15 Қыркүйек, 2011

Ақпараттық технологиялар: бүгін және ертең

999 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Digital Communications Kazakhstan-2011» көрме-конференциясы басталды. Шараның өтуі Орта­лық Азиядағы сандық индустрия саласында ірі оқиға болып отыр. Себебі үш тарап, Үкімет, бизнес өкілдері және тұтынушылар қазақстандық ин­но­вацияның дамуына байланысты, сондай-ақ ІТ, телекоммуникация, ұялы байланыс, сандық теледидар, кең жолақты интернетке қолже­тім­ді­лік, тарифтер төмендігі, электронды үкімет, «е-коммерция», интерактивті жарнама мен әлеуметтік медиа мәселелерін талқылауда. Үш күндік кон­фе­ренцияның бағдарламасы өте кең ауқымды қамтып отыр. Көрме-конференцияны Премьер-Ми­нистр Кәрім Мәсімов ашты. Өзі бас болып, соңғы технологиялық жетістіктерді шенеуніктер мен министрлер, бас­шылар арасында қарапайым ха­лық­пен байланыс құралы ретінде таратып әрі қалыптастырып келе жатқан Үкімет басшысы ашылу салтанатында АКТ-ның маңызына тоқталып өтті. Көрме-конференцияның маңызы зор. Жеке тұлға ретінде де мен ақпараттық техно­ло­гияларды қолдаушы және белсенді қолданушы санатына жатамын. Өйткені, мұның астарында кез келген ел мен эко­номиканың болашағы тұр. Ұйым­дас­тырушыларға өз ризашылығымды білдіремін. Себебі, бұл Қазақстан үшін ма­ңызды. Қазіргі таңда Қазақстан АКТ са­ласында қарқынды даму жолына түсті. Осы орайда ел Үкіметі алдыңғы қатарлы халықаралық компаниялармен әріптес бола отырып, отандық ком­па­ния­лардың даму мүмкіндіктерін әлем­дік стандарттарға жақындата түспек. Қазақстан экономикасының барлық сала бойынша бәсекеге түсе алатындай қабілеті бар. Бұл тек жоғары дамыған АКТ саласында емес, ол арқылы білім, денсаулық, индустриялық даму және басқа да секторларға шыға аламыз. Сон­дықтан көрме-конференцияның еліміз үшін маңызы зор, деді Үкімет басшысы. Сөз алған спикерлер берген мағ­лұ­маттар да мол болды. Үкімет басшы­сы­нан кейін Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев сөз алды. Ол Қазақстанның АКТ саласының ағым­да­ғы жағдайы мен болашақтағы дамуы ту­ралы слайдты көпшілік назарына ұсынды. Сала дамуының негізгі драйверлері болып табылатын ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым да­муы және жаңғырту, сандық телерадио хабарларын таратуды енгізу, элек­трон­ды қызмет көрсету мен электронды үкімет және тағы басқаларға тоқталды. Ведомство басшысы биылғы жылдың өзінде ғаламтор жылдамдығы барлық тарифтер бойынша 2 есеге дейін өс­кен­ді­гін, оның тек интернет саласында емес, ұялы байланыс жүйесіне де қа­тыс­ты екендігін айтып өтті. «Атап айт­қанда, желі ішіндегі байланыс құны 33%-ға, роуминг баспалдағы 48%-ға төмендеді. Ал қазір министрлік ұялы байланыс желісі арқылы 4 G жобасын жүзеге асыруға дайындалуда. Бұл үшін сәйкес диапазондар бөлінуде. Бола­шақ­та бұл технологияларды Қазақстанда көріп те қалармыз», деді ол. Келесі та­қырып – ескірген көне баламалы теледидардан сандық теледидарға, жаңа технологияларға көшу. Мұнда алғашқы қадам да жасалды. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында сандық теледидар іске қо­сылды. Қысқа мерзім ішінде оны қолданушылар саны 40 мың үйге жетті. Біз осы технология арқылы азамат­та­ры­мыздың 37 отандық телеарнаны кө­руіне қол жеткіздік. Болашақта бұл ба­ғыт бойынша жұмыстарды қарқынды жүргізе беретін боламыз. Бұл технология бізге Қазақстанды 100 пайыз сан­дық пакетпен қамтамасыз етуге және тиісті қызмет түрлерін қолдануға мүм­кіндік береді. Алдағы 2 жыл ішінде 200 мың абонент қамтамасыз етілсе, ал 2015 жылға қарай 300 мың адам осы желімен қамтылады деп күтеміз. Ал­да­ғы жылдың 1 қаңтарынан бастап бай­ланыс операторларымен біріге отырып, ұялы байланыс жүйесі тарифтерін тағы да төмендетеміз, деді министр. Көрме-конференцияда электронды үкімет жүйесін енгізудің артықшылық­тары да сөз болды. «Е-үкіметті» енгізу ар­қылы шартты үнемдеу тиімділігі біз­дің есебіміз бойынша 40,2 млрд.теңгеге жеткен. Асқар Қуанышұлының ай­туын­ша, оған электронды сатып алу, элек­трон­ды құжат айналымы, электронды лицензиялау жүйелерін енгізу арқылы қол жеткізілген. Болашақта бұл көр­сет­кіш өсе түсуі мүмкін, өйткені «Элек­трон­ды үкімет» порталында жаңа қыз­мет түрлері ұсынылмақ. Қазір «Элек­тронды үкімет» порталы интерактивті түрде көрсетілетін 74 қызмет пен 2 мың­ға тарта ақпараттық қызмет түрін ұсына алады. Министрдің болжа­мын­ша, жуық жылдар ішінде тұтынушылар ең көп қолданатын 80 қызмет түрі порталда орналастырылмақ. Халық көп тұ­тынатын бұл қызметтерді мемор­ган­дар­дың барлық сатысына жүгіріп жүрмей-ақ интернет арқылы құжаттарды тез әрі оңай алу мүмкіндігін туғызу мақ­са­тын­да жасалмақ. Байланыс және ақпарат министрлігі жүзеге асырып жатқан басқа да жобалар бар. Олар үкіметтік емес ұйым­дар­мен, өздерін жұмыс барысында сенімді әріптес ретінде көрсете білген интернет ассоциацияларымен жүргізілуде екен. Жобалар қатарында қазақ тілді Википедия сайтын толықтыру, ұйымдардың та­ныстыру сайттары, баспа БАҚ-тар­дың сайт үлгілері, тегін хостинг, BAQ қазақ тілді порталын іске қосу және бас­қалар. Осылайша Қазнет дамуы біртіндеп жолға қойылуда. «Нақты сандармен сөйлесек, домендік атаулар саны 62 мыңға дейін, Қазнет қолданушылар саны 6,5 млн. адамға, қазақстандық сайт­тарды қарау 12,3 млн.-ға жетті», деді Асқар Жұмағалиев. Қазнет дамуы­ның қадау жобаларының бірі – элек­тронды коммерция болып отыр. Элек­тронды ақша жөнінде заң қабылданды. Оның жылдық айналымы 300 млн.долларға жетіп отыр. Ал интернет-жарнама айналымы 6 млн.долларға жуық­та­ған. Министр осы ақпараттарды екшей келе, 2014 жылға қарай элек­тронды коммерция рыногының көлемі 1 млрд. 200 млн. долларға жетуі мүм­кін­дігін жария етті. Бұл сала бойынша министрлік бірқатар заңды құжаттарды толыққанды дайындап, жетілдіру үстінде. Ашылу салтанатында қытайлық Huawei Tehnologies компаниясының вице-президенті Тан Чибин өз компа­ния­сы туралы айтып өтсе, НР иннова­ция­лық орталықтарының директоры Пол Джеремас ақпараттық технологиялар­дың даму үдерісінің шапшаңдығы, SAP EMEA компаниясының вице-президенті Қазақстанда білім экономикасын құ­рудың қозғаушы күштері туралы баяндамалар жасады. Түстен кейін ұялы байланыс туралы Қазақстандағы байланыс операторлары өкілдері өздерінің жаңа мүмкіндіктерін, тәжірибелері мен келешекке бағдарын, жаңа ұялы байланыс инновацияларын жүзеге асыру туралы секциялық оты­рыс­тар өткізді. Сондай-ақ, ұялы құрыл­ғылар мен қосымшалар, сандық теледидар мен цифрлы контент туралы ар­нау­лы секциялар жұмыс жүргізді. Бұл оты­рыстардың барлығы жаңа ақпараттарға толы болды. Ал Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев түстен кейін журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз мәслихатында «Зерде» ҰАКХ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Измайлов, «Digital Communications Ka­zakhstan-2011» көрме-конференция­сы­ның төрағасы Карл Йоханнессон, «Қа­зақ­телеком» АҚ басқарма төрағасы Қуа­нышбек Есекеев, Huawei Tehno­lo­gies вице-президенті Тан Чибин, «Кар-Тел» ЖШС директорының орынбасары Тұңғышбек Батталханов, «Халықара­лық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбек қатысты. Мұнда министр Қазақстанның жоғары технология рыногына қандай ұсыныспен шыға алатындығын, сондай-ақ бола­шақ­та байланыс операторлары жұмы­сын одан әрі тиімді етуге бар күшін салатындығын жеткізді. Қазақстан инновациялық дамуын одан әрі жоғарылатуға мүдделі. Сон­дықтан бүкіл ел аумағына барынша қол­жетімді интернетті жеткізіп, бай­ла­ныс жүйесін дамытуға барынша күш салынуда. Әрине, бұл алдағы бір-екі жыл ішінде атқарыла салатын жұ­мыс­тар емес. Түбегейлі өзгерістер қажет. Өйт­кені, жыл сайын технология сала­сын­дағы жаңалықтар мен жаңғырулар көз ілестірмей түрлене түсуде. Өткен жылы ғана 3G байланыс жүйесі тура­лы сөз қылдық, ал биыл 4G туралы ойла­нып жатырмыз. Сондықтан ел дамуы­ның барынша екпін алуына біз де тілектеспіз. Шараның берер пайдасы мол деп отырғанымыз да осы. Көрме-кон­ференция барысында Тәуелсіздік са­райы­ның ішінде ұйымдастырылған көр­меде әлемге танымал брендтер келушілерге өз жаңалықтары мен соңғы жетістіктерін жарнамалады. Венера ТҮГЕЛБАЙ. -------------------------------- Суретті түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.