан халқы тілдерінің ХІІІ облыстық фестивалі аясында көрініс тапты. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Кемел Оспанов мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың өңірлік бағдарламасының атқарылуы жайлы баяндап берді. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сергей Бородин өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің чешен-ингуш бөлімінің мұғалімі Мария Ганиева өз тәжірибесімен бөліссе, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Анастасия Сафронова қазақ тілінде мүлтіксіз сөйлеп, салмақты ойларымен жиналғандарды риза етті. Мен –Тәуелсіздіктің төл құрдасымын. Бүгінгі күні Тіл және әдебиет институтында оқып жүрмін. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын жүрек қалауымен таңдап алдым. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақ қолында. Ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деген қағидасын біз сияқты болашақ мамандар әрдайым жадында ұстауы тиіс, деді ол. Фестивальдің ашылу салтанатына арнайы келген көрнекті ғалым, сәкентанушы Тұрсынбек Кәкіш ағамыз ғибратты аталық тілектерін жеткізді. Қазақ тілін ана тіліндей көретін жастарға деген ризашылығын білдіріп, мемлекеттік тілді жаппай меңгеруге шақырды.
Аймақ басшысы Серік Біләлов еліміз Тәуелсіздік алғалы қазақ тілін дамытуға, басқа ұлт өкілдерінің оқып-үйренуіне мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалып отырғанын, ұлтаралық келісім мен достықты нығайтудың, қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың маңызды факторына айналғанын айта келіп, Президенттің «Мемлекеттік тілді, ең алдымен, біздің балаларымыз білуі қажет» деген сөздерін келтірді. Қазақ тілін оқытудың материалдық базасы да жақсарып келеді. Мектеп жасына дейінгі мекемелерде бүлдіршіндер мемлекеттік тілді үйренеді. Биылғы оқу жылында 6 аралас мектеп қазақшаға көшірілді. 18 білім ордасында қазақ тілі сыныптары ашылды. Серік Сұлтанғазыұлы мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға белсене қатысқан бір топ тіл жанашырларына Мәдениет министрлігінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын тапсырды. «Асыл мұра» орталығының мүшесі, жергілікті өлкетанушы Қайролла Мұқанов «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. Ғ.Мүсірепов атындағы аудан – «Мемлекеттік тілді насихаттауда үздік аудан», «Ақжар ауданы – «Мемлекеттік тілді меңгерген үздік аудан» атанды. Таңдаулылар қатарынан облыстық қаржы басқармасы, қылмыстық-атқару жүйесі комитеті облыстық департаменті, қан құю орталығы, Лобанов ауылдық округі, «Асыл мұра» орталығы табылды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге зор үлес қосқаны үшін «ЕС-164/3 мекемесі жалпы білім беретін кешкі мектептің қазақ тілі мұғалімі Таласбай Мұсабаев пен Петропавл қалалық білім бөлімінің мемлекеттік тілдегі құжаттарының редакторы Әлия Жүкеноваға пәтер сертификаттары табыс етілді.
– Тілдер фестивалі апталығы шеңберінде «Тіл – халық жанын танудың кілті», «Отбасы – алтын діңгек», «Тілдарын-2011», «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» секілді сайыстар, олимпиадалар, акциялар ұйымдастыруды белгілеп отырмыз. 27 қыркүйекте көрнекті жазушы Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы Қызылжар өңірінде өтетін болады, – деді тілдерді дамыту және жұмысты үйлестіру бөлімінің бастығы Әсем Сүлейменова.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.